Жұма, 26 сәуiр, 19:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Батырдың ән мұрасы туған жерінде

21.05.2022

851 0

Ежелден Сыр өңірі – небір саңлақтарды тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Осы қастерлі мекеннің ән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, тыңдарманын қалыптастырған әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкеновтің бәсі биік.

Биыл Батырхан Шөкеновтей Сырдың даңқты ұлының өмірге келгеніне 60 жыл толып отыр. Тума таланттың 60 жылдығына орай «Отан-Ана» республикалық әншілер байқауы өтті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Батырхандай саңлақ ұлдың анасы Дилара Ибрагимқызына құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Өз кезегінде қала әкімі Асылбек Шәменов те өнер иесінің анасына ілтипат көрсетті.

Әншінің 60 жылдығына арналған «Отан-Ана» тақырыбындағы республикалық әншілер байқауы жоғары деңгейде өтті.

Екі кезеңге созылған конкурста еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 талапкер Батырхан Шөкеновтің репертуарындағы және еркін тақырыптағы әндерді орындады. Кең тынысты Сыр елінің дарынды ұлы шырқаған әсем әндер жас әншілердің орындауымен қазақ аспанына қайта қалықтады.

Талапкерлердің өнерін композитор, музыкант Ринат Гайсин, әнші, композитор Қайрат Баекенов, әнші Мадина Сәдуақасова, Динара Каирова және композитор Сәбит Ұлықпанұлы бағалады.

Сайыс қорытындысы бойынша қызылордалық Ақбота Құснадин бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орын Алматы облысынан қатысқан талапкер Алмагүл Батталиеваға бұйырды. Жүлделі екінші орын елордалық Айдын Жұмабаевқа табысталды. Үшінші орынның жүлдесін Аягөз Аралбайқызы, Азамат Бекбергенов, Жанасыл Елубаев, Айдана Риза өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар берілді. Конкурстың гала концерті орталық алаңда жалғасты.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: