Бүгін Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Жүнісов Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында халықаралық білім беру саласындағы маңызды құжатқа қол қойды.
Төртжақты ынтымақтастық туралы меморандум Қызылорда облысының білім басқармасы, Чунцин электрондық ғылым және технологиялар кәсіптік университеті, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі және «Чунцин баспасы» компаниясы арасында жасалды.
Аталған келісім техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және еңбек нарығына қажетті маман даярлауға бағытталған.
Меморандум аясында тараптар оқытушылар мен студенттер алмасады. Қытайда білім алатын шетелдіктерді даярлау жүйесі дамиды, бірлескен оқу-тәжірибе орталықтарын, мамандандырылған шеберханалар құру көзделген. Екі тілде оқулықтар мен заманауи цифрлық білім беру ресурстары әзірленеді. Сонымен қатар «Қытай тілі + кәсіптік дағдылар» бағдарламасы енгізіледі. Өндірістік тәжірибеден өту, түлектерді жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейтіліп, білім беру мен өндірісті ықпалдастыратын халықаралық жобалар іске асады.
Сапар Чунцин қаласындағы келіссөздермен жалғасып, білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесу өткізу жоспарланған. Бұл жаңа бастамалар мен бірлескен жобаларға жол ашпақ.
Кейінгі жылдары Мемлекет басшысының және Үкіметтің ерекше қолдауымен аймақтың білім беру саласында 46 заманауи нысан ел игілігіне табысталды. Олардың қатарында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен Қызылорда қаласында бой көтерген еліміздегі алғашқы «Құзыреттілік орталығы» да бар. Бүгінде орталық жастардың кәсіби дағдыларын шыңдауына, тұрақты жұмыспен қамтылуына оң ықпалын тигізіп келеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
