Сенбі, 20 сәуiр, 00:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Есетов атындағы мектепте

27.02.2021

4175 0

Білімнің қайнар бұлағы – мектеп. Ол адамзат баласының тұлға болып қалыптасуына темірқазықтай жол нұсқап тұрады. Егемен еліміздің болашағы жастар деп қарасақ, жастардың болашағы сапалы біліммен тығыз байланысты.
Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі – білім мен ғылымды, мәдениет пен әдебиетті ұштастырып, жаңа заман тынысымен қарышты дамып келе жатқан білім ордасы. 2010 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген білім ұясы – бүгінге дейін талай түлектің томағасын сыпырып, тұғырынан түлеткен алтын ұя.

Тәрбие мен білім тығыз байланысты

Қай кезеңде де елдік мұраттың бірі – ұрпақ тәрбиесі. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби сөзінің жаны бар. Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы реформаның басты мақсаты да ой-өрісі биік жеке тұлға тәрбиелеу. №264 орта мектеп–лицейі заман талабына сай соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алғашқы жылдары 1600 оқушы қабылданып, 187 педагог дәріс берген. Мектеп-лицей базасында оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Жаңа оқулықтар, көркем әдебиеттермен қамтамасыз етілген кітапхана, оқу залы, 4 технология, 3 информатика кабинеті, 2 интерактивті Stem панель оқушыларға қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар балалардың шығармашылық қасиеттерін арттыру мақсатында түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар ашылған. Оның ішінде «Домбыра», «Еркін күрес» үйірмелеріне балғындар ерекше қызығушылық танытып келеді.

Озат оқу ордасы

Білім ордасы құрылғалы білікті басшылар Б.Дүйсенбаев, К.Ежетаева, Ұ.Маханова қажымас еңбектің өлшеусіз үлгісін таныта білді. Олар оқу мен тәрбие процесін іске асыруда алға қойған міндеттердің талабынан таныла білді. Оқу ордасын он жыл аралығында 582 түлек бітірді. Солардың ішінде 43-і «Алтын белгі», 28-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл – мектеп үшін үлкен мақтаныш. Ұстаздар үшін жемісті еңбектің нәтижесі.

Мектеп – мақсаттар мүддесі

Мектеп-лицей оқушылары білім сапасын әртүрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда дәлелдеп келеді. Мектептегі білім сапасының басты көрсеткішінің бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы. Соңғы төрт жылда мектеп-лицей түлектері ҰБТ-да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекеттік грант иегерлері атанып, еліміздің және алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орнындарында білім алуда. Бұл – мектеп-лицей ұстаздарының еселі еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар мектеп оқушылары ғылыми жетістіктерімен қатар спорт саласындағы жеңістерімен де танылып келеді. Тағы бір атап өтерлігі, мектеп жанында суда жүзу, күрес, баскетбол, волейбол, шахмат, көркем гимнастика, үстел теннисі секілді көптеген спорт секциялары жұмыс істейді.
Мектепте 12 бағыт бойынша бірлестіктер бар. Атап айтар болсақ, «Жас ұлан, «Жас қыран», «Адал ұрпақ» және басқа да бірлестіктер жұмыс жасайды. Жасөспірімдер арасында жол-көлік оқиғасының алдын алу мен жол қозғалыс ережесін насихаттау барысында өткен «Қозғалыстың жас инспекторлары» қалалық байқауында мектеп-лицейдің «Нұр ұлан» тобы жүлделі орын иеленіп, жеңімпаз атанды.

Директордың дерегі

– Сынып жетекшілерінің жұмыс барысын бағдарлау мақсатында рейтингтік жүйе жүргізіледі. Әр сынып жетекшісінің жұмысы тоқсан сайын бірнеше өлшемдер арқылы бағаланады. Атап айтқанда, тәрбие жұмысын жоспарлау, сыныптың сабаққа қатысуы, салауатты өмір салты, құқық бұзушылықтың алдын алу, сынып тәртібі, сынып мүліктерінің сақталуы, сынып сағаттарының ұйымдастырылуы. Міне осындай жұмыстың нәтижесінде ұстаздардың шеберлігі шыңдалады. Мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Заман талабына сай ақпараттық технологияларды пайдалануға ерекше мән беріп, мұғалімдер аудио-кешенді оқу құралдарын пайдалануға қол жеткізіп отыр, – дейді мектеп директоры Бек Тумурзаев.

Есетов есімі

Бұл білім ордасы 2016 жылдан бері қоғам қайраткері Тәкей Есетовтің есімімен аталады. Мектепте ерен тұлғаның еңбегі мен өнегелі өмір жолына арналған мұражай бар. Оқушылар мұражайда тұлғаның ғибратты ғұмырымен кеңінен таныса алады. Сонымен қатар мектеп жанынан оқушыларды ерте жастан еңбек пен кәсіпке баулу мақсатында шағын жылыжай іске қосылған. Біздің өңірдің ауа райына бейімделген бақша дақылдары өткен жылы жақсы өнім берген. Бұл биыл жалғасатын табады деп жоспарланыпты.
Р.S. Қазіргі таңда мектеп-лицейде 3618 оқушы болса, 383 мұғалім қызмет атқаруда. Білім ұясында 143 сынып бар. Әлемдік өркениетке бет алған қазақ елінің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты. Алдағы уақытта мектеп жанынан рухани жаңғыруға арналған арнайы бұрыш ашылмақ. Сондай-ақ арнайы биологиялық кабинет те жабдықталған. Мұның барлығы мектеп басшысы Бек Тумурзаевтің бастамасымен іске асуда. Қазақстанның болашағы білімді де талантты жастардың қолында. Сондықтан да ХХI ғасырдың жаңа буынын тәрбиелеу жолында ұстаздарға артылар сенім мол. Бұл орайда Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицей ұстаздары мен оқушылары есе жібермек емес. Біз білім ордасында осыны аңғардық.


Тұрар Бекмырзаев

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: