Жұма, 27 желтоқсан, 05:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сovid-19: эпидемиологиялық ахуал күрделі

19.01.2021

990 0

Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті тағы да күрделенді. Күн санап вирусты жұқтырғандар саны көбеюде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 18 қаңтарда өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды хабарлады. Ақпаратта Қазақстанның Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта. «Сары» аймақтың ішінде Алматы, Қарағанды, БҚО мен СҚО бар. Өзге өңірлер вирустың таралуы бойынша «жасыл» аймақта. Жалпы еліміз коронавирус бойынша «сары» аймақта тұр.

17 қаңтардағы ақпаратта бір тәулікте Қазақстан­да 1003 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, оның 5-і Қызылорда облысында анықталған. Өңірлік Коммуникациялар қызметінің хабарлауы бойынша сол күні аймақта 11 науқас емделіп шыққан. Негізінен өңірде коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастар саны – 3488, ал айығып шық­қандар – 3392-ге жеткен.

Қазіргі таңда инфекциялық стационарда 25 науқас ем қабылдап жатыр. Ал вирус жұқтырғандармен байланыста болғандар саны – 14 929 болса, тікелей қарым-қатынас 12 181 және ықтимал қарым-қатынас 2 748. 17 қаңтарда зертханаға 251 адам ПЦР-тест тапсырып, оның 228-нің нәтижесі шыққан. Эпидемиологиялық маусым басталғалы 181 171 сынама тапсырылып, 31 857 қалдық тест қалған.

ҚР ДС министрлігінің санитарлық-эпидемиоло­гиялық бақылау комитеті таратқан ақпаратта өңірде тіркелген деректердің 2145, яғни 61,6 пайызы Қызылорда қаласына тиесілі. Скринингтік тексеру нәтижесінде 57,7 пайызы анықталса, 39,9 пайызы  қарым-қатынас болып және 2,4 пайызы сырттан тасымалданған болып есепке алынған.

Жалпы облыс бойынша тіркелген науқастар ішінде айлық нәрестеден бастап 99 жастағы қарттар да бар. Вирус көбіне 20-69 жас аралығындағылардан анықталғанмен, 70-79 жастағы егде кісілердің арасында да жиі кездесуде.

Сонымен қатар Қызылорда облысында осы кезге дейін 2176 ошақ анықталып, барлығына залал­сыздандыру жұмыстары мен індетке қарсы профилактикалық шаралар жүргізілген. Вирусты жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған адамдар­дың да барлығы жергілікті емдеу-сауықтыру мекеме­лерінің 14 күндік бақылауына алынған.

Денсаулық сақтау министрлігінің 18 қаңтардағы мәліметі бойынша елде 24 875 науқас Covid-19 вирусынан емделіп жатыр екен. Оның 13 180-і КВИ+ яғни ПЦР тесті оң нәтижені көрсеткендер болса, 11 695 КВИ- пневмониямен ауырып жатқандар. Олардың ішіндегі 6 570 пациент стационарда, 18 305 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдау үстінде. Бүгінгі таңда 294 адам ауыр жағдайда жатыр және 40 адам ӨЖЖ аппаратына қосылған. Сондай-ақ КВИ+ пен КВИ- шалдыққандардың арасында 60 пациенттің жағдайы өте ауыр деңгейде.

Коронавирус бойынша әлемдік ахуал да жақсы деңгейде деуге келмейді. Мәселен, Бельгияның Батыс Фландрия ауданында Covid-19-дың британдық штаммы тіркелген. Хаутхульстта 128 адам вирустың мутацияланған түрін жұқтырған. Әзірге мұндай вирусты жұқтырғандар аз болса да, рождестволық мерекеге келген шетелдіктер оның таралуына ықпал етуі мүмкін деп алаңдауда.

Ал Бразилияда коронавирус инфекциясын жұқ­тырған науқастарға оттегі жетіспей жатыр. Манаус қаласында вирус жұқтырған науқастардың туыстары ұзын-сонар кезекте тұрып, ауруханаға оттегі бал­лондарын тасуға мәжбүр. Мемлекет басшысы Джейр Болсонару мұндай проблема бар екенін мойындап, биліктің қолынан келгенше көмек беріп жатқанын айтты.

Сонымен қатар өткен аптада БҰҰ Бас хатшысы дүние жүзінде Covid-19 вирусын 2 млн адам жұқтырғанын хабарлап, вируспен күресті күшейту керек екенін ескерткен болатын. Бас хатшы экономикасы мен әлеуеті жоғары елдер вакцинаны көптеп алса, кедей ел­дерде керісінше жағдай орын алып жатқанын айтты. Оның үстіне асығыстық танытып, вакцинаны ар­тығымен сатып алған елдер де бар екенін тілге тиек етті. Сол себептен вируспен барлық ел бірігіп күресу керек деді.

Қысқасы, эпидемиологиялық ахуал тағы да күрделенді. Індеттің алдын-алу үшін сақтық шарасын қатаң сақтау маңызды екені сөзсіз. Өткен қателіктен сабақ алып, вирустың алдын алуға өз үлесімізді қосу маңызды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: