Әлемдегі жұмыс орындарының 40 пайызы ЖИ-дің әсеріне ұшырады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде жоғары білімді кадрларды даярлау тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM
— 2022 жылдың қарашасында ChatGPT шықты. Небәрі екі-ақ ай ішінде 100 миллион қолданушы жинады. Сол сәттен бастап бұрынғы «заманауи» деп есептелген дүниелер жеткіліксіз болып қалды. Біз білім беру жүйесін ондаған жылдар бойы дамыттық. Ол логикалық тұрғыдан дұрыс болды, тиімді жұмыс істеді. Бірақ жасанды интеллект бәрін өзгертті. Осыған дейін білім логикасы түсінікті еді. Мамандық бойынша неғұрлым бейінді білім берсең, соғұрлым жақсы көрінетін. Заңгер — құқықты, аудармашы — тілді, есепші — шоттарды білуі тиіс еді. Бұл жүйе тиімді болды. Ал ЖИ пайда болғаннан кейін бұл логика жеткіліксіз болып қалды. Себебі дәл осындай тапсырмаларды ЖИ орташа маманға қарағанда тезірек, дәлірек және тиімді орындайды. Сондықтан біздің бүгінгі міндетіміз — келесі сұрақтарға ашық жауап беру. Біз бес жылдан кейін сұранысқа ие болатын мамандарды дайындап жатырмыз ба? Әлде ескірген экономика үшін мамандар шығып жатыр ма? , — деді Асхат Аймағамбетов.
Осы орайда ол жасанды интеллект еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанын еске салды. Нарықтың өзгеру жылдамдығы білім беру жүйеміздің реакциясынан әлдеқайда жоғары.
— Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) бағалауынша, әлемдегі жұмыс орындарының 40%-ы қазірдің өзінде ЖИ-дің әсеріне ұшырап отыр. Ең қызығы, тарихта алғаш рет соққы зауыттағы жұмысшыларға емес, біз «офис элитасы» деп жүрген мамандарға тиді: заңгерлер, талдаушылар, аудармашылар, бухгалтерлер мен қаржыгерлер бірінші кезекте тұр. Миллиондаған жаңа мамандық пайда болады, бірақ дәл сондай миллиондаған қазіргі жұмыс орны жай ғана жойылып кетеді. Біз үшін ең қауіптісі — бүгін студенттерге аудиторияда үйретіп жатқан дағдылардың 40%-ы 2030 жылға қарай жаңартуды қажет етеді, яғни небәрі төрт жылдан кейін. Бұл — ертеңгі емес, бүгінгі шындық. IBM мен Microsoft сияқты алпауыттар қазірдің өзінде мыңдаған қызметкерін қысқартып жатыр, — деді депутат.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
