Бір қазақ үйлі болса қуанамыз. Жиырма жылдан аса уақыт ішінде «Отбасы банк» ел азаматтарының баспаналы болуына септігін тигізіп келеді. Мұнда қызмет жолында үй аламын деп талаптанып жүргендерге жәрдемдесіп, алғыс арқалап жүрген жандар да бар. Солардың бірі – «Отбасы банктің» Қызылорда филиалының клиенттермен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Жанар Оспанова.
Ол еңбек жолын 1988-2005 жылдар аралығында Арал қаласындағы Агроөнеркәсіптік банктің несие бөлімінің бөлім басшысы болып бастаған. Одан кейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінде» бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарған. 2014-2019 жылдары Сбербанк, Даму, Казагрофинанс қаржы мекемелерінде жұмыс істеген. 2006-2013 жылдары «Отбасы» банктің Қызылорда облыстық филиалында мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына өз үлесін қосты. 2019 жылдың шілде айынан «Отбасы банк» клиенттермен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
– 1984-1988 жылдары Алматы ауылшаруашылық институтын финанс және кредит факультеті бойынша білім, экономист мамандығын оқыдым. Мектеп қабырғасынан математика пәнін сүйіп оқитынмын, сосын да есепке жақын болдым. Қазіргі қызметте әр отбасының баспаналы болып, қуанышын көру жаныңды жадыратады. «Отбасы банк» – елімізде жүзеге асып жатқан тұрғын үй құрылысын дамытуды мемлекеттік бағдарламаларды орындаушы басты оператор. Ең алғаш банк ашылғанда мекемелерді аралап, халықтың осы банкті тануына атсалыстық. 2008-2010, 2011-2013 жылдардағы бағдарламаларды жүзеге асыруға қатыстым. 2019 жылдан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қаламыздың сол жағалауынан бой көтерген үйлер пайдалануға берілді. Қазіргі таңда елімізде 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытудың тұжырымдамасы аясында үйлер берілуде. Әр баспанаға мұқтаж азаматқа дұрыс бағыт-бағдар беріп, тұрғын үй құрылыс жүйесі бойынша банкте қаражат жинау жолдарын түсіндіріп, дұрыс ақпарат беру басты парызым деп білемін, – дейді Жанар Нұралықызы.
Жанар Оспанова банк саласында 37 жыл қызмет атқарған. Осы жылдар ішінде қаншама адамға қызмет көрсетіп, баспаналы болуына көмектескен. Өзінің айтуынша, жұмысының арқасында халықтың алғысына бөленіп жүр.
– Біздің қызмет халықтың ықыласына бөленетін жұмыс. Себебі тұрғындардың үй алған кездегі қуанышын көру бақыты бізге бұйырған. Олардың сол кездегі көңіл күйін айтып жеткізу мүмкін емес. Әрбір қызметкер үшін өзіміз баспаналы болғандай қуанамыз. Әрбір келген жас маманға осы саланың қызметтерін дұрыс атқаруды, халыққа нақты ақпарат жеткізуді үйретемін, – дейді Жанар Оспанова.
Жанар Нұралықызы айналасында жүрген таныстарына, достарына да банк арқылы баспаналы болудың жолдарын түсіндіре жүреді. Себебі білгенін бөліскенді жақсы көреді. Халыққа ақшасын ысырап қылмай, мұқият жинақтап, баспаналы болуға кеңес беруден шаршаған емес.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!