TRACECA Үкіметаралық комиссиясының 18-отырысында Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша инфрақұрылым жөніндегі жетекші маманы Винни Ван Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты жоспарларымен бөлісті, – деп хабарлайды KAZINFORM
Оның айтуынша, қазіргі жаһандық жағдайда автоматтандырылған әрі тұрақты көлік дәлізін қалыптастырудың маңызы артып отыр.
– Барлық министр мен өкілдер көлік дәлізін экономикалық дәлізге айналдырудың маңызын атап өтті. Бұл дәліз бойындағы елдердің экономикалық өсімін қолдауға мүмкіндік береді, – деді Винни Ван.
Ол Дүниежүзілік банк тобы Транскаспий көлік дәлізін дамыту үшін кешенді тәсіл қолданатынын айтты.
– Біз тек инфрақұрылымдық инвестициялармен шектелмейміз. Сонымен қатар автомобиль және теміржол саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау, операциялық тиімділікті арттыру және өңірлік үйлестіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді сарапшы.
Винни Ванның мәліметінше, алдағы бес жылда Дүниежүзілік банк тобы Орта дәліз жобаларына тағы 7,6 млрд доллар инвестиция салуды көздеп отыр.
– Қазірдің өзінде бірнеше миллиард доллар инвестицияланған. Келесі бес жылда тағы 7,6 млрд доллар көлеміндегі инвестиция қарастырылып отыр. Сонымен бірге қосымша 13,4 млрд доллар тарту жоспарланған, – деді ол.
Спикер Дүниежүзілік банк Орта дәліз бойынша жаңа стратегиялық есеп әзірлеп жатқанын да жеткізді.
– Жаңа есепте сауда ағындары, инфрақұрылымдық олқылықтар, қаржыландыру қажеттілігі, институционалдық реформалар мен климаттық тұрақтылық мәселелері қамтылады, – деп қорытындылады Винни Ван.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
