Жұма, 26 сәуiр, 13:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Спортшылар алған асу аз емес

17.01.2023

835 0

Әрбір елдің туы шет елдерде екі жағдайда көкке көтеріледі. Бірінші­сі – мемлекет басшысы ресми сапарлағанда, екіншісі – спортшы жеңіс тұғырына көтерілгенде. Спорт – елдің рухы. Намысын нанға, арын ақшаға айырбастамайтын намысы найзағайдай жарқылдаған спорт сайыпқырандары Сыр елінде аз емес. Сыр өңірі спорттан тәжірибелі аймақ. Күрес, бокс, тоғызқұмалақ, шахмат тағы басқа да спорт түр­лерінен аймағымыз алда екенін мұқым ел мойындайды. Бұл спортқа көңіл бөлгеннің жемісті нәтижесі екені хақ. Осы орайда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбек Ормановпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Айбек Ерғалиұлы, сіз басқарып отырған қалалық спорт бөлімі жұмысына кеңінен тоқталып өтсеңіз. Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі бұған дейін үлкен додаларда спортшылар әзірлеп, олар ел сенімін ақтап келеді. Алдағы уақытта жүзеге асыратын жарқын жоспарларымыз жеткілікті. Біздің басты мақ­сатымыз – ел чемпионаттары мен басқа да спорттық сайыстарда қатысып қана қоймай жеңіс тұғырына көтерілу. Сонымен қатар спорт­тық командалар дайындау күн тәртібіндегі жұмысымыз саналады.

– Бұқаралық спортты дамыту бойынша нендей жұмыстар атқарылуда?

– Бұқаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу – үлкен спортқа алғашқы баспалдақ және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Бұл әлеуметтік зиянды әдеттерден аулақ болып, қоғамдық тәртіп бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың негізгі тиімді құралының бірі. Бөлім тарапынан бұқаралық спорттық іс-шара­ларының күнтізбелік жоспарына сәйкес дене шынықтыру мекемелерімен, спорт мектептері және спорт клубтарымен бірлесіп өткен жылы 151 спорттық іс-шара өткізілді. Бөлім бастамасымен қала көлемінде балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен 83 іс-шара өткізіліп, оған 14081 адам қатыстырылды. Қазіргі таңда Қызылорда қала­сында дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың саны айтарлықтай өсуде. Атап айтсақ, 2021 жылы шұғылданушылар саны 112649 адам, яғни 34,4 пайызды құраса, 2022 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 127838 адамға жетіп, 36,6 пайызды құрады. 2022 жылы Қызылорда қаласының тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында  «KEMEL SPORT» спорт клубы жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында, сауықтыру дене шы­нықтыру жұмыстары жүргізді. Аталмыш қоғам­дық бірлестікте спорттың 9 түрінен (футбол, волейбол, баскетбол, жекпе-жек, үстел теннисі, қазақ күресі, бокс,  тоғызқұмалақ, шахмат) 49 нұсқаушы жұмыс жүргізді. Әр нұсқаушыда 180 тұрғыннан барлығы 8820 адам аптасына 24 академиялық сағат бойынша бұқаралық спорт­пен шұғылданады. 2023 жылға арналған «Бұқаралық спортты дамыту» қызметі бойынша ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу процестері жүргізілуде. Бағдарламаның мақ­саты – жас­тардың бос уақытын тиімді өткізу, сауық­тыру жұмыстарын жүргізу.

– Әдетте біз спорт дегенде бірінші бокс, күрес, футболды айтамыз.   Қалада ашылған спорт мектептерінің ішінде басқа қандай спорт түрі бар?

– Жалпы қаладағы спорт мектептер «Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы» КММ қарамағында. Мектептертің негізгі мақсаты – өздеріне бекітілген спорт түрлерінен құрлықтық чемпионаттар мен Азия, олимпиадалық ойындарға қатысып, ел­дің намысын қорғайтын мемлекеттің құрама командалар дайындау. Қалаға қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубы 2014 жылдан бастап жұмыс жасауда. Басты мақса­ты – бекітілген жоспарға сәйкес қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық спорт­тық шараларды ұйымдастыру, спортпен айналысу. Спорт клубта спорттың 14 түрінен тегін негізде үйірмелер ұйымдастырылып, оған 1396 адам қатысуда.

– Жаттықтырушылар жеткілікті ме?

– Қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында 20 жаттықтырушы жұмыс істейді. Дегенмен қала тұрғындары санының артуына байланысты спорт жаттық­тыру­шылары жетіспеуде. Спорт залдардың жетіс­пеушілігіне байланысты аталған үйірме­лерге спорт залдарды жалға алудамыз.

– Спортта күрес, футбол үлкен сұранысқа ие. Оның үстіне ауылдық жерде орналасқан балаларды спортқа көптеп баулу мәселесі де жиі айтылып жүр. Ауылдық елді-мекендердегі спорт бөлімшелері жұмысы жайында айтып өтсеңіз.

– Ақжарма ауылдық округі, Баймұрат батыр елді мекені, Талдыарал ауылдық округінде 1 жаттықтырушы жұмыс істеуде, Белкөл кентінде шағын футбол, үстел теннисі, еркін күрес, бокстан мемлекеттік тапсырыс бойынша жан басына шаққандағы спорт үйірмелері жұмыс істеуде. Қосшыңырау, Қызылөзек ауылдық округтерінен грэпплинг, жекпе-жек, каратэ, еркін, қазақ күрестерінен, қала орталығынан мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға арналған парапауэрлифтингтен, соқырлар қоғамы жаны­нан тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан үйірмелер  ұйымдастырылып, 2023 жылы аталған ауылдық округтерде үйірме жұмыстары жалғасын тапты. Жалпы қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған спорт секциялары тұрақты қызмет көрсетуде.

– Ендігі кезекте спорт мектептерінде жаттығып жатқан болашақ чемпиондардың жетістігіне аз-кем тоқталсаңыз…

– Өткен жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының спортшылары Қазақстан Республикасы мен Азия чемпионат­тарында және Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 47 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Мұнымен қоса Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасына қарасты спорт мектептерінің спортшылары, Сыр елінің мақтаныштары дзюдодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасында Әлем чемпионы Мағжан Шамшадин, Әсел Серікбай есімін мақтанышпен айтамыз. 7 дүр­кін Азия, 18 дүркін Қазақстан чемпионы, WIM – women international master – әйелдер арасында халық­аралық спорт шебері, шах­маттан ҚР спорт шебері, ҚР ұлттық әйелдер құрама команда мүшесі. 2022 жылы облыс тарихында тұңғыш болып гроссмейстер атанды, олар – қазақ күресінен Қазақстан барысы Мақсат Исағабылов, қазақ күресінен Әлем чемпионы Бекжан Төлепов. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында да үздіктер қатары көптеп шығуда. Атап айтар болсақ, Бәйдібек Аймағанбетов Уфа қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүл­дегері. Ақбаян Жармахан Тараз қала­сында өткен грэпплингтен балалар мен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионы. Севинч Ибрагимова Петропавл қала­сында өткен каратэ-до годзю-рюдан бала­лар және жасөспірім ұлдар мен қыздар ҚР чемпионаты жеңімпазы. Мөлдір Маханбетова Ақтау қаласында  парапауэрлифтингтен ҚР ер­лер мен әйелдер арасындағы чемпионатының жеңімпазы. Нұрмұхаммед Ұзақов Петропавл қаласында өткен каратэ-до годзю-рюдан балалар және жасөспірім ұлдар мен қыздар ҚР чемпионы атанды.

– Жеткіншектер жетіс­тігіне қуанып отырмыз. Осы орайда алдағы жоспар­ларыңызбен бөліссеңіз?

– 2023 жыл көлемінде бөлім тарапынан күнтізбелік жоспарға сәйкес 125 спорттық іс-шаралар өткізеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар республикалық деңгейде шаралар өткізуде жоспарымызда бар. Оның ішінде Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен дәстүрлі республикалық турнир, КСРО спорт шебері Раис Басредитдиновті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында тас жолда республикалық көпкүндік вело жарыс, КАЗССР тренері В.Лиді еске алуға арналған жасөспірім қыздар арасында республикалық көпкүндік вело жарыс,  Қызылорда облысы әкімінің кубогы үшін қаламгерлер арасында шағын футболдан республикалық турнир, КСРО чемпионы М.Сатыбалдиевтің жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында тас жолда республикалық көпкүндік вело жарыс, қала әкімінің жүлдесі үшін стрит­болдан республикалық жарыс. Жалаңтөс Баһадүрге арналған бокстан жастар арасында Қазақстан Республикасы бойынша мықты боксшылары арасындағы турнир Сыр елінде үлкен деңгейде аталып өтпек.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Тұрар Бекмырзаев

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: