Сейсенбі, 23 шiлде, 08:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

МӘМС жүйесіне қалай алдын ала төлем жасауға болады?

15.05.2023

716 0

Былтыр қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 12 айға алдын ала төлем жасау арқылы 10 мыңға жуық азамат сақтандырылған мәртебесін алды. Ал 2023 жылдың 4 айында 16 мыңнан астам қазақстандық бір жылға алдын ала төлем жасады. МӘМС жүйесінде «сақтандырылмаған» азаматтар, сондай-ақ жүйеге бір де бір рет төлем жасамаған немесе оны жүйесіз жүргізген дербес төлеушілердің барлығы бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады.

Жарналарды 12 айға алдын ала төлеудің жаңа тетігі өткен жылдың 5 қыркүйегінен іске қосылды. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, сақтандырылған мәртебесін алғысы келетін азаматтың соңғы немесе алдағы 12 айға төлемі болуға тиіс.

Қазір елімізде 16,4 млн адам медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Ал қалғандарында сақтандырылған мәртебесі жоқ. Себебі, Қорда атап өткендей, олардың көбі тұрақсыз төлеушілер. Бұл азаматтар бір жылға алдын ала сақтандырылған мәртебесін ала алады.

«12 айға төлемді дұрыс жасаған азаматтарға 3 күннің ішінде «сақтандырылған» мәртебесі беріледі. Қорға: «Мәртебем қашан іске қосылады? Мен 1 жылға толық төлеп шықтым ғой», – деп хабарласатын азаматтар жетерлік. Мән-жайды анықтай келе, олардың шатасып немесе қате төлем жасағаны анықталады. Сол себепті төлем жасамас бұрын барлығын нақтылап алған жөн», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Забира Оразалиева.

Дербес төлеушілер төлем жасаған кезде әр түрлі қате жібереді. Оларды мысалмен түсіндіруді шештік.

Алдағы 12 айға төлем жасап, сақтандырылған мәртебесін алу

Мысалы, қазір мамыр айы. 12 айға алдын ала төлем жасаған кезде 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың сәуір айына дейін дербес төлеуші ретінде жеке-жеке 3500 теңгеден төлеп шығу керек.

«Азаматтар 12 айға төлем жасағанда көп қателеседі. Біреулер бір жылға бір төлеммен төлеп тастайды. Енді біреулер осы жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейін немесе ағымдағы айдан жыл соңына дейін төлеп шығады да сақтандырылған мәртебесі берілмеді деп хабарласады. Дұрысы, алдағы 1 жылға төлем жасағысы келсе, ағымдағы айдан бастап барлығы 12 айға жеке жеке әр айды, жылын көрсетіп төлеу керек. Басқа мерзімге шатасып төлеп қойған азаматтар ақшасын қайтарып ала алады. Ол үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, түбіртектерді қоса тапсыру қажет», – дейді Забира Оразалиева.

Тағы ескеретін жайт, егер ағымдағы айдың аяқталуына шамалы күндер қалса немесе осы айда медициналық көмекке жүгінуді жоспарламасаңыз, келесі айдан бастап төлем жасаған жөн. Яғни, 2023 жылдың маусым айынан 2024 жылдың мамыр айына дейін төлеп шыға аласыз. Пациент бір жыл бойы сақтандырылған болады.

МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» филиалдары арқылы төлеуге болады.

Егер сіздің тағы да сұрақтарыңыз болса немесе медициналық көмек алуда қиындықтар туындаса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгініңіз. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, Қордың өзіңізге ыңғайлы арналары бойынша өтініш-шағымдарыңызды қалдыра аласыз:

·        fms.kz ресми сайты,

·        Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы

·        Telegramдағы SaqtandyryBot.

Сондай-ақ Электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: