Қазақстанда мемлекет есебінен тегін берілуі тиіс мыңдаған дәрі-дәрмектің дәріханаларда заңсыз сатылып келгені анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа таңбалау жүйесі арқылы ірі заңсыздықты анықтады, – деп хабарлайды kursiv.media
2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген дәрілерді цифрлық таңбалау жүйесі алғашқы жемісін берді. Талдау платформаның деректеріне сүйенсек, еліміз бойынша дәріханаларда 4 114 препарат заңсыз сатылған. Бұл дәрілер іс жүзінде науқастарға тегін медициналық көмек (ТМККК) аясында үлестірілуі керек еді.
Қандай дәрілер саудаланған?
Заңсыз сатылымға түскен дәрілердің ішінде күнделікті сұранысқа ие мынадай препараттар бар:
- Натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері (системалар);
- Антибиотиктердің бірнеше түрі;
- Созылмалы ауруларға (қант диабеті, қан қысымы т.б.) қарсы қолданылатын маңызды дәрілер.
Министрлік дереу 74 нысанды жоспардан тыс тексеріп, 31 мекемеге жалпы сомасы 12,3 млн теңге айыппұл салды. 43 ұйымға заң бұзушылықты жою туралы қатаң ескерту берілді. Мемлекет сатып алған, «тегін» деген белгісі болуы тиіс дәрілердің қалайша жекеменшік дәріханалардың сөресіне түсіп кеткені қазір тексеріліп жатыр. Алдын-ала мәліметке сүйенсек, заңсыздыққа барған ұйымдар бір кодты 480 мың реттен астам қайталап қолдану сияқты қулыққа барған.
Барлық материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне (Экономикалық тергеу қызметі) және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолданды. Енді бұл іспен құқық қорғау органдары айналысады.
Медицина саласындағы заңсыз ақша айналымын азайту үшін үкімет жақында жаңа өзгеріс енгізген. Енді азаматтардың ЖСН-і аурухана мен дәріхана беретін чектерде көрсетілуі мүмкін.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
