Жұма, 29 наурыз, 12:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Бүлік

14.08.2021

922 0

Майданнан халқын сақтау, қан-қасаптан алыс ұстау әділ басшының да, ізгілікті мұрат тұтқан көшбасшының да қадамы екені сөзсіз. Алайда ентелей енген қара күш ие бермеген сәтте еріксіз елді жиып, қарсы тұруға шақыру шешімі кешірімді секілді. Кешірімді емес, міндеттей. Отанды, бауырды, тұтастықты қорғау міндеті. Шалғайдағы Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед те осы ұстанымды таңдаған секілді. Ол халықты Тыграй аймағында тұтанған бүлікке қарсы көтерілуге, көтерілісшілерге шабуыл жасауға үндеуде. Істің мұндай аяқ алысы елдегі әскери қақтығыс әлі де ушығатынын білдіреді. Осыған орай «The Washington Post» басылымының сейсенбілік санына Макс Беарактың «Көшбасшы халықты майданға шақырды» атты мақаласы жарияланды.

Автордың айтуынша, халық та премьер-министрдің үндеуін күткендей, ел астанасы Аддис-Абебада митингке шығып, қазіргі таңда әскери қақтығыс өтіп жатқан Афар, Амхара, Тыграй аймақтарындағы көтерілісшілерге қарсы тұратынын жеткізген. Бастапқыда тек Тыграй аймағында соғысумен шектелген көтерілісшілер бүгінде ел астанасына апаратын күрежолдарды бақылауға кіріскен. Осыған орай премьер-министр ұлттық әскери күшті қарсы қойып, көтерілісшілерді жаншу керегін айтып алаңдауда. Ол үндеуенде «Қазір кәмелет жасына жеткен барлық эфиопиялықтар үшін үкімет әскеріне қосылатын кезең. Әскери жасақ пен арнайы қызмет сапына еніп нағыз Отансүйгіш қасиетті танытатын сәт» депті. Сондай-ақ лауазымды тұлға оқиғаның теріс сипат алуына тек көтерілісшілер емес, «сыртқы күштің» де әсері бар екенін жасырмаған. Әсіресе, осы кикілжіңнің басында тұрған Тыграй ұлттық азат ету қоры (TPLF) шетелдің қолшоқпары дегенді айтқан екен.

«Соңғы аптада TPLF көтерілісшілері Тыграй аймағынан өтіп, Амхара, Афар аймағында шайқас жүргізуде. Тіпті Эфиопия мен көрші Эритреяның бірккен әскеріне де дес бермеуде. Әскери іс-қимылдың үдеуі онсыз да мәз емес әлеуметтік ахуалды күрделендіріп отыр. Тыграйдағы миллиондаған тұрғын өлместің қамын кешіп, барынша тірі қалуға талпынғанымен, ушыққан обструкционизмнің әсерінен еш нәтиже шығара алмай келеді. Аймаққа тасымалданатын көмектің бөгелуіне жауласқан қос тарап бір-бірін кінәлаудан танбауда. Енді зардап шеккендер қатарына Амхара мен Афардың жүз мыңдаған халқы қосылды. БҰҰ-ның есебі бойынша, үш аймақта 700 000-ға жуық адам «аштықтың шекті жағдайында» екен. Өткен аптада TPLF көтерілісшілері 12-13 ғасырға тиесілі тарихи жәдігерлер сақталған Лалибеланы басып алса, бейсенбіде ел астанасына апаратын маңызды автожолда орналасқан Вольдияны еншіледі», – деді автор.

Автор мұндағы соғыстың озбырлығы мен қатігездігі өршіп тұрғанын айта кеткен. Қос тарап та небір жауыздыққа барып, бір-бірін жазалауға көшкен. Байланыстың жоқтығы, майдан даласына тілшілердің аяғы тимеуі оқиғаның қай деңгейге жеткенін болжауға қиындық тудыруда екен. Ал БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар агенттігінің басшысы Генриетта Форе: «Өткен аптаның бейсенбісінде көшкен тұрғындарды өлтірген жағдай тіркелді. Нәтижесінде 200 адамның қаза болғанын естіп, қайғырып отырмын. Оның ішінде 100 бала бар екен» деп мәлімдеме жасаған. Алайда оқиғаны қай тарап мойнына алғаны айтылмаған.

«Қазігі таңда жағдай күрделі. Премьер-министр үндеуге Оромия, Сомали, секілді майданға араласпаған аймақтың тұрғындары қолдау білдіреді деп үміттенуде. Айта кетейік, өткен аптада АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID -ауд.) басшысы Саманта Пауэр Эфиопия астанасына біркүндік сапар жасады. Ондағы мақсаты елге көмек ретінде берілетін 1 млрд доллардың тұрғындар игілігіне жетуіне септесу екені белгілі болды. Бір қызығы, ол премьер-министрмен жолықпаған. Оның сыры да бар. АҚШ пен батыс елдері Эфиопия билігі соғысты пайдаланып Тыграйдағы кей ұлттарды жоюға тырысқан деген күдікте. Оның үстіне құқық қорғаушылар көптеген тыграйлықтардың зорлау мен әдейі аштыққа ұшырату деректерін кездестірген. Алайда ел билігі айтылған пікірлерді түбегейлі теріске шығарып отыр», – делінген мақалада.

Не де болса Эфиопияның алдындағы негізгі міндет – әскери қақтығысты тежеу, көтерілісшілермен ымыраға келу. Себебі соңғы жылдары соғыстан елдегі басты тіршілік көзіне айналған ауыл шаруашылығы саласы тұралап, халықтың өз күнін өзі көруіне кедергі келтіруде екен. Сарапшылар да жағдай тұрақталмай, Эфиопияның экономикалық күшінің қалыпқа келуі мүмкін емес деген пікірде.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: