Түркі инвестициялық қоры (TIF) Дүниежүзілік банк тобы қазынашылығының «Резервтер бойынша кеңес беру және басқару серіктестігі» (RAMP) желісіне қосылды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Вашингтонда қол қойылған келісім аясында тараптар құрылымдық және ұзақ мерзімді серіктестік туралы келісті.
Желіге қатысу қорға өтімділік, тәуекел және қазынашылықты басқару саласындағы халықаралық тәжірибелерге, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің техникалық құралдары мен жаһандық тәжірибесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл ынтымақтастық сонымен қатар TIF-ке аймақтық даму институты ретіндегі тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік береді.
Түркі инвестициялық қорының бас директоры Рамиль Бабаевтың мәлімдеуінше, ынтымақтастық қазынашылық функциясы үшін берік негіз қалауға көмектеседі.
Өз кезегінде Дүниежүзілік банктің өкілі Хорхе Фамильяр TIF-тің қосылуы инвесторлар үшін серіктестіктің маңыздылығы артып келе жатқанын танытатынын атап өтті.
Еске салайық, Түркі инвестициялық қоры өз жұмысын 2024 жылғы мамырда бастады. Сол уақытта оның капиталы 500 млн доллар көлемінде белгіленген еді.
Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге 2023 жылдың 16 наурызында Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті аясында қол қойылған болатын. Құрылтайшы елдер қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
