Сейсенбі, 25 ақпан, 12:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15,2128
25.02.2025
PDF мұрағаты

Әлемдік инфляция және теңге: Ел экономикасына әсері қандай?

25.02.2025

95 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Соңғы жылдары әлемдік инфляция деңгейі түрлі факторлардың әсерінен өзгерістерге ұшырап, бұл ел экономикасына да ықпал етті. «APNews.com» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, әлемдік экономиканы бағалау барысында халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлемдік инфляция өткен жылғы 6,7%-дан биыл 5,8%-ға дейін, ал 2025 жылы 4,3%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Халықаралық валюта қорының ақпаратын сүйенсек, бай елдердегі инфляция бұдан да жылдам төмендейді деп болжануда. Өткен жылғы 4,6%-дан биыл 2,6%-ға дейін, ал 2025 жылы 2%-ға дейін – төмендейді. Пандемиядан кейінгі бағаның күрт өсуі Федералдық резервтік жүйе мен Еуропалық орталық банктің биыл пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуіне әкелді. Бұған дейін олар инфляцияны ауыздықтау мақсатында мөлшерлемелерді белсенді түрде көтерген еді.

Инфляция дегеніміз не?

Инфляция (латынның inflatio – «ісіну» деген сөзінен шыққан) – айналымдағы ақшаның қажеттіліктен артық мөлшерде болуынан оның құнсыздануын білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – тауарлар мен қызметтер бағасының өсіп, ал ақшаның сатып алу қабілетінің төмендеуі. Елдің қаржы жүйесіндегі ақша көлемі неғұрлым көп болып, ол белсенді түрде ұлғайған сайын, инфляция деңгейі де соғұрлым жоғары болады. Инфляция деңгейінің жоғарылауы ел экономикасына ауқымды өзгерістер әкеледі. Бірінші кезекте, бұл тұтынушыларға да, өндірушілерге әсер етеді. Бағаның тұрақсыздығы халыққа қаржысын сақтаудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүрлесе, ал бизнес иелері белгісіздік жағдайында өндіріс көлемін қысқарта бастайды. Инфляция жағдайында өнеркәсіптік өндіріс қарқыны төмендейді. Себебі болашақтағы сұраныстың қандай болатыны белгісіз, сондықтан, көптеген кәсіпкер жаңа жобаларға инвестиция салуды тиімсіз деп санайды. Капитал өндірістен гөрі жылдам пайда табуға мүмкіндік беретін салаларға – сауда мен коммерцияға бағытталады. Бұл жағдай өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты маңызды секторлардың дамуын тежейді. Сонымен қатар инфляцияның әсері халықтың қаржы жағдайында да айқын көрінеді. Ақша құнының төмендеуі банктегі жинақтардың нақты құнын азайтады, нәтижесінде азаматтар жинақтарын балама активтерге аударуға тырысады. Қарапайым халық үшін бұл тұтыну шығындарын қайта қарастыруға, арзан тауарлар мен қызметтерге көбірек мән беруге әкеледі.

Әлемдегі инфляция көшбасшылары

«ria.ru» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Аргентина әлемдегі ең жоғары инфляция деңгейіне ие ел ретінде тіркелді. Осылайша, бұл ел бірнеше жыл бойы көшбасшы болған Венесуэланы басып озды. РИА Новости есептеулеріне сүйенсек, Аргентина ұлттық валютаның күрт девальва­циясына байланысты желтоқсан айында бағаның шарық­тауын бастан өткерді. Егер қарашада инфляция деңгейі 161%-ды құраса, ал бір жыл бұрын 95% болса, желтоқсан айының соңында бұл көрсеткіш 211%-ға дейін жетті.Әлемдік инфляция деңгейі бойынша екінші орында Ливан тұр. Бұл елде бағаның жылдық өсу қарқыны 70 пайыздық тармаққа артып, 192%-ға жетті. Ливан соңғы жылдары ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешуде, бұл валюта­ның құнсыздануына, жұмыссыздықтың артуына және халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкелді.Үшінші орынды Венесуэла иеленді. Бұл елде инфляция көрсеткіші 190%-ға дейін төмендеді, бұл 2022 жылғы 234%-дан айтарлықтай төмен. Алайда Венесуэладағы гиперинфляция әлі де болса ел экономикасын тұралатқан басты факторлардың бірі болып отыр. Жергілікті тұр­ғындар шетелдік валютаны кеңінен қолдануға мәжбүр, ал ұлттық валюта тұрақсыздыққа ұшыраған. Инфляция деңгейі бойынша алғашқы бестікке Түркия (65%) және Сьерра-Леоне (52%) елдері енді. Түркия соңғы жылдары тұрақсыз инфляциялық көрсеткіштерге тап болып, ұлттық валютаның әлсіреуіне және бағаның шарықтауына жол берді. Үкіметтің ақша-несие саясатын күшейту әрекеттері нәтижесіз болып, баға тұрақсыздығы жалғасуда.

Елде баға тұрақты

Елдегі стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының жариялаған соңғы мәліметтеріне сүйенсек, еліміздегі инфляция деңгейі 2023 жылы 9,8%-дан 2024 жылы 8,6%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш инфляцияның біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын көрсетеді. Өткен жылы бағалар ақылы қыз­меттерге – 13,3%, азық-түлік емес тауарларға – 8,3%, ал азық-түлік тауарларына 5,5% өсті. Әсіресе, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы халықтың шығынын арттырды. Ақылы қызметтер бойынша суық суға тарифтер 43,1%-ға, ұялы байланыс қызметтеріне – 27%-ға, су бұру қызметіне – 25,7%-ға, орталық жылытуға – 22,3%-ға, ыстық суға – 19,2%-ға және электр энергиясына 18,4%-ға артты. Көлік қызметтеріне келер болсақ, теміржол жолаушылар тасымалының бағасы 24,9%-ға, қалалық автобустарға жол жүру ақысы 11,8%-ға қымбаттады.Сондай-ақ баллондағы сұйытылған газ бағасы 10,1%-ға, қатты отын 10,4%-ға өсті. Бұл көрсеткіштер инфляцияның тек азық-түлік пен қызметтерге ғана емес, тұрмыстық қажеттіліктерге де әсер ететінін көрсетеді.

Тұрмыстық техника мен электроникаға деген сұраныс артқанымен, олардың бағасы да едәуір көтерілді. 2024 жылы ноутбук бағасы 67,3%-ға, сымсыз құлаққаптар 55,2%-ға, USB флэш-дискілері 54,9%-ға, ал планшеттер 45,7%-ға қымбаттады.

Азық-түлік нарығында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Бірқатар өнімдердің бағасы едәуір өсті. Мысалы, картоптың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 37,7%-ға қымбаттаған. Бұл әсіресе қыс мезгілінде халықтың шығынын арттырып отыр. Сонымен қатар тәтті бұрыштың бағасы 25,5%-ға өсті. Бұл көкөніс маусымдық сұранысқа ие болғандықтан, оның бағасының жоғарылауын түсіндіруге болады. Зәйтүн майының да бағасы біршама көтеріліп, 23%-ға артқан. Бұл өнімнің шетелден импортталатынын ескерсек, жаһандық баға тұрақсыздығы да әсер еткен болуы мүмкін. Пияз 21,2%-ға, қызанақ 20,3%-ға, ал қияр 18,8%-ға қымбаттады. Осындай өсімдер күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасына тікелей әсер етуде. Дегенмен кейбір өнімдер арзандады. Қарақұмық жармасы 21,4%-ға, сәбіз 8,7%-ға, қант 3,2%-ға, күріш 2,9%-ға, төмендеді. Мұның басты себебі – аталған өнімдердің жеткізілімі мен өндіріс көлемінің артуы. Азық-түлік нарығындағы осындай құбылмалылық халықтың күнделікті тұрмысына елеулі әсер етуде.

Еліміздің әр өңіріндегі инфляция деңгейі де әртүрлі болды. Ең жоғары жылдық инфляция Астана қаласын­да тіркеліп, 10,7%-ға жетті. Бұл көрсеткіш елдегі орташа деңгейден 2,1 пайыздық тармаққа жоғары. Ал ең төменгі инфляция Алматы облысында – 6,6% деңгейінде болды. Бұл аймақтардағы айырмашылықтар экономикалық бел­сенділікке, өндіріс көлеміне және тауарлар мен қыз­меттердің жеткізілуіне байланысты болып отыр. Жетісу облысында азық-түлік тауарларының бағасы 7,9%-ға қымбаттаса, азық-түлік емес тауарлар Түркістан облысында 13,2%-ға, ал ақылы қызметтер Астана қаласында 16,9%-ға өсті.

2024 жылдың желтоқсан айында тұтыну бағаларының индексі 100,9%-ды құрады. Бұл инфляцияның белгілі бір деңгейде тұрақталғанын көрсетеді. Осы кезеңде азық-түлік тауарларының бағасы 1,1%-ға, ал азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 0,8%-ға қымбаттаған. Бұл көрсеткіштер халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етуде.

Жалпы Қазақстандағы инфляция деңгейінің төмен­деуі оң үрдіс болғанымен, жекелеген салаларда бағаның айтар­лықтай өсуі әлі де байқалуда. Ком­муналдық қызметтер, азық-түлік және тұрмыстық техника бағаларының қым­баттауы халықтың күнделікті шығындарын арттыруда. Ұлттық банктің және үкіметтің үйлесімді шаралары арқылы инфляциялық қысымды төмендету әрі эконо­микалық өсімді қолдау басты міндет болып қала береді. Инфляция динамикасын болжау және оны тиімді басқару Қазақстанның болашақ экономикалық дамуы үшін маңызды факторлардың бірі болып қала бермек.

С. Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: