2026 жылдың 5 ай қорытындысымен Қызылорда облысының аумағында жедел ішек инфекциялары аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Жыл басынан бері инфекция жұқтырудың 305 жадайы тіркелді.
Өткен 2025 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 9%-ға төмендеген. Ауруға шалдығу деректерінің басым бөлігі облыс орталығының үлесінде – 97%. Жұқпалы жедел ішек ауруларымен науқастанғандардың 81,6% – 14 жасқа дейінгі балалар.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандарымен жүргізілген эпидемиологиялық зерделеу жұмыстары барысында аурудың басты таралу себептері
– үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған, дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну, қайнамаған су және бала күтімі барысында жеке бас гигиенасының сақтамау салдарынан екендігі анықталды. Сонымен қатар мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектерді мөлшерден тыс пайдалану да ауруға шалдығу қаупін арттырады.Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жедел ішек инфекцияларының негізгі алдын алу шараларын ұсынады:
– жеке бас гигиенасын сақтау;
– су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі тазартылған суды пайдалану;
– жеміс пен көкөністі жақсылап жуу;
– тез бұзылатын тамақ өнімдерін салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау;
– шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке-жеке асүй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолдану. Шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;
– субұрқақтарға суға түсуді болдырмау, тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу;
– асүйді, ауланы таза ұстау.
Ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет. Өзін-өзі емдеумен айналысу аурудың асқынуына әкеп соғуы әбден мүмкін екендігін еске саламыз.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!