Бейсенбі, 02 мамыр, 10:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Облыс бойынша «А» вирустық гепатитінің эпидемиологиялық ахуалы

09.01.2023

781 0

Сурет ашық дереккөзден

«А» вирустық гепатиті – тұрмыстық және алиментарлы (қоздырғышпен ластанған су және тамақ арқылы) жолдармен берілетін кең таралған жұқпалы ауру. Бұл дертті «лас қолдар ауруы» деп жиі атайды. Себебі қарапайым ғана гигиеналық ережелер сақталмаған жағдайда, вирус жұқтырып алу қаупі арта түседі.
Бұл вирус қоршаған ортаға өте төзімді болып келеді, бөлме температурасында бірнеше апта және ай сақталып тіршілік етуге қабілетті.
Инфекцияны жұқтырудың көзі – науқас адам. Вирустың таралу факторы – ауру адамнан бөлінген қоздырғышпен ластанған тамақ, су, күнделікті пайдаланылатын заттар, ойыншықтар. «А» гепатитінің белгілері жеңіл немесе ауыр түрде өтуі мүмкін. Олар -әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, диарея, құсу, іштің ауырсынуы, зәр түсінің өзгеруі және сарғаю (тері мен көздің сарғаюы) түрінде байқалуы мүмкін.
2022 жылы Қызылорда облысында «А» вирусты гепатитін жұқтырудың 14 жағдайы тіркелді, оның ішінде 9 дерек 14 жасқа дейінгі балалар мен 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында анықталды. 100 мың адамға шаққандағы жалпы көрсеткіш 1,65 құрады. Өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық 13 жағдайға өскен.
Қызылорда облысының эпидемиологтары «А» вирустық гепатиті инфекциясының алдын алудағы ең тиімді тәсіл вакцинация екендігін еске салады. Себебі 2011 жылдан бастап 2 жастағы балаларды вирусқа қарсы профилактикалық егумен қамту жолға қойылғаннан кейін, аурушаңдық көрсеткіштерін еселеп төмендетуге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жыл сайын «А» гепатитіне шалдығудың мыңдаған деректері анықталып келген болса, 2011 жылы жаппай иммунизация іске қосылып, сәтті жүзеге асырылғаннан кейінгі көрсеткіштер әлдеқайда төмендеді. Атап айтқанда, 2000 жылы – 3370, 2010 жылы – 759 жағдайға дейін көтерілген сырқаттанушылық көрсеткіштері, екпе науқанынан кейін жылына 4 дерек тіркелетін жағдайға дейін төмендеді. Сондықтан уақытылы жасалған вакцинация – дерттің дендеп кетпеуінің кепілі. «А» гепатитіне қарсы вакцинация тұрғылықты мекенжай бойынша емханаларда 2 жастағы және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша қарым-қатынаста болған 14 жасқа дейінгі балаларға ақысыз негізде жүргізіледі.
Сонымен қатар сырқаттанушылықтың алдын алудағы қарапайым шараларды ұмытпаған жөн, олар:

  • жеке бас және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң түрде орындау, тамақтанар алдында және дәретханадан кейін, жұмыстан, көшеден келгенде қолды сабынмен жуу;
  • ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолдану;
  • көкөністерді, жеміс-жидектерді, аскөктерді ағынды сумен жуу;
  • шомылғанда су жұтып қоюдан сақ болу;
  • ыдыстарды, үй-жайларды тазалықта ұстау;
  • науқас балаларды балабақщаға және мектепке апармау.
    Аурудың клиникалық белгілері байқалған кезде медициналық көмекке жүгіну қажет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: