Белгілі ақын, жазушы Қадыр Мырза Әлидің «Қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі әр қазақтың жүрегінен мәңгілік орын алған. Қасиетті қара домбыра тек музыкалық аспап емес біздің мұрамыз бен мәдениетіміздің символы. Оның жаңғырықты дыбысында қазақ тарихының естелігі, болмысымыз сақталған. Домбырамен айтылған ән, шертілген күй жанға әсер етіп, ақыл–ойды толқытып, рухты көтереді. Ұлттың осынау асыл қазынасын ұлықтап, оның мемлекеттік деңгейдегі қадір–қасиетін арттыру мақсатында арнайы мереке де бекітілген. Шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспап күні ретіне Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері тойланып келеді. Мерекеге орай төл өнеріміздің сабақтастығын үзбей қара домбыраны жанына серік еткен жас бүлдіршіндерді насихаттауды жөн көрдік. Бұл бағытта өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп жүрген білім ордасының еңбегі зор. Солардың бірі – ұлттық болмыс пен заманауи білімді ұштастырған «Айзере» балаларды дамыту орталығы.
Оқу орталығы 2022 жылдан бері мектеп қабырғасындағы балаларды біліммен қоса түрлі үйірмелерге баулып келеді.
– Балаларды оқыту және дамыту орталығында бірнеше үйірме түрлері бар. Оқушылар шахмат, вокал, би, күй, дәстүрлі ән үйірмесі, сурет, робототехника, ағылшын, мектеп алды даярлық тағы да басқа үйірме түрлеріне келіп, білімін шыңдайды. Бұл мақсатта ұстаздарымыз тынбай еңбек етуде. Қазіргі таңда 250 ден аса бала оқу орталықта түрлі үйірмелерге қатысып отыр, – деді оқу орталығының директоры Айжан Сапарбекова.
Қара домбыраны жанына серік етіп, ата-баба аманатын арқалаған «Дәстүрлі ән» үйірмесінің жетекшісі Айзада Жамбылқызы ұлттық мұрамызды ұлықтау жолын таңдаған. Осы жылдар ішінде ол қаншама өнерлі өренді тәрбиелеп, түрлі байқаулардың жеңімпазы атандырды. Бүгінде бұл өнер ордасында 100-ден астам оқушы топқа бөлініп, жас ерекшеліктеріне қарай домбырамен ән салудың қыр-сырын меңгеруде. Сахна мәдениетін қалыптастырған үйірме шәкірттері халық әндері мен авторлық туындыларды нақышына келтіре орындап, үлкен сахналарда ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатып жүр.
– Түрлі қалаларда бағын сынап жүрген өнерлі шәкірттеріміз жақында ғана Түркияда өтетін халықаралық конкурсқа жолдама алды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын есеп беру концертімізде балалар нағыз сахна сәніне айналып, көрерменді тәнті етіп келеді. Ұлттық мұраны ұлықтау жолында қасиетті домбыра – орталығымыздың оқушылары үшін ән мен термені жарыса орындайтын ең сүйікті аспабына айналды. Гаджеттер мен әлеуметтік желінің жетегінде кететін қазіргі заманда баланың рухани дамуы өте маңызды, – деді Айзада Бұрханова.
«Айзере» балаларды дамыту орталығындағы «Дәстүрлі ән» үйірмесі 7 мен 15 жас аралығындағы жас таланттардың өнер ордасы. Әсіресе жазғы демалыс кезінде уақытын тиімді өткізгісі келетін балалар үшін мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл үйірмеде аптасына 3 рет, 2 сағаттан тегін оқытады. Үйірменің басты ерекшелігі – мұнда күрделі нота сауатын үйретпей-ақ, баланың есту қабілеті мен ынтасына сүйенетін арнайы әдіс қолданылады. Соның арқасында оқушылар небәрі бір айдың ішінде домбыраның сүйемелдеуімен әнді еркін орындап, алғашқы нәтижені көрсете бастайды.
Мұндағы жас шәкірттердің саусағынан төгілген күйді тыңдай отырып, ұлттық өнердің өлмейтініне тағы бір мәрте көз жеткізесің. Кешегі Дина Нұрпейісова мен Кенен Әзірбаевтың сырлы әуен салған сара жолын қуған бүгінгі жас өнерпаздар – бабалар аманатына адал. Тәжірибелі мектептен сусындап жатқан жастар арасында Инаят Ақылбек те бар. Ұлттық өнерді жанына серік еткен Инаят биыл 7-сыныпқа қадам басқалы отыр. Алғашында нағашылары мен достарының өнеріне қызығып, үйірмеге қатысқанына биыл үш жыл.
– Үйірмедегі ұстазымның арқасында қазірдің өзінде жеті бірдей әнді еркін орындаймын. Әсіресе өзіме «Ақбұлақ» пен «Қазақ осы» әні ұнайды. Мен сияқты жас өрен үшін бұл жай ғана әуезді аспап емес, үлкен мақтаныш пен ұлттық рухтың символы деп білемін. Алда келе жатқан «Домбыра күні» мерекесі қарсаңында қасиетті қара домбыраны ұлықтап, ата-баба аманатын арқалап жүру – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Инаят Ақылбек.
4000 мың жылдық тарихы бар домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Қастерлі құндылығымызға айналған қасиетті аспап ұлттық бірегейлігімізді танытатын маңызды бренд. Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ол – ұлттың үні, тарихтың шежіресі.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!