Сенбі, 22 маусым, 04:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48-2058
18.06.2024
PDF мұрағаты

Мейірімді Мәуегүл

26.09.2023

263 0

Медицина – үлкен жауапкершілікті талап ететін, жүгі ауыр саланың бірі. Сондай-ақ жоғары білім мен біліктілікті арттыру үшін өмір бойы ізденісте жүру керек. Бұл мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес. Десе де көптің арасынан өзінің арман-мақсатына жетіп, жауапкершілігінің ауырлығына қарамастан, Гиппократ антына адалдық танытып, ақ желеңді абзал жан атанып, халықтың құрметіне ие болып, алғысын алып жүргендер бар. Сондай жанның бірі №1-ші емханада әйелдің, ана мен баланың өмірі мен оның денсаулығына жауапты маман учаскелік акушер-гинеколог
Мәуекүл Айымбетова.

Бала күнінде акушер-гинекологтың қандай маман екенін білмесе де, ауылдағы жалғыз фельдшерге қызыға қарап, дәрігер болуды армандаған кейіпкеріміз өзінің қызықты хикаясын айтып берді.
– Бала күнімде біз совхоз орталығында 7 отбасы болып бір үйде тұрдық. Сол кезде жеті отбасының қыздары аулаға шығып, қуыршақтармен ойнайтынбыз. Алайда мен қыздардың арасынан бөлініп шығып қуыршақтарды емдейтінмін. Ол кезде бала болған соң дәрігердің түрлі қызметке бөлінетінін білмейтінмін, сондықтан бір ғана дәрігер болады деп ойлайтынмын. Себебі совхозда тек бір ғана фельдшер болатын, соған қарап қызығатынмын, – деді Мәуекүл Айымбетова.
Кейіпкеріміз 1963 жылдың 5 қаңтарында Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылында дүниеге келген. 1970 жылы ауылдағы №185 қазақ орта мектебіне барған. Мектепті бітірген соң 1980 жылы медицина институтына оқуға тапсырған. Алайда балының жетпеуіне байланысты оқуға түсе алмай, туған ауылында бір жыл қарапайым жұмысшы болған. Кейін аудан орталығының жолдамасы бойынша Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түсіп, 1987 жылы оқуын бітірген.
Оқуын аяқтаған соң Қызылорда қаласына келіп, бір жыл қалалық перзентханада интернатурадан өтіп, кейін сонда қызмет атқарады. Уақыт өте тұрмысқа шығып, отбасылық жағдайына байланысты 1993 жылы перзентханадағы жұмысынан шығады. Десе де сол жылы №1 емхананың учаскелік акушер-гинекологы қызметіне жұмысқа қабылданады. Содан бері ана мен баланың денсаулығына және ананың аман-есен босануын қадағалап, жауапкершілігі мол саланы мойнымен көтеріп келеді.
– Институтта оқып жүргенде 5 курстан бастап хирург, терапевт, акушер-гинеколог мамандарын бөледі. Оның ішінде хирург пен акушер-гинеколог саласын қатаң бақылауда ұстайды. Себебі бұл адам өміріне тікелей жауапты сала болғандықтан. Жалпы акушер-гинеколог маманына білімі мен біліктілігі жоғары адам ғана өте алады. Сондықтан студенттер арасынан біліктілігінің арқасында бөлініп шығатындар аз болатын. Соның ішінен өзім осы саланы таңдап, біліктілігімнің арқасында акушер-гинеколог маманына өттім. Институтты бітіргеннен кейін перзентханада жұмыс істедім. Өзіме сол перзентханада қызмет атқарған ұнайтын. Әрине, ол жақтағы жұмыстың жүгі жеңіл емес. Дегенмен ана мен баланың өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, сәбиін анасына табыстап бергенге не жетсін. Осындай қуанышты сәттен ерекше әсер алудың өзі керемет сезім. Жалпы перзентханадағы қызметімді зор ықыласпен жасадым. Алайда отбасылық жағдайыма байланысты осы 1 емханаға ауыстым, – деді акушер-гинеколог Мәуекүл Қашқынбайқызы.
Сондай-ақ жүкті келіншектердің аман-есен босанып, сәбиін қолына алғанша қызындай қарап, анасындай уайымдайтынын жеткізді.
– Медицина саласы бұл атақ мансап деп ойламаймын. Себебі өзім армандап түскен мамандығым. Жалпы дәрігер болу үшін жүректің жылылығы, мейірімділік, кейде қаталдық та керек. Қазіргі таңда оқу ақылы болғандықтан кейбір ақшасы барлар дәрігерлік мамандықты оқып келеді. Негізі бұл мамандықты оқу үшін адамда шынайы ниет болуы керек. Себебі кез келген жан дәрігер бола алмайды. Оның ішінде акушер-гинеколог бөлімін айтатын болсам. Онда екі адамның өміріне жауапты болғандықтан жүгі өте ауыр, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Мәуегүлдей дәрігердің емханада жұмыс істегеніне 30 жылдың көлемі болған. Осы жылдар арасында жас аналарға қызындай қарап, олардың денсаулығын қадағалап, аман-есен сәбиін қолына алғанша демеу болып, көмек көрсетіп келеді. Тіпті учаскелік келіншектерден бөлек, басқа емханадан іздеп келушілер де баршылық.
Осындай жүгі ауыр қызметін адал атқарып келе жатқан дәрігердің еңбегін ескеріп 2014 жылы төс белгімен, ал 2018 жылы министрлік тарапынан «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: