Конституция

Сенбі, 04 шiлде, 01:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№50 (2262)
04.07.2026
PDF мұрағаты

Қоғамның санасын жаңғыртуға бағытталған құжат

04.07.2026

26 0

2026 жылғы 1 шілдеде ресми түрде күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміздің құқықтық дамуындағы жаңа тарихи белесті айқындап берді. 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумда қабылданған бұл іргелі құжат мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, ең алдымен адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын басты құндылық ретінде бекітті. Жаңа Ата Заңымыздың құқықтық қоғам үшін стратегиялық маңызға ие бірнеше басты артықшылықтарына тоқталып өтуді жөн көрдім.

Жаңа Конституцияның ең маңызды жетістіктерінің бірі – адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтеруі. Құжатта жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігіне қатысты нормалар айтарлықтай күшейтілді.

Құқықтың қорғалуы дегеніміз, адамды ұстаған кезде оған бостандығын шектеудің себептерін міндетті түрде түсіндіру, үндемеуге құқығын қамтамасыз ету сияқты халықаралық стандарттар тікелей негізгі заңда бекітілді.

Жаңа заңда қауіпсіздік кепілі ретінде азаптауға, зорлық-зомбылыққа және қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынасқа қарсы конституциялық тыйымдар қатайтылды. Бұл азаматтарды заңсыз қудалаудан қорғап, құқықтық жүйеге деген қоғам сенімін арттырады.

Адвокатура мәртебесін күшейту де қаперге алынды. Әділетті мемлекеттің басты тірегі – тәуелсіз әрі мықты адвокатура институты. Жаңа негізгі заңда адвокаттардың мәртебесі мен құқықтарын қорғауға айрықша мән берілгені қуантады.

Азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын іске асыруда адвокатураның рөлі артып, сот процесінде қорғаушы мен айыптаушы тараптың шынайы жарыспалылығы мен теңдігіне берік конституциялық негіз қаланды.

Сонымен қатар адвокаттардың өз міндеттерін ешбір қысымсыз жүзеге асыруына және олардың кәсіби қызметіне мемлекеттік органдар тарапынан араласпауға берілетін кепілдіктер нақтыланды. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғау сапасын түбегейлі арттыратын маңызды қадам.

Мемлекеттің келтірілген зиян үшін жауапкершілігі жаңа конституцияның тағы бір озық, әрі прогрессивті нормасы – мемлекеттің азаматтар мен қоғам алдындағы тікелей жауапкершілігінің күшейтілуі.

 Ендігі жерде мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың заңсыз шешімдері, іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі салдарынан азаматтарға (немесе заңды тұлғаларға) зиян келтірілген жағдайда, мемлекет оның орнын толықтай толтыруға міндетті. Бұл норма шенеуніктердің негізсіз шешім қабылдауын тежеп қана қоймай, мемлекеттік аппараттың әрбір қадамы үшін жауапкершілігін арттыратын, сол арқылы қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтатын сенімді құқықтық тетік болып табылады.

 Қорытындылай келе, 2026 жылғы жаңа Конституция – жалаң декларация емес, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған нақты құқықтық қалқан. Бұл өзгерістер қоғам мен мемлекеттің өзара жауапкершілігін жаңа деңгейге шығарып, әрбір қазақстандықтың заң алдындағы теңдігі мен қорғалуын қамтамасыз етеді.

                                                                                   Ғанибек ОТАРБАЕВ,

                           ҚР Ішкі істер органының

                        құрметті ардагері, 2 дәрежелі «Айбын» орденінің иегері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: