Дүйсенбі, 04 қараша, 11:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Үміт жібін жалғайтын жан

01.02.2022

1535 0

«Еңбегінен ел таныр» деген тәмсіл бүгінгі кейіпкеріміз нейрохирург Шынжырбай Оразмаханұлына арнап айтылғандай. Ел арасында есімі кеңінен танымал кейіпкеріміз өзінің біліктілігінің арқасында мыңдаған жанға өмір сыйлаған алтын қолды абзал жан. Дәрігерге жұмыс барысында ешқашан қателесуге болмайды. Бұл ұстанымды берік ұстанған жоғары санатты нейрохирургтың еңбегі еш кетпей, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр.

Ол сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан. Бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнап келеді. Бүгінде «Денсаулық – басты байлық» ұстанымымен емдеу саласында жемісті еңбек етіп жүрген Шынжырбай Оразмаханұлы 1968 жылы Шиелі ауданы, Ақмая ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді.

Мектеп бітіргеннен кейін 1985 жылы Ақтөбенің мемлекеттік медицина институтына «Емдеу» мамандығы бойынша оқуға түсті. Одан кейін 1993-1994 жылдар аралығында облыстық ауруханада хирургия мамандығы бойынша интернатурадан өтті. Алғаш еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда медицина колледжінде хирургия мамандығы бойынша дәріс беруден бастады. Сондай-ақ қосымша балалар хирургия бөлімінде дәрігер ординатор болып жұмыс істеді. Сөйтіп, 1995 жылы қазіргі нейрохирургия бөлімшесіне дәрігер ординатор болып жұмысқа орналасты. Осылайша 1996 жылы нейрохирургия саласы бойынша білімін жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы білім жетілдіру институтында оқыды. 2006 жылдан бері көп бейінді облыстық ауруханасының «Нейрохирургия» бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Шынжырбай Оразмаханұлы бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Оның бала күнгі арманы адастырмай, осы салаға деген қызығушылығы оны дәрігер етті. Осылайша нейохирургия саласында 27 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезде мидағы ісіктер мен жедел гематомаларына, омыртқа бағанасы жарықтарына, перифериялық жүйке жүйесіне күрделі оталарды жасайды. Сондай-ақ жоғарыда аталған ауру түрлерінен аудан тұрғындарына да медициналық көмек көрсетуде. Қазіргі кезде осы сала бойынша жылына 500-ге жуық ота жасайды.

– Жетінші сыныпта оқып жүргенімде әкем қатты ауырып, операцияға түсті. Бала болсам да, әкемнің аяқтан тұрып кетуіне барынша көмектестім. Сол кезде Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері Өтеген Жәленов ауылға жиі келіп, әкемнің жағдайын бақылап жүрді. Ол кісінің түрі қатал көрінетін. Тіпті бетіне тура қарауға сескенетін едік. Үнемі әкемнің жанынан табылатын маған бір келгенінде «Болашақта сен дәрігер боласың» дегені бар. Ол кісінің осы сөзі құлағымда қалып қойды. Содан дәрігер болуды армандап, өзімді осы мамандыққа дайындай бастадым, – деді ол.

«Ұстазы мықтының – ұстамы мықты». Бұл тәмсілге біздің кейіпкеріміз дәлел. Ол денсаулық саласының үздіктері Тұрғанбай Маханов, Абдулла Шүленбаевтан тәлім алып, тәжірибесін бойына сіңіріп, жан-жақты ізденді. Сондай-ақ нейрохирургия саласында Виталий Пак, Серік Ақшолақов сынды мамандардан көп нәрсені үйренгенін де тілге тиек етті. Онымен қоса өзі де жас мамандарға бар білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісті. Бүгінде шәкірттері білікті дәрігер болып, абыройлы қызмет атқаруда. Кейіпкеріміз сөз арасында Қанат Наддинов, Алмас Әбдіқали, Марат Алматов және Нұржан Байдүйсенов, ал балалар нейрохирургиясы бойынша Аманжол Айдын, Қанат Медетбаев секілді дәрігерлерді ерекше атап өтті.

Бүгінде нейрохирургия бөлімшесінде жоспарлы және жедел түрде ота жасалады. Көбіне бас-ми ауыр жарақатымен омыртқа-жұлын жарақаты кезек күттірмей жедел түрде жасалады. Ал ми ісігімен жұлын ісіктері, сондай-ақ жиі кездесетін беломыртқа, омыртқа жарықтары және басқада ауру түрлері жоспар бойынша жүргізіледі. Бұл бөлімшеге көбіне жедел түрде түсетін науқастардың дені жастар екен. Олар көбіне жол көлік оқиғасы, көше жарақатымен келеді. Ал жоспарлы науқастар арасында үлкені де, жасы да бар.

– Жыл өткен сайын, медицинаның мүмкіндіктері артып келеді. Сондықтан нейрохирургиялық ауруларды ерте бастан анықтай аламыз. Жасыратыны несі бар, ертеректе науқасты диагностикалау қиынға соқты. Ол кезде УЗИ-ға сүйеніп, диагноз қоятынбыз. Ал қазір компьютер томографиясы мен магниттік томография арқылы науқасқа диагноз ерте қойылып, ота дер кезінде жасалуда. Осылайша емделушілерді дерттен құлан таза айықтыру мүмкіндігі туып отыр. Біздің ауруханада нейрохирургия саласы бойынша оталардың барлық түрі жасалады. Тек қана ми терең ісіктеріне ота жасау өте қауіпті. Сондықтан ол науқас жолға жараса, Нұр-Сұлтан қаласындағы нейрохирургия орталығына жіберіледі. Ал қалған оталардың барлығын өзімізде жасаймыз. Оған аурухананың жағдайы мен дәрігерлердің деңгейі толық жетеді. Керісінше бізге қазір көрші облыстардан ота жасату үшін науқастар келіп, ем алады, – дейді кейіпкеріміз.

Сондай-ақ инсульттің де жасарып бара жатқанына тоқталды. Бұрын 50-ден асқан кісілер инсульт алса, қазір 20-дағы жастар да осы дерттің құрығына ілінуде. Оған ең бірінші қан қысымын уақытылы бақыламау, емханаға дұрыс тексерілмеу, өз денсаулығына немқұрайлы қарау себеп болуда. Қазіргі кезде дәрігерге жиі тексеріліп, дер кезінде ем алмай, уақыт өткізіп жүріп алатындар көп. Бір сөзбен айтқанда өз-өзіне жаны ашымайды. Осындай кезде қан қысымы бар кісілерде ауру асқына түседі. Оның соңы ми сауытына қан құйылып, ишемиялық ауру түрлеріне әкеп соғады. Бұл сала бойынша облыстық көп бейінді ауруханасында мықты дәрігерлер жұмыс істейді.

Адам өміріне тікелей жауапты болғандықтан дәрігерлердің басынан түрлі оқиғалар мен сын сағаттар өтеді. Тіпті ота үстінде тез шешім қабылдап, тәуекелге баратын сәттер де кездеседі.

– Менің нейрохирургия саласына енді келіп жатқанымда ауыр күйде түскен науқас болды. Ол уақытта компьютерлік томографияның енді келген кезеңі. Алғаш науқастың ми ішінде ісік бары анықталып, ота жасалды. Ауруханаға ес-түссіз келген үлкен кісі ертесіне есін жиды. Соған барлығымыз балаша қуанғанымыз әлі есімнен кетпейді. Сонымен қатар жұлында ісік пайда болып, екі аяғы істемей қалатын науқастарға уақытылы диагноз қойылып, аяқтан тұрып кеткенін көрудің өзі біз үшін үлкен жеңіс, – деді Шынжырбай аға.

Халықтың алғысын алып жүрген дәрігердің қызметте де мерейі үстем. Бүгінде еңбегі лайықты бағаланып жүр. Атап айтсақ, ҚР Құрмет Грамотасымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, 2011 жылы облыс әкімінің стипендиаты, 2013 жылы «Жылдың үздік маманы» атағына ие болған. Сонымен қатар 2019 жылы Қызылорда қаласының құрметті азаматы, ҚР нейрохирургиясы дамуына қосқан үлесі медалі, Алматы қаласының құрметті азаматы атақтары берілді. Бұл жетістіктер алдағы уақытта да білікті дәрігердің еңбек жолында жалғаса береріне сенім мол.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: