Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ресей-Украина: Сенбідегі соғыс

31.05.2022

1065 0

Украина жеріндегі соғыс әлі де жалғасуда. Сенбідегі ақпарат бойынша Солтүстік Донецкіге толассыз оқ жауып, қаланың 90 проценті қирандыға айналған. Қаладағы қарулы қақтығыс пен Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы соңғы жаңалықтарды CNN арнасы сағат сайын жариялап, оқиға орнынан жедел хабар таратты. «Әбігер әлем» айдарында Украина жеріндегі ең үлкен қарулы қақтығыстың бірі сенбідегі соғыстың хронологиясын ұсынып отырмыз. 

Украинаның шығысындағы Северодонецкіні қорғау мақсатында орын алған қақтығыстың әсерінен қаланың 90 проценті қираған. Бұл туралы сенбі күні таңертең Северодонецк әскери басқарманың басшысы Александр Стрюк хабарлады.

«Кеше қалаға кірер тұста қарулы қақтығыс бас­талды. Біздің әскерилер қалаға басып кірмек болған ресейлік әскерді тоқтатты. Қала қоршауға алынған жоқ. Бірақ қақтығыс әлі де жалғасуда. Азот химия зауыты артиллериялық атыс астында. Бейбіт тұрғындар мен кәсіпорын жұмысшылары арасында қаза тапқандар бар. Тұрғын үйлердің 90 проценті бүлінген, 60 процентін қалпына келтіру керек», – деді әскери басқарма басшысы радиоинтервьюде.

Осы уақытта Украина президенті Владимир Зеленский астық экспортының жартысына жуығы қазіргі уақыт­та кешіктіріліп жатқанын, өйткені Ресей елдің Қара және Азов теңіздері арқылы өтетін негізгі экспорттық жолдарын жабуды жалғастырып жатқанын айтып, жағдай­ды жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі үшін ықтимал «апат» деп атады.

Жұма күні Индонезияның сыртқы саяси сараптама орталығының интернет-форумында Зеленский: «Бүгінде элеваторларда 22 миллион тонна астық сақтаулы тұр. Біз оларды қазіргі уақытта қажет жерге, яғни халықаралық нарықтарға жеткізе алмаймыз», – деді.

Украина президенті сондай-ақ БҰҰ-ның биыл тағы 50 миллион адам ашаршылыққа ұшырауы мүмкін деген болжамын «консервативті» деп бағалап, одан да көп адам зардап шегетінін алға тартты.

«Аштық жалғыз келмейді. Ол әрқашан жағдайды ушықтыратын, адамдардың өмірін қиындататын, қара­пайым халық үшін қауіпті жағдай туғызатын саяси хаоспен бірге жүреді. Шілдеде, көптеген ел егін қоры таусыл­ғанда апаттың шынымен келе жатқанын анық түсінеді», – деді ол.

Украина президенті қараша айында Индонезияда өтетін G20 саммитіне шақыртуды да қабыл алды. Ол саммитке «тек дос елдерді» қосуға шақырды. Яғни Ресейді Бали саммитінен шығару керектігін алға тартты.

Бұған дейін жұмадағы түні Зеленский Ресей соғыс қарқынын күшейткендіктен Донбассты Украинаға қайтаратынын мәлімдеді. Өз сөзінде Зеленский Донбас­тағы қазіргі жағдайды «өте қиын» деп бағалап, Ресейдің аймақтағы атыс күшін арттырғанын айтты.

«Сондықтан біз қорғанысты күшейтіп, қарсылықты арттыруымыз керек. Сонда Донбасс қайтадан украиндық болады. Ресей Донбассқа көп қайғы-қасірет әкелсе де біз әр қаланы, әр ауылды қалпына келтіреміз», – деді Зеленский.

Ал АҚШ-тың қорғаныс министрлігі Украинаға берген негізгі көмегінің бірі болып табылатын «Stinger» зымырандарын жабдықтау үшін жетекші қару мердігері­мен 624 миллион долларлық келісім-шартқа отырды.

Жалпы «Stinger» зымырандары АҚШ-қа аса қажет болмағанымен, Украинаға соғыстың алғашқы күндерінен бастап кәдеге жарауда. Алыс қашықтыққа жетпегенімен, бұл зымырандар жерге жақын жердегі ұшақтар мен тікұшақтарды, дрондарды жаруға қауқарлы. Бұған дейін АҚШ көмек ретінде 1400 зымыран жіберген болатын.

Ресей басып алған Херсон облысы жақын маңдағы Украина аумақтарымен шекарасын жауып тастағанын сенбіде «РИА Новости» хабарлады.

Сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путин келісім-шарт бойынша әскери қызметке келетін ресейліктер мен шетелдіктер үшін жастың жоғарғы шегін жою туралы заңға қол қойды. Бұған дейін әскерге 18-40 жас аралығындағы азаматтар мен 18-30 жас аралығындағы шетелдіктер шақырылатын. Заң жобасындағы түсіндірме жазбада дәлдігі жоғары қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану үшін мамандар қажет екені және олардың 40-45 жаста тәжірибе жинақтайтыны атап көрсетілген. Бұл шектеуді алып тастап, «40 жастан жоғары азаматтар медицина, инженерия мен байланыс жүйесі саласында қызмет етеді», – деп түсіндірді шектеуді алып тастауды ұсынған мемлекеттік Думаның қорғаныс істері жөніндегі комитет басшысы Андрей Картаполов пен оның бірінші орынбасары Андрей Красов.

Сенбінің соңғы сағаттарында аймақтық әскери губернатор Ресей әскерлері Украинаның Харьков қала­сындағы ауданды атқылағанын хабарлады.

Харьков облыстық әскери басқармасының басшысы Олег Синегубов соңғы тәулікте Харьков қаласының Киев ауданы ресейлік әскерлер оқ жаудырғанын, түнде Малая Даниловка маңына бірнеше снаряд түскенін, зардап шеккендер жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ Германия мен Франция басшылары Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей президентінен Украинадағы атысты тез арада тоқтатуды және елден ресейлік әскерлерді шығаруды талап етті. Бұл туралы Германияның ресми өкілдері хабарлады.

«Германия канцлері мен Франция президенті атысты тоқтатуға және ресейлік әскерді Украинадан шығаруға шақырды. Олар Ресей президентін Украина президентімен байыпты тікелей келіссөздер жүргізуге және қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырды», – делінген Германия үкіметінің мәлімдемесінде.

Сонымен қатар екі көшбасшы Путинді жаһандық азық-түлік дағдарысын болдырмау үшін Қара теңіз арқылы украиндық астықты экспорттауға мүмкіндік беру үшін Одесса қоршауын алып тастауға шақырған.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: