Сенбі, 20 сәуiр, 15:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Вакциналау инфекциялық аурулар көрсеткішін едәуір төмендетті

23.11.2022

598 0

Әрбір елде бекітілген Ұлттық егу күнтізбесі және оларға қарсы вакцинация жүргізілетін жұқпалы аурулардың тізімі болады. Сол сияқты Қазақстанның да Үкімет қаулысымен бекітілген Егу күнтізбесі бар. Онда көрсетілген жоспарлы вакциналаудың барлығы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

 Вакциналау-жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы. Профилактикалық екпелермен жоғары деңгейде қамту ұжымдық иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді, осылайша иммунизация жұқпалы аурулардан қорғап қана қоймай, жалпы қоғам денсаулығына оң әсер етеді. Бірқатар жұқпалы инфекциялардан болатын аурулар мен өлім жағдайларын едәуір азайтады.

Профилактикалық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейіргерлермен егу кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 200 екпе кабинеті жұмылдырылған.

Елімізде профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес бала туылғаннан бастап 56 жасқа дейін 20 инфекциялық ауруға қарсы иммундау жүргізіледі. Ағымдағы жылдың ІII тоқсан қорытындысы бойынша жалпы облыс көлемінде инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы прфилактикалық егулермен қамту көрсеткіші орта есеппен 87,5% құрады. Вакцинадан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ. Бұл туралы Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жүргізілген профилактикалық егулердің арқасында облыс аумағында соңғы 15 жылда дифтерия, полиомиелит, көкжөтел, сіреспе сияқты инфекциялық аурулар тіркелмеген. А, В вирустық гепатиттерімен, сондай-ақ қызамықпен, эпидпаротитпен сырқаттанушылық деңгейі спорадиялық жағдайларға дейін төмендеді.

Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде вакциналаудың қауіпсіздігіне күмән тудыратын, теріс көзқарас қалыптастыратын жарияланымдар саны артты. Мұндай негізсіз ақпараттар адамдар арасында қорқыныш пен сенімсіздіктің белең алуына әсер етеді, сәйкесінше халықтың екпемен қамтылу деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Бүгінгі күні облыс бойынша профилактикалық егуден бас тартқандардың саны 364 – ке жетті, олардың 20-сы ағымдағы жылдың І-II тоқсанында есепке алынды. Профилактикалық егуден бас тартудың негізгі себептері вакциналарға деген сенімсіздік және діни себептер болып табылады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен емдеу мекемелерінің дәрігерлерімен бірге екпелердің сапасы мен қауіпсіздігі, қажеттілі мен маңызы бойынша тұрғындар арасында тұрақты түрде санитариялық ағарту жұмыстары жүргізіледі.

Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды уақытылы вакцинациядан өтуге шақырады, себебі бұл жұқпалы аурулардың таралуына қарсы тұрудың жалғыз әрі ұтымды жолы.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: