Израильдегі тұрақсыз жағдайға байланысты Air Astana әуе компаниясы Тель-Авивке барлық рейсті уақытша тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Тель-Авивке кесте бойынша ертеңге жоспарланған рейс Бен-Гурион әуежайының қауіпсіздігі сақталған жағдайда ғана орындалады. Ал одан кейінгі барлық рейс қосымша хабарландыруға дейін тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Air Astana Тель-Авив рейстеріне билет сатуды уақытша тоқтатты. Билеттерді күні бұрын сатып алған, бірақ Израильдегі жағдайға байланысты сапарынан бас тартқысы келетін жолаушылар оны кері қайтара алады.
Әуе компаниясы Израильдегі жағдайды мұқият бақылайтынын атап өтті. Жолаушылар рейстердің мәртебесін компания сайтынан біле алады. Ал билетті қайтару мәселесі бойынша мына сілтемеге өтуді сұрады.
Бүгін Израильге Газа секторынан зымыраннан ондаған соққы жасалды. Шекаралас аудандарға содырлар басып кірген. Израиль армиясы соғысқа дайындық режимі туралы жариялады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!