Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» зерттеу еңбегі жарыққа шықты

05.04.2023

463 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндеҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлары Одағының мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия докторы (PhD), дирижер Мүсілім Әмзенің зерттеу еңбегінің тұсаукесері өтті.

Кітап – қазақ оркестрі мен дирижерлік өнерінің дамуына үлес қосқан майдангер-композитор, күйші, дирижер Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылығына арналған. Дарын иесінің өмірбаяны туралы тың деректер қамтылған «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» кітабының салтанатты тұсаукесеріне Басқарма төрағасы-Ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы қатысып, Мүсілім Балтабайұлының еңбегі мен шығармашылығын жоғары бағалады.

Мүсілім Әмзе – «Мәңгілік сарын» атты домбыра күйлері антологиясының, «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Шаһнама» антология жинақтарының құрастырушысы, «Қазақстанның музыкалық мұрасы», «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» антология жинақтарының музыка редакторы. Отыз жылға жуық  мәдениет саласының дамуына үлес қосып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасы», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы беріліп,  Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасы» және Халықаралық Түрксой ұйымының «М.Төлебаев – 100 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

«Қазіргі таңда ғылымда жаңалық ашу – өте қиын. Мүсілім Әмзе ең алдымен орындаушы болса, екіншіден шығармашылықпен қатар ғылымды қатар алып жүрген ғалым. Жалпы ғылымда шығармашылық адамының зерттеу жүргізуі нәтижелі. Өйткені жан-жақты терең түсініп, тақырыпты түпкілікті аша алады. Бүгінгі кітап соның дәлелі. Оқулықта бір тұлғаның негізінде көптеген құнды ақпараттар берілген. Осы еңбек Сыр бойындағы музыкалық өнердің дамуына, оның ары қарай жалғасуына септігін тигізері анық»,-деді Қазанғап атындағы жоғары музыка колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология кандидаты, жыршы  Ұлжан Байбосынова.

Мәлік Жаппасбаевтың есімі қазақ музыкасында сирек кездеседі. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің тарихында екі күйшінің есімі ерекше аталады. Соның бірі-Сырдың саңлақ күйшісі Мәлік Жаппасбаев. Автор өз еңбегінде 29 жыл ғұмыр кешкен біртуар өнер иесінің музыка мұрасын жинақтаған.

Кітап рецензенті, педагогика ғылымының докторы, профессор Шәрбан Майгелдиева: «Ғылыми еңбек – эстетикалық, құрылым жағынан өте сапалы. Қоғамның қажеттілігіне, маман даярлау сапасын арттыруға бағытталған құнды оқулық»,деп пікір білдірді.

Салтанатты жиынға Сыр елінің өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері, қонақтар, оқу орнының профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысты. Қатысушылар Сыр өнерпаздарының орындауында Мәлік Жаппасбаевтың репертуарындағы күйлері мен әндерін тыңдап, рухани азық жинады.

Айта кетейік, салтанатты кеш А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде  Тұрмағамбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің күйші, композитор, дирижер Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылығына арналған «Сәлем»концертімен жалғасты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы                              

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: