Сенбі, 27 сәуiр, 10:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Өндірісі өркендеген өңір

02.11.2021

1357 0

Қала әкімдігі өндіріс саласындағы кәсіпкерлік нысандарының жұмыс барысымен танысу мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды.

Ең алдымен «AImatex» тігін цехына атбасын бұрдық. 2013 жылы ашылған тігін цехында 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда әйелдер көйлегі мен төсек орын жабдықтары тігіледі. Тігін жабдықтары Ресей елінен арнайы әкелінген. Тігін цехы тіккен киімдер облыстан бөлек еліміздің Алматы, Атырау қалаларын қамтып келеді. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейту жоспарлары бар.

Бұдан кейін Дәулет Ізбасарұлының «Әділет» шағын цехына келдік. Мұнда шығатын өнім «Таза сабын» деп аталады. Иә, кәдімгі тұрмыста пайдаланылатын жалпақ тілмен айтқанда кір сабын шығарылады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының грант бағыты бойынша 4,5 млн теңге шамасында қаржылай қолдаумен цех жұмысын жолға қойып келеді.

– Тәулігіне 1500 дана сабын шығарамыз. Біздегі басты мақсат – өнім сапасына мән беру. Ел игілігіне қызмет ету. Қарамағымда 20 жұмысшы бар. Оның тең жартысы, яғни он адам жұмыссыздық есебінен келген. Әрине, басында жұмысты бірден меңгеріп кету оңай болмады. Өнімдерімізді облыс аумағынан бөлек Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларына өткіземіз. Өндіріске қажетті құрал-жабдықты арнайы Бішкек қаласынан алдырдық. Алдағы уақытта сабын жасау мен бірге «Ұнтақ өндірісі» жобасына «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 2 проценттік несиелендіру бойынша 9 млн қаражатқа қол жеткіздік. Жаңа цех жұмысын да бастап жатырмыз. Келешекте жұмыс ауқымын кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыра бермекпіз. Бұл өз кезегінде ел әлеуетінің артуына септігін тигізеді, – дейді жеке кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы.

«КАУ ЛТД» деп аталатын жартылай фабрикатталған өнім өндіруді бастаған жеке кәсіпкер Жансия Әлсейітова 2019 жылы цехын ашқан еді. Бүгінде өндіріс орнында 4-5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 29 тағам түрі жасалып қалаішілік дүкендерге сатылуда. «Харбин» деп аталатын түшпара жасайтын аппарат Қытай елінен әкелініпті. Оның артықшылығы уақытты үнемдеумен бірге өнімді сапалы жасауға ықпалын тигізеді. Сонымен қатар қолдан түйілген түшпара да жасап шығарылады.

Біз аялдаған соңғы жұмыс цехы жеке кәсіпкер Жасұлан Әбіловтың бастамасымен құрылған тұрғын үй сыртын әрлеуге арналған құрылыс материалдарын шығарады. Ол 2019 жылдан бастап сұйық травертин өндірумен айналысуда. 2021 жылы цех аумағын кеңейту мақсатында «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орта­лығы» арқылы 2 проценттік несиелену бойынша 110 млн теңге қаржылай қолдау тапты. Цехта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкердің айтуынша, жаз мезгілінде жұмысшы саны бұдан да арта түседі.

Шаһар көлемінде жұмыс істейтін өндіріс орындарының қай-қайсысын алып қарасаң да халықтың сұранысына қажетті дүниелер әзірлеуде. Олардың әрқайсысы еліміздің экономикалық-әлеуметтік ахуалының артуына оң әсер етіп келеді. Ендеше, отандық өнімнің құны мен құндылығы тәуелсіз елмен бірге жасай бермек. Бір күнгі баспасөз турында біз осыны айқын аңғардық.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: