Бейсенбі, 02 мамыр, 09:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Тау тұлға – Темірбек Жүргенов

15.04.2023

703 0

Темірбек Жүргенов – ұлттың болашағын ойлап, тіліміз бен діліміздің, салт-дәстүріміздің, мәдени құндылықтарымыздың ұлықталуына айрықша іңкәрлікпен атсалысқан бірегей тұлға. Оның есімі қазақ халқына ғана емес, Орталық Азия халықтарына ортақ тұлға. Осы аптада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Ұлт руханияты жəне Т.Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті.

Шараға отандық және шетелдік ғалымдар, ҚР ҰҒА академиктері, зиялы қауым өкілдері, мемлекет қайрат­керлері, сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Ха­лықаралық «TURKSOY» ұйы­мының бас хатшысы Сұлтан Раев қатысты.

Жиында ұлт руханияты­ның көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің тар­тысқа толы тағдыры, қазақ халқы үшін атқарған еңбегі туралы тың зерттеулер айтылды.

– Халықаралық «TURKSOY» ұйы­мы 2023 жыл­ды түркі әлеміндегі Темірбек Жүргенов жылы деп жа­рия­лады. Мерейтой жылы ауқымды шаралар ұйымдастырылып, Анкарада, Астанада Темірбек Жүргенов туралы кітаптардың таныстырылымы өтті. Алдағы уақытта Өзбекстан мен Қырғызстанда ұлт қай­раткері туралы іс-шаралар өткізілмек. Биыл Түркияда қазан айында «Нарком Жүргенов» қойылымының премьерасы болады, – деді «TURKSOY» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.

«Комиссар Жүргенов» кітабы

Конференция барысында Бейбіт Қойшыбаевтың «Комис­сар Жүргенов» кітабының тұсаукесері өтті. Романда Темірбек Жүргеновтің өмір жолы, өскен ортасы, ел игілі­гін көздеген жанқиярлық ең­бегі, қуғын-сүргінге түскен от­басының ахуалы суреттелген. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғы­лыми кітапханасында «Қа­зақ руханиятының жарық жұл­дызы» тақырыбында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кету керек, жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев, «Арыс» қорының пре­зиденті, «Арыс» баспа­сының директоры, филология ғылым­дарының докторы Әнес Ғарифолла, Мемлекет тарихы институты дирек­торының міндетін атқарушы, ҚР Ұлттық кеңесінің мү­шесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, «Комиссар Жүргенов» кітабының ав­торы, жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, Қ.А.Яcсауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің профессоры, тарих ғы­лымдарының докторы, алаш­танушы Тұрсын Хазіретәлі, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Иманғалиев, Түркия республикасы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Кенан Коч, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика ка­федрасының доценті, филология ғы­лымдарының кандидаты Ұлжан Жанбершиева, «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева мазмұнды баяндама жасады.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: