Дүйсенбі, 06 мамыр, 06:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Белсіздік неге көбейді?

09.01.2024

285 0

Сурет: kazgazeta.kz

Ұлтымыздың ауыз әдебиеті үлгі­сінде сайын далада еркін өскен қазақ жігіттерінің тау тұлғалы батырын, ертегідегі алып бейнесін аңыз етіп мақтанатынымыз рас. Еңселі ел ұландарының болмыс-бітімі толағайдай алып болған деседі. Классик жазушылардың туындысын оқығанда да батырдың өр тұлғасы, мінген аты шебер суреттелгені соншалық, сол заманға қиялмен сапар шегетінбіз. Бел қуаты бойында тұлпарды тақымында ойнатқан ерлер айбаты білекпен де, жүрекпен де кез-келген нәзікжандыны селт еткізетін.

Есті әйелдер еркектерді кері теппер,

Мықты болсаң жүректерін өртеп көр.

Анау- мынау дефицит деп жылама,

Шын дефицит мына біздер еркектер, – деп ақиық ақын Мұқағали жалынды жүрекпен жыр арнаған ерлер қауымына деген сый-құрмет әсте төмендеген емес. Олар – арулардың жан серігі, отбасының тірегі. Керек десеңіз, ұрпақ таратар белді тұлға. Ер кісі жарық күн тәрізді, адамның жаны еркек арқылы енеді. Осылайша, дүниеге шыр етіп, нәресте келеді. Жаңа өмір шырағы жанады. Ана қауыз жарған гүл секілді. Ол жас сәбиді дүниеге әкеледі. Тіршіліктің түп-төркіні осылайша ерлі-зайыптының рухының үндесуінен тамыр жаяды. Адамзаттың өмір көшінің алтын тіні осылайша жалғасады. Дегенмен жасыратыны жоқ, дабыл қағар мәселенің түп-төркіні бұл күнде ерлер денсаулығына ойысты. Дүбірліген дүниенің дүмпуінде сыр бермеген, қиян-кескі шайқаста белі бүгілмеген, аттың жалында, түйенің қомында жүріп күн кешкен дала қырандарының белі неге сыр беріп, ұрпақ жаяр қасиетін жоғалтып жатыр? Бүгінде бөріктінің шаужайына жабысқан «белсіздік» мәселесі неге күн тәртібінен түспей тұр? Бұрындары тек оқта-текте әйелдер «бедеулігін» ғана естуші едік. Экологияның әсері ме, әлде басқа себебі бар ма? Осыған орай облыстық медициналық орталықтың урологандрологы Еркін Шамшатовпен жолыққанымызда, мәселенің алуан түрлі себебін алға тартты.

Дәрігер пікірі бойынша адам қиындықты қолдан жасайды. Қазір – ғылыми-техникалық үдерістің дамып жатқан кезі. Ал одан бөлініп жатқан химиялық затты ауамен бірге жұтамыз. Екінші себеп – тамақ сапасының төмендеуі. Күнделікті тағам химиялық қоспаға толы. Осыдан адам ағзасындағы ген өзгеріске ұшырайды. Үшіншісі – қазіргі сексуалды революция. Яғни жыныстық қарым-қатынас төңірегіндегі білімсіздік себеп. Ерте жыныстық қатынас та дерттің көбеюіне әкеп соқтырады. Осының салдарынан ұрық азайып, сапа төмендейді. Бедеулік екі жаққа да бірдей тараған.

Сондай-ақ жастардың салауатты өмір салтын ұстанбай, арақ, сыра, темекіге әуестенуі – кеселге бастар төте жол. Онымен қоса адам жүйкесінің зақымдануы, дәрі-дәрмекті шектен тыс пайдалану да кері әсер етеді. Физиологиялық жағдайда 45-55 жастан кейін ерлердің гармоны азая бастайды. Ал күйзеліс жағдайында бұл үдеріс тым жылдамдап кетеді. Гармон азайған соң ағзадағы басқа мүшенің қызметі де бұзыла бастайды. Осы науқаспен тіркелгендер саны күн санап өсіп келеді, – дейді дәрігер.

Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін бұл салаға жете көңіл бөлінбей келген болып шықты. Себебі осы кезге дейін ерлер белсіздігі проблема тудырмаған. Біз де осы мәселеге орай ғаламтор бетіндегі жазбаларды шолғанда Алматыда І Орталықазиялық урологтар конгресі өтіп, оған әлемнің 20-ға жуық елінен мамандар келіп, өзекті проблеманы талқылапты. Дәрігерлер медицинаның бұл саласында әлі де науқастар санының өсіп, кемімей отырғанын сөз етіпті. Ұлттық қауіпсіздікке, оның ішінде демографияға әсері өте жоғары бұл ауру түрін анықтау мен емдеуде ғалымдар бірқатар жетістікке қол жеткізгенімен, оның нәтижесі әлі де төмен екенін айтып, дабыл қаққан. «Еркектердің белсіздігі Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында және Қарағанды өңірінде басқа аймақтарға қарағанда жоғары. Алайда бұл нақты көрсеткіш деуге болмайды. Осы өңірлерден тексеруге келетін адам саны көп болғандықтан, ондағы ауру саны жоғары болып тұр» дейді Алматы қаласының бас андрологы, Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы андрология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Марат Мақажанов.

Ерлердің денсаулығына оң әсер беретін бағдарлама игілігімен 2012 жылы біздің облыстық медициналық орталық жанынан ерлерге кеңес беріп, ем жүргізетін арнайы бөлім ашылған болатын. Ол кейін облыстық диагностикалық орталыққа көшірілді. Қаражат тек МӘМС жүйесімен бөлінеді дегенді естідік. Сол себепті ондағы барлық ем ақылы жүргізілуде. Мұндағы мамандардың айтуынша, қалтаға әжептәуір салмақ түседі. Науқасқа сараптама жасату үшін аз дегенде 50 мыңның үстінде ақша кетеді. Ал ем қабылдауға тағы қаражат керек. Бейбарыс Сұлтан көшесінде де ер-азаматтардың денсаулығын түзетуге қолайлы жеке емдеу орны бар. Осындай жеке клиника әр жерден қылаң беруде. Мұның барлығы халық қажетін өтейтін құптарлық жаңалық. Алайда осындай орталық бой көтерген сайын, науқастың саны өскені сезіледі. Демек сұраныс жоғары. Өзі ат төбеліндей ғана қалған ұлтымыздың болашағын ойласақ, осы дерт бөріктілерге келген ғасыр дерті секілді көрініп, адамның санасын сілкіп алатыны жасырын емес. Мамандар дабыл қаққан сайын, осы мәселенің ащы шындық екені дәлелденгендей болады. Зерттеулерге сүйенсек, қазір елдегі ерлердің жағдайы мәз емес екені көрініп-ақ тұр. Қалаға келсек, ақысыз да, ақылы да қабылдайтын уролог кабинеттері ашылып жатқанына шүкіршілік дейміз. Тағы да дәрігердің кеңесіне құлақ түрдік. Уролог дәрігері Еркін Шәмшатовтың айтуынша, ауылдық жерде тұратын ағайындар урологқа көріну үшін қалаға келеді. Көпшілік урологты тек зәр жүрмегенде ғана керек маман деп түсінеді. Онда ерлердің аурушаңдық деңгейі, жыныстық және репродуктивті балалы болу қабілетінің бұзылуы қаралмай қалатыны рас. Меніңше, қалалықтар дәрігерге уақытылы көрініп, ауруынан айығып, қалыпты өмір кешеді. Ауылдық жерде жағдай күрделі болғандықтан науқастың мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймағында андрологиялық ауру деңгейі өте жоғары. Баса назар аударатын бір жайт бұрын белім деп безек қаққандар жасы 50-ден асқандар болса, бүгінде тепсе темір үзетін 20-25 жастағы жігіттер. Оның себебі көп. Жүрек қан тамыры, қан қысымы, сусамыр дертіне тұсалғандар басым. Мұның бәрі де белсіздікке төтелей тартатын жолдың нақ өзі.

Осы дерттің құрығына түскен азаматтар жан күйзелісін бастан кешеді. Жұмыста да көңілі болмай, барлық нәрсеге селқос қараушылық байқалады. Ғалымдар тіпті гептилдің кесірінен дегенді алға тартуда. Гептилдің зиянды уы топыраққа сіңіп жоғалғанмен оның уыты жер асты суына сіңіп, адамзатты тұқымсыз қалуға апарады деген жорамалдар да айтылуда. Шынында да, артыңда ізің боп қалар ұрпақ болмаса, өмірдің мәні не? Бұл әрі-беріден соң медициналық емес, әлеуметтік мәселе. Біздің еліміз – бай, жеріміз – кең. Бірақ туу көрсеткішіміз әлі де көңіл қуантарлық емес. Тағы бір қажетті деген сауалды дәрігерге қойғанды жөн санадық.

– Аурудың алдын алу үшін денсаулыққа ерте көңіл бөлген дұрыс дейміз. Түрлі дертке тап болмас үшін ер баланың гигиенасына қалай көңіл бөлген жөн? Жалпы балаларды неше жасынан урологқа қарату керек?

– Негізі, ұл дүниеге келісімен жыл сайын дәрігерге көрсетіп тұрған жақсы. Бала кезінде педиатр маман мен балалар хирургына толық қаратып алған жөн. Сосын кәмелеттік жасқа жетіп, мектеп бітірер кезде жастар әскерге шақырылғанда арнайы медициналық сараптамадан өтеді. Нақ осы кезде толық қаралып, ем а л ғ а н жақсы. Негізі сол комиссиялық тексеру кезінде көптеген баланың осы ауруға шалдыққаны байқалады. Уақытында емделсе тез айығады. Бүгінгі ғылыми-зерттеудің нәтижесінде әйелдің бала көтермеуінің үштен біріне еркек кінәлі екені анықталып отыр. Сондықтан да дерттің себебін білу үшін екеуінің де дәрігерге тексерілгені жөн. Сонда ғана бедеуліктің кімге байланысты екені белгілі болмақ. Өкінішке орай, дейді дәрігерлер, ер адамдардың көпшілігі урологиялық дертке тап болғанын мойындай бермейді, «жанды жердің жарасы» жанға батқанда ғана емхана жағалайтын жігіттер дәрігерге ауруын асқындырып көрінеді. Олардың арасында жас жігіттердің ауыратыны жанға батады. Тексеру барысында анықталғаны, дерт тізіміне енгендердің басым бөлігі семіздік, қан қысымы, диабет ауруымен ауырады. Ал кейде тіпті ері мен әйелін бірдей емдеуге тура келеді. Ер адамның ұрпақ жасауға қабілетін тек лабораториялық зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Асқынған соз ауруы осы науқасқа ұшыратады. «Ең жақсысы, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу», – деп қорытты дәрігер. Тақымында тайды тулатып, жас қырандарды бәйге атына шаптырған заманда мұндай дерт түсімізге де енбеген болатын. Қимылдың аздығынан ба, тал бойына табиғи құнарсыз ас қуат болмай ма, әлде ауа ластануынан ба мамандар түрлі себепті айтып, мәселені әлемдік деңгейде талқылап жатыр. Ғылыми тәжірибе, зерттеулер бұл құбылыстың құпиясын ашар. Бізді ойландырып тұрғаны ұлт болашағының айнасы – ерлер денсаулығы.

Қалай десек те, байтақ жерді еншілеген елдің өсу демографиясына оң ықпал жасау үшін жуанж ұ д ы р ы қ т ы л а р д ы ң қасіретіне айналған дертпен қоғам боп күрескеніміз жөн.

Гауһар Асқарқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: