Конституция

Сенбі, 04 шiлде, 01:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№50 (2262)
04.07.2026
PDF мұрағаты

Ауызсу мәселесі әрқашан өзекті

04.07.2026

26 0

Комиссия отырысына қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, тиісті облыстық басқарма, департаменттердің орынбасарлары, қалалық дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Жиында күн тәртібіндегі алғашқы мәселе қаланың коммуналдық меншігіндегі мүліктерді сауда-саттыққа шығару жайы болды. Қазіргі таңда пайдаланылмай тұрған бұрынғы «Ардагерлер үйі» ғимаратын және «Қызылорда тазалығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын теңгеріміндегі тозығы жеткен арнайы техникалар мен автокөліктерді қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес аукцион арқылы сауда-саттыққа шығару мәселесі талқыланды. Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова бұл қадам коммуналдық мүлікті тиімді басқаруға, оны күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды азайтуға және жергілікті бюджет кірісін ұлғайтуға бағытталғанын жеткізді.

–        Бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен бұл нысан республикалық деңгейдегі бес бірдей мекемеге ұсынылған болатын. Алайда, олардың екеуінің шаршы метрі сәйкес келмесе, бірі автотұрақтың жоқтығынан, ал қалғандары басқа да себептермен көшуден бас тартқан. Осыған байланысты ғимаратты «Е-Қазына» веб-порталы арқылы электронды аукционға шығару туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар «Қызылорда тазалығы» мекемесінің ескірген қоқыс таситын көліктер және басқа да арнайы техникаларын ұстап тұру тиімсіз болып отыр.  Қазіргі таңда мекеме лизинг арқылы жаңа техникалар алып жатқандықтан, тозығы жеткен көліктерді бағалау жұмыстарынан кейін заңды түрде аукционға қойылмақ, – деді Гүлнәр Бұрханқызы.

   Күн тәртібіндегі өзекті мәселе мәслихат депутаттарының тарапынан қызу талқыланып, комиссия мүшелері аталған ұсынысты бір ауыздан қолдап, дауыс берді

   Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және су сапасына жүргізілген санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері баяндалды. Тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер ететін мәселені депутаттар жан-жақты талқылады. Басқосуда су сапасын тұрақты бақылауда ұстау, залалсыздандыру жұмыстарын күшейту және инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар бұл бағытта халықты уақытылы ақпараттандыру бойынша да бірқатар маңызды ұсыныс ортаға салынды. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бейбіт Бидаштың айтуынша, Қызылорда қаласы мен оған қарасты елді мекендерде ауызсу сапасына тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп келеді.

–        Жыл басынан бері орталықтандырылған су көздерінен алынған сынамалар нәтижесінде жекелеген санитариялық-химиялық және микробиологиялық сәйкессіздіктер анықталған. Кемшіліктер бойынша жауапты мекемелерге тиісті ұсыныстар жолданып, су тарату желілерін жуып-шаю және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгеннен, – деді ол.

Сонымен қатар Бейбіт Молдахметұлы ауызсу сапасының төмендеуіне су құбырларының тозуы, су қысымының төмендеуі, желілердегі апаттар мен кәріз жүйесіндегі ақаулар әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты су сапасын тұрақты бақылауды күшейту, желілерді уақтылы жаңғырту, апаттан кейінгі залалсыздандыру жұмыстарын сапалы жүргізу және инфекциялық аурулардың алдын алу бағытындағы шараларды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

– Бұл ретте тозығы жеткен ескі су құбырларын кезең-кезеңімен толық ауыстыруды алға тартып отырмыз. Су тарату желілерін заманауи материалдармен жаңартсақ, үйлердегі су қысымының тұрақтылығын толық қамтамасыз ете аламыз. Сонымен қатар ауызсудың құрамына тұрақты мониторинг жүргізу де маңызды. Орталықтандырылған су көздерінен жүйелі түрде сынамалар алып, нәтижелер бойынша жедел шаралар қабылдау жүйесін енгізсек ластанған судың таралуына тосқауыл қойып, су арқылы таралатын түрлі инфекциялық қауіпті аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Халыққа баратын суды залалсыздандыру сапасын арттыру үшін дәстүрлі хлорлау әдісімен қатар, ультракүлгін сәулемен өңдеу және озондау сияқты заманауи тәсілдерді қолдану қажет, – деді Бейбіт Бидаш.

Жыл басынан бері өңірде ауызсудың сапасына тұрақты бақылау жүргізілуде. Осы кезеңде орталықтандырылған ауызсу жүйелерінен санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 168, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 128 су сынамасы алынған. Сонымен бірге елді мекендерден радиологиялық зерттеу үшін 14 су үлгісі тексерілді. Зерттеу нәтижесінде санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 20, ал микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 8 сәйкессіздік анықталды. Ал радиологиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай келмейтін жағдайлар тіркелген жоқ.

– Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша ай сайын қалалық әкімдік пен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тұрақты түрде мәліметтер ұсынамыз. Анықталған сәйкессіздіктерді жою, санитариялық талаптарға сәйкес келтіру үшін  «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне хат жолдадық. Нәтижесінде «Қызылорда су жүйесі» мамандары тарапынан су тарату желілерінде жуып-шаю жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ауызсу сапасы санитариялық талаптарға сәйкес келеді, – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бейбіт Бидаш.

   Комиссия отырысында берілген ұсыныстар тұрақты комиссия қаулысына енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. 

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: