Жексенбі, 08 желтоқсан, 02:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Білімдегі оң өзгеріс

19.04.2022

1489 0

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл, – деп ұлы тұлға Шәкәрім Құдайбердіұлы айтып кеткендей, кемел келешек пен кемеңгер тұлға ілім-білімнің жемісі екені анық. Елдің ілгері дамуына да, жас ұрпақтың көзі ашық болуына да алған білімі мен жиған тәжірибесі себепкер. Ұлт болам деген әрбір адам бесігі мен білімін түзеуі шарт. Осы орайда соңғы жылдары қарқынды жұмыс атқарып жүрген, білім саласына біраз өзгеріс алып келген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың білім саласына енгізген соңғы жаңалықтарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ең алдымен, еліміздің бас ұстазы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, министрге жүктелген тапсырмалары туралы баяндасақ. Министр Асхат Аймағамбетовтің Президент қабылдауы­нан кейінгі «Facebook» парақшасына жариялаған жазбасында «Ғылым тура­лы» заңға өзгерістер енгізу жұмыс­тары туралы жазды.

Президент өз Жолдауларында кеңі­нен тоқталып жүрген ғылым саласы­на қатысты тапсырмалар жүйелі орын­далуда. Мәселен, министр Аймағамбетов «Президенттің осы бастамасының арқа­сында енді тарих, қазақ тілі, философия, археология, математика, шығыстану және басқа да пәндер салаларында ғылыми зерттеулермен айналысатын 4 мыңнан астам ғалым тұрақты жалақы алады. Сонымен қатар ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімі бұрынғы 3 жыл­дан 5 жылға дейін ұзартылды. Жас ғалымдарды қолдауға постдокторантура үшін 1 000 грант бөлінді. Одан бөлек жас ғалымдарды қолдауға арналған арнайы конкурстар іске қосылды, олардың шеңберінде қазірдің өзінде 2 мыңнан астам жас ғалым 17 млрд теңге грант алды», – деп жазды.

Одан бөлек министрдің мәлімдеуін­ше, ғалымдардың әлеуетін арттыру шаралары қолға алынған. Жыл сайын 500 отандық маман республикалық бюджет есебінен әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде.

Сонымен қатар А.Аймағамбетов та­рих саласындағы жаңа өзгерістер ту­ралы да оқырмандарына айтып берді. Жазбада көрсетілгендей, бұған дейін Петропавлда тарих пәнінің съезі өткен. Оған 300-ден астам тарих мұғалімі, әдіскерлер мен ЖОО басшылары қа­тысқан. Қазақстанның бас ұстазы жиын­да ұстаздар тарапынан айтылған оң ұсыныстар туралы да атап өтті.

Мәселен, «Қазақстан тарихы» мен «Дүние жүзі тарихы» пәндерінің оқу бағдарламасы мазмұнын жаңарту мәсе­лесі. Мұнда ғалымдар мен тарихшылар 6 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейінгі ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихты толық зерттеуді ұсынған. Одан бөлек, ұстаздар қауымы материалды сынып бойынша бөлу керектігін де айтқан. Мысалы, 2016 жылдан бері бір ғана 6 сыныптың оқу бағдарламасында 12 ғасырға жуық уақытты қамтитын кезең оқытылады. Ұстаздар материалды толыққанды меңгеру үшін бұл оқу бағдарламасын екі сыныпқа бөлуді ұсынған. Министр «AIMAGAMBETOV» атты телеграм каналында бұл ұсыныстың барлығы орынды деп санайтынын және сарапшылар тобында қосымша қаралатынын айтты.

Сонымен қатар министр өз жазба­сында тарихқа қатысты енгізілген өзгерістерді де атады. Бұдан былай  Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болмақ. Жоғары оқу орындарында қазіргі «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының» орнына «Қазақстан тарихы» пәні оқытылады, яғни бағдарлама тарихтың басқа да кезеңдерін, дәлірек айтқанда, ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заманды қамтиды. Сондай-ақ ғылыми бағытта білім алған тарихшылар қайта даярлау курстарынан өтіп, кейін мектепте сабақ бере алады. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өтеді. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін.

Петропавлда Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­титуты сияқты ҒЗИ филиалдары ашы­лу­да. Министр ол институт­тар осы өңірлерде ауқымды археологиялық зерттеу ұйымдастыратынын хабарлады.

Сондай-ақ білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елдегі барлық өңірдің студенттерімен, сту­денттік парламенттердің, Жастар ісі жөніндегі комитет өкілдерімен және ЖОО-ның проректорларымен кездесті. Кездесуден кейін ол құрылымдық бөлімдерге берген тапсырмасы туралы желіде жазба жариялады.

Соның ішінде министр ЖОО бас­шылығы студенттердің бастамаларын қолдау керектігін айтып, студенттер ұсынған қызықты жобаларды универ­ситеттер мүмкіндігіне қарай қолдау, әсіресе, қаржылай қолдау керегін айтты.

Одан бөлек әр университетте сту­денттік парламенттер құрылуы керек. Мұның себебін министр: «Мұндай ұйым­дар студенттердің саяси және құқықтық мәдениетін дамытады. Бұл парламенттердің формализм үшін ғана жұмыс істемеуі маңызды. Студенттік парламенттің мүшелерін студенттердің өздері сайлауы керек. Ал сайланған өкілдерге мәселелерді шешу үшін белгілі бір мүмкіндіктер ұсынылуы қажет. Мысалы, олар бос гранттарды немесе Президенттік стипендияны және т.б. жұмысты келісе алар еді. Осы және басқа да мәселелерді студенттік парламентпен келісіп қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді.

Қоғамдық маңызы бар іс-шарамен айналысатын волонтер студенттердің санын көбейту үшін ынталандыру жұмыстары жүргізілмек. Мысалы, ми­нистр тапсырмасына сәйкес енді 20 сағаттық волонтерлік қызмет үшін сту­денттерге ваучер түрінде несие беріледі.  Сондай-ақ олар 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем ала алады. Егер студент 50 сағат жұмыс істесе, онда оған бес академиялық кредит (сағат) есептеліп, 50 000 теңге төленеді.

Асхат Аймағамбетов дебат қозға­лысын белсенді түрде дамыту жұмыс­ы атқарылып жатқанын айтты. Олар факультеттерден бастап, барлық деңгей­де жүргі­зілуі керек. «Өзім де бұрынғы де­­бат­қа қатысқан студент ретінде қа­зір­гі студенттерді дебат қозғалысына белсенді қатысуға шақырамын», – деп министр студенттерге үндеу жасады. Сонымен қатар әлі барлық университет студенттерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ете алмай отырғанын айтып, спорт зал студенттерге қолжетімді болуы керек­тігін жазды. Сонымен қатар сту­денттік спорт лигаларын да дамыту қажеттігін де алға тартты.

Министр сөз қорытындысында қа­зіргі таңда министрлік жанынан 70-тен астам студенттен тұратын студенттік кеңес құрғанын атап өтті. Сонымен қатар әрі қарай да тоқсан сайын студенттермен кездесіп, айтылған ұсыныстар бойынша бірлесіп жұмыс істейтінін жеткізді.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: