Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 07:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Ақша деген не?

12.11.2022

5089 0

Бұл сұраққа әр адам түрлі жауап беретіні анық. Ал расында «ақша» деген не? Қолдың кірі ме? Бақытты өмірдің бастауы ма? Мүмкін жай өмір сүруге жағдай жасайтын құрал шығар? Бір ғана сұрақ және мың түрлі жауап. Расында, ақшаның өмір сүру үшін маңызы жоғары екенін барлық адам түсінетіні анық. Ал бірақ сол қаржыны дұрыс пайдаланушылар қанша? Бүгінгі мақалада қаржы саласын жетік меңгерген жандардың ақша туралы айтқан пікірлерін жазуды жөн көрдік. Себебі түсінген адамға бұл ой-пікірлердің септігі тимек.

Елдің бәрі көп ақшасы болғанын қалайтыны шындық. Бірақ шын бақытты болуы үшін қанша ақша керек екенін барлығы дөп басып айтады дегенге сену қиын. Ол үшін алдымен сіздің ойыңыздағы ақшаның шындығында көлемі қандай болатынын түсіну маңызды. Сол себептен желіден 1 млн мен 1 млрд доллардың суретін қарап көріңіз.

Кейде адам баласы өзіне ұнамайтын немесе ауыр жұмыста еңбек етуге мәж­бүр. Мұны олар ай сайын төлеуі тиіс қарыздарымен, ол жұмыстан шықса табыс көзінен айрылатынымен ақтап алуға дайын. Мұның себебі бар – жүйе солай қалыптасқан. Сіз мың теңге жұмсағанда тек тапқан ақшамды жұмсадым деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Алайда сол мың теңге сіздің соны табуға кеткен уақытыңыз екенін білдіңіз бе? Мысалы, бір шаруаларыңызбен жұмысқа бармасаңыз 800 теңге табасыз. Көлік алатын болсаңыз екі есе немесе одан көп уақытыңызды жұмсайсыз. Демек, сіз әр сатып алған затыңызға ақша емес уақытыңызды төлейсіз. Міне, біз осындай шеңбердің ішінде өмір сүреміз.

Негізі бүгінгі қоғамда әр адам оны 40-45 жыл жұмыс істеуге мәжбүрлейтін қаржылық тұзақта. Сол үшін де көп адам миллионер атанған блогер немесе қосым­шаларды ойлап тапқан миллиардерге қызғанышпен қарайды. Олардың ойынша, бұл бай адамдар жеңіл өмір сүруде. Алайда бұл адамдар қаржылық тұзақтан шыға алғандар екенін мойындау керек. Сондықтан ең бірінші кезекте «ақша тек төзгісіз еңбек етуден келеді» және «әділ жолмен көп ақша табу мүмкін емес» деген қате пікірден арылыңыз.

Соңғы мәлімет бойынша әлемдік дең­гейде жеке қаржысы 30 млн доллардан жоғары ақшасы бар адамдардың 67,7 пайызы ақшаны өзі тапқан. Ал 23 пайызы мұрагерлік арқылы қол жеткізген.

Әлемдік деңгейде танымал «Starbucks» компаниясының иесі Говард Шульц кедей отбасында өмір сүрген. Танымал және ең қымбат американдық тележүргізуші Опра Уинфридің отбасы да кедей болған. Міне, осы адамдар қаржы туралы сіз білмейтін нені білуі мүмкін?

Біріншіден, ақша табу және ақша жа­сау – екі түрлі нәрсе. Бұл адамдар ақша жасап жатқанда, басқалары тек ақша табумен ғана шектеледі. Бала кезден бізге өмір сүру үшін ақша керек екені айтылды. Ал ақша болуы үшін жұмыс, жұмыс үшін оқу керек. Демек, біз білімді тек ақша табу үшін ғана аламыз. Білім беру жүйесі бізді ақша жасауға үйретпейді. Мұны кәсіпкер және оратор-мотиватор Роберт Кийосаки әрдайым айтады.

«Білім беру жүйесі бізді тек қарапайым қызметкер болуға үйретеді. Мектепте тәуекелді бағалау, өзіңе сенуге немесе өз қызығушылығыңызға қарай бизнес жасауға үйретпейді. Бізге қате жіберудің жаман екенін үйретіп, ол үшін төмен бағамен жазалайды. Алайда өмірде барлығы басқаша. Өмірде сәтсіздікке ұшыраған адам – қате жіберіп көрмеген адам», − дейді Р.Кийосаки.

«Мектептегі білім беру жүйесі адамды ешқашан қаржылық сауаттылыққа үйрет­пейді. Бұл жүйе сізді жалдамалы қызметкер, дәрігер немесе заңгер болуға үйрету үшін ғана ойлап табылған. Сіз мектепте ақшаны қалай дұрыс пайдалануды ешқашан үйренбейсіз», − дейді мотиватор.

Ал америкалық жеке қаржы саласын­дағы радиожүргізуші Дэйв Рэмси өз сөзін­де: «Өз балаларыңызға жетістікке жету білім алумен өлшенбейтінін үйретіңіз. Адам ақымақ болмас үшін білім алуы керек. Білім бізге қарапайым дүниелерді түсінуге үйретеді. Оның маңыздылығы сонда. Алайда бірнеше ғылым докторы атағы сізге жайлы өмір беретініне кепілдік жоқ. Сұранысы аз жұмысты қоғам дұрыс қабылдамайды. Сондықтан адамдар ақша­ның артынан қуып тұрақты жұмыс бар саланы таңдауға мәжбүр. Ал жеке қорда ақшаның болмауы амбициясы мықты адам­ның өзін қаржылық тұзақта ұстайды», − дейді.

Жер бетіндегі 70 пайыз адамның жинаған ақшасы жоқ. Сондықтан олар тек жалақыдан-жалақыға дейін өмір сүруге мәжбүр. Ең қиыны, олар бұған көн­діккен. Бұл тізімдегі адамдар ақшаны көп жұмсай алғанымен, қалай көп табуға болатынын білмейді. Грант Кардон осы мәселе туралы бір жақсы ой айтқан: «Бай адамдар өз уақытыңызды ақшаға айыр­бастайтыныңызды біледі және мұны оңай қолданады. Қарапайым жұмысшы болсаңыз тапқан ақшаңыз жұмыс істеген уақытыңызға тең», − дейді қаржылық сауаттылықты түсіндіретін блогер.

Қарапайым мысал, сіз ай сайын 300 мың теңге жалақы аласыз делік. Сонда 1 доллар орташа есеппен 450 теңге болған күннің өзінде сізде 1 млн доллар болуы үшін қанша жұмыс істеу керек? Ай сайын 666 доллар тапқанда сіз 1501 ай немесе 125 жыл жұмыс істеп қана 1 млн долларлы боласыз. Бұл сіздің шығын мен салықты есептемегендегі нәтиже. Одан бөлек, сіздің 1 миллионыңыздың құнын аз да болса жоя­тын инфляцияны да есептеу керек. Демек, сіз мұндай айлықпен «қаржылық тұзақтан» ешқашан шыға алмайсыз. Амалы қайсы?

Білім жүйесінің не үйрететінін түсінген, өз уақытының құндылығын түсінген адамға бұл ақпарат не береді? Қаржылық сауаттылық бұл тұзақтан шығуға жеткілікті ме? Жоқ, әрине. Сіз ойлау қабілетіңізді өзгертпейінше ақша көмектеспейді.

«Иерархияны құрған кезде сіз жеңгендер мен жеңілгендерді көресіз. Осылайша жеңгендер барлығын алады да ұтылғандар дымсыз қалады. Міне, осы себептен жер бетіндегі адамдардың 1 пайызы, бай адам­дар әлем байлығының 90 пайызына иелік етеді», − дейді Джордан Питерсон.

Қазіргі қоғамдағы басты мәселе – банк­ке берешектік. 2022 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес, Қазақстанда жеке тұлғалардың қарызы 13 триллион 918,4 миллиард теңгеге жеткен. Бірінші несиелік бюро ұсынған ақпарат бойынша, шамамен 7,65 миллион адамда кем дегенде мойнында бір несие бар. Ал Қазақстанда 2022 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша бір адамға орташа айлық жалақы 312 011 теңгені құрайды. 

Қарыздан қалай құтыларын білмейтін адам жеңіл тамаққа, ішімдікке және шылымға әуестенуі мүмкін. Сіз бұл үшін де қарыз төлейтін боласыз. Себебі келешекте бұл ауру тудырып, емхана жағалауыңызға тура келеді. Сондай-ақ қарыздан құтылудың амалын таппауыңыз сіздің балаңызға беріліп, ол да қаржылық тұзаққа түсуі ықтимал. Енді бұл тұзақтан құтылудың шын амалы қандай?

«Қарыздың жақсы және жаман түрі бар. Жаман қарызды өтеу − дұрыс шешім. Алайда ол қарызды бастапқыда-ақ алмаған дұрыс. Жаман қарыз ақшаны қалтаңыздан еріксіз шығарады, ал жақсы қарыз оны сол жерге салады.

Несие картасы жаман қарыздың мыса­лы. Өйткені адамдар оны үлкен теледидар, көлік және саяхат сияқты уақыт өте келе құнсызданатын заттарды сатып алу үшін пайдаланады. Алайда жақсы қарыз арқылы ақша табуға болатынын қарапайым халық түсінбейді. Мысалы, біреудің немесе банктің ақшасын алып сол ақшаны қымбаттатуға болады. Ол үшін инвестиция көмектеседі», − делінген Роберт Кийосакидің №2 ережесінде.

 Ал бұл қаржылық тығырықтан шығу­дың қарапайым жолы қандай? Біріншіден, оқу керек. Оқу тек университетпен, ғылыми дәрежесімен есептелмейді. Бұл орайда сіз қаржылық сауаттылығыңызды арттырып, ақшаның қалай жұмыс істейтінін түсінуіңіз керек. Ирандық-америкалық кәсіпкер Патрик Бет-Дэвид қаржылық сауаттылыққа қатысты мынадай кеңес береді: «Мен барлығын мынаны істеуге шақырамын: сауда, келіссөз, адам психологиясы мен қаржы саласын алыңыз. Осы салаға қатысты кем дегенде 400 пікірі бар және 4-тен көп жұлдызы бар кітаптарды оқып шығыңыз. Екі жыл бойы сол кітаптарды жақсылап оқып шығып, маған кері келіңіз. Шындығында, сіз маған келмек түгілі мені ұмытып та кетесіз. Себебі сіз бұл уақытта нарықты жаулап аласыз. Еңбек нарығында көп және нәтижелі жұмыс істейтін адамды сыйақы, жоғары қызмет, жоғары айлықпен марапаттайды. Ал мына салаға қатысты кітаптарды оқумен сіздің еңбек нарығындағы бағаңыз артады», − дейді.

Екіншіден, барлық қа­рыздан құтылу керек. Банкке берешектерден құты­лып,  жағдайыңыз жететін өмірді сүру керек. Әрбір шығынды есептеу де маңызды. Ол үшін ең алдымен ақшаңызды қайда жұмсайтыныңызды қағазға жазып, сол жерден сізге ең маңыздысын ғана алып қалыңыз. Әр табыстың 10-20 процентін жинаудың да сіз ойлағаннан гөрі маңыздылығы жоғары. Бұл сізге аяқасты табыссыз қалғанда немесе басқа жұмыс табу кезінде көмектеседі.

Өз-өзіңізге қарау да ақша табу­ға көмектеседі. Сіздің жеген та­мағыңыз тікелей жұмысқа деген күшіңіз бен ынтаңызға әсер етеді. Өзіңізге қаншалықты аз қарасаңыз, болашақта соншалықты ақшаңыз медицинаға, ал күшіңіз көбірек жұмыс істеуге кетеді.

Мұның барлығын істеу үшін қазір­гі жұмысыңыздан шығып кетудің қажеті жоқ. Мәселені қосымша табыс табу арқылы да шешуге болады. Қо­лыңыздан келетін дүние арқылы ақша табу жолдарын қарастырыңыз. Аз ғана уақытыңызды бөлсеңіз қосымша ақша табу жолын табатыныңыз сөзсіз.

«Орташа деңгейдегі адамның сол дең­гейде өмір сүруінің басты себебі – ол сәтсіздіктен қорқады. Ол қате жібермеуге тырысады. Өйткені оны мектепте солай үйреткен. Ал уақытыңыз болмаса сериал көруді, ойын ойнауды немесе бос отыруды қойыңыз. Сіздің мақсат – жаңа деңгейге жету, өз бағаңызды көтеру», − дейді Кийосаки.

P.S. Әрине, сіз бұл сөздерді көп жерден естіген болуыңыз мүмкін. Мұндай әрекеттің көмектесетініне күмәндануыңыз да заңды. Дегенмен ақшаның негізгі миссиясын түсінгендердің осылай жұмыс істейтінін, мұны басқаларға түсіндіру арқылы жетістікке жеткізетінін ескеру керек. Экономика қашанда құбылмалы болатыны заңдылық. Алайда мұндай кезде сіз өз бағаңызды түсірмей, керісінше қымбатырақ бола түсуіңіз керек. Сіздің істеген жұмысыңыз қымбатқа сатылса ғана сіз тығырықтан шыға аласыз.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: