Сенбі, 27 сәуiр, 00:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Украина: «Бұл тек бастамасы»

13.08.2022

759 0

Сейсенбі күні басып алынған Қырымдағы ресейлік әуе базасында болған жарылыстан кейін Украина шенеуніктері бұл соққы тек «басы ғана» деп ескертіп, Мәскеудің 2014 жылы аннексиялап алған аумақты да босатуға уәде берді. Бұл туралы «The Washington Post» басылымында Сэмми Уэстфолл, Дэн Ламот пен Рейс Теболттың «Украина Ресейге Қырымдағы жантүршігерлік жарылыстарды «басы ғана» деп ескертті» атты мақалада жазды.

Түбектің батыс жағалауында, жағажай курорттары аймағында болған жарылыстарға кім жауапты екені бірден белгілі болмады. Украина президентінің көмекшісі Киевтің шабуылға қатысы жоқ екенін алға тартты. Ал аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған америкалық шенеунік бұл соққы АҚШ қаруымен жасалмағанын мәлімдеді.

«Бұл шабуылды Украина жүзеге асырған болса, шамамен алты айға созылған соғыстың күрт өршуіне алып келеді. Бұл украиндық күштердің немесе олардың одақтастарының Ресейге алыстан соққы бере алатынын дәлелдейтін іс болмақ. Қазір ресейлік туристер өздерінің қауіпсіздігіне сенімді болғандықтан, Қара теңіздегі базаның жанында демалып жүр», − деп жазылған мақалада.

Әлеуметтік желідегі көптеген жазбадан базаның іргесінен қалың түтіннің көтеріліп жатқанын көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, олар 15:20-да Қырымдағы Новофедоровка маңында кем дегенде 12 жарылыс естіген. Бұл туралы «Reuters» хабарлады. Мәскеу ақпан айында Украинаға әскер жіберу үшін Украинаның Херсон облысымен шектесетін Қара теңіздің аумағын пайдаланған еді.

Украина бұл шабуылды өз жауапкершілігіне алған жоқ, дегенмен жоғары лауазымды адамдардың кейбір ескертулері мұнымен келіспейтіндей.

«Бүгінде Қырым мәселесіне қатысты пікір көп және бұл дұрыс. Қырым біздікі, біз оны ешкімге бермейміз», − деді Зеленский өз үндеуінде.

Әлеуметтік желіде Мәскеудің қытығына тию үшін жасалған мәлімдемеде Украина Қорғаныс министрлігі «өрттің себебін анықтай алмағанын» айтты, бірақ ресейлік тарапқа «белгіленбеген жерде темекі шегудің» қауіптілігін еске салды. Тағы бір жазбада украиндықтар ресейліктерге: «Украина Қорғаныс министрлігі Украинаның Қырым аумағында оккупациялаушы әскердің болуы туристік маусым кезеңіне сәйкес келмейтінін еске салады» деп жазуда.

«Қырым түбегі террористердің әскери базасы емес, Қара теңіздің інжу-маржаны, бірегей табиғаты бар ұлттық саябақ болуы керек. Бұл бастамасы ғана», − деп жазды Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк Twitter-де.

Подоляк ресейлік тәуелсіз интернет-хабар тарату­шы «Дождь» телеарнасына берген сұхбатында бұл шабуылды антиресейлік партизандар жасауы мүмкін екенін айтып, жауапкершіліктен бас тартты.

Ал Украина премьер-министрінің орынбасары Ирина Верещук «Бүгінгі Новофедоровкадағы жары­лыстар Қырымның кімге тиесілі екенін тағы бір еске салады. Өйткені бұл Украина», − деп жазды.

Өз кезегінде Ресей Қорғаныс министрлігі мәлім­демесінде оқ-дәрілердің Саки аэродромындағы қоймада жарылғанын және жарылысқа ешқандай қарудың қатысы жоқ екенін айтты. Қырым Ден­саулық сақтау министрлігі жарылыстан бір адам қаза тауып, тоғыз адам, оның ішінде екі бала жара­ланғанын хабарлады. Ресей қолдауындағы Қырым басшысы Сергей Аксенов «Telegram-дағы» хабарламасында жағдайдың бақылауда екенін және аймақта эвакуация болмағанын айтты. Сонымен қатар Новофедоровкадағы үйлерден 30-ға жуық адам жақын маңдағы пансионаттар мен қонақүйлерге көшірілді деп хабарлады «РИА Новости».

Аксенов тамыздан бастап, нақтырақ 9 және 24 та­мызда кейбір аудандарда, соның ішінде кейбір қала мен мемлекеттік мекемелерде террорлық қауіптің «жоғары («сары») деңгейі енгізілетінін айтты.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: