Балаларды дамытады деген «Даму баланың» өзі дамымай қалды. Аталған бағдарламаға қатысты алып-қашты әңгімеден бұрын, бұлтартпас сандар санамызда сан сұрақты сансыратып тастады. Өңірде шығармашылық үйірмелер бойынша 600 млн теңге, ал спорттық секциялардан 2 млрд 603 млн теңге бюджетке кері қайтарылды. Бұл дегеніңіз талапқа сай келмейтіндердің қалтасын қалыңдата жаздағанын білдіреді. Ал бүгін мәдениет бағыты бойынша 18474 бала, спорт бойынша 12278 бала осы бағдарлама бойынша дамудың даңғылына шықты деген дерек бар.
Кешкі сағат 21.00-дің шамасында біреу есік қақты. Үлкені бар үй ерте жатады. Суыт келген бұл кім деп, елеңдеп қалдық. Сөйтсек, аудандық спорт бөлімінен келген екен. Әңгіменің әлқиссасын «Балаларыңыз қандай үйірмеге барып жүр? Шынайы өтіп жатыр ма?» деп, қолхат алудан бастады. Әрине, ата-аналардың көпшілігі жұмыс уақытынан кейін ғана үйінде болады. Уақытпен санаспай тізім бойынша аралап, жағдайды шынайы бағамдап жүрген жігіттердің әрекетінен бұл саладағы қадағалаудың қатаңдай түскені көрініп тұр.
Батыл бастаманың қай-қайсысында да басы басталып, соңы сиырқұйымшақтанып кететін әдеті бар. Әуелден ел-елде, жер-жерде ашылған үйірмелердің хабарына қуандық. Бертін келе таяқтың жерге тасталғанынан үйірме жұмысының басталуы да бәсең болғаны рас. «Көш жүре түзеледі» деген ата-аналар «Үміт соңынан өледі» деп тағы да біраз күтуге бел буды. Бірақ үйірме жетекшілерінің «Ассалаумағалейкум, мен – тренермін» дегенін ғана естіп, арғысын тағы алты ай күтетіндей болған. Бірақ облыс әкімінің қатаң қадағалауынан кейін шынайылары шыңдалып, жалғандары жағаға шығып қалып жатыр.
Енді бүгінгі жағдайға оралайық. Бұл мәселе тікелей Мемлекет басшысының да назарында. Өйткені бармақ басты, көз қыстының дәурені өткелі қаш-шан?! Жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің жұмысына бақылаушы топ шам алып түсті. Нәтижесінде аймақ басшысының қадағалауымен балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға нақты қатысуы зерделеніп, негізсіз көмек алғандардың қаржысы мемлекетке қайтарылуда. Жаға ұстатарлық деңгейде.
– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес тамыз айынан бастап мәдениет, спорт басқармаларының жанынан арнайы зерделеу топтары құрылды. Жұмыс тобы қаржыландырылған барлық үйірмелер мен секцияларға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Екі айдың ішінде мәдениет бағытында тапсырыс алып отырған 136 өнім берушіні зерделей келе, 47 кәсіпкердің жұмысында келісімшартқа сәйкес талаптардың орындалмауы анықталды. Мемлекеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуына байланысты кәсіпкерлермен келісімшарт біржақты бұзылды. Кәсіпкер мен басқарма арасындағы келісімшарттың 3.1 тармағына сәйкес олар 19 түрлі талапты орындап, балалардың қауіпсіздігіне, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасауы қажет еді, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.
Бақылаушылар назарына нысандағы бейнебақылау камералары орнатылмағаны, 30 күндік сақтау жадының болмауы, басқа аудан балаларын заңсыз тіркеу фактілері орын алғаны ілікті. Мұнан бөлек, өрт қауіпсіздік талаптары сақталмаған, өрт дабылы қондырғысы жұмыс істемейді. Ал тағы бір сын – санитарлық нормаларға сәйкес келмеуі. Бастысы, балаға жағдай жасалмаған. Қазір де ата-аналардың шағымы жіті қадағалануда.
– Спорттық үйірмелерге зерделеу жұмыстарын жүргізгенде нысан ішінде жуыну бөлмелері, киім шкафтары жабдықталмағаны және жылы судың болмауы анықталды. Осындай кемшілік жіберген 42 кәсіпкермен келісімшарт бұзылды. 25 кәсіпкер қызметін тоқтатуға өз өтінішін берді. Бүгінде 111 кәсіпкер жұмысын жалғастыруда. Ата-аналардан түсіп жатқан түрлі шағымдар бойынша тиісті шаралар қолға алынуда, – деді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев.
Кейбір ата-аналар бақылау, қадағалау жұмыстары күшейгеннен кейін «сезікті бұрын секіріп», кейбір үйірмелер ізім-қайым болса, кейбірінде аяқастынан белсенділік пайда болған. Бүгінде мектеп жасындағы бірнеше баласын дамытуды көздеп, бірнеше үйірмеге жазған ата-ананың бірі – Махаббат Сабырқызы. Ол ә дегенде адамды қызықтырған көп үйірменің қазір бірнешеуі ғана қалғанын айтады.
– Ұлымды спортқа бердім, қыздарымның бірін биге, екіншісін тоқымаға бердім. Спорттың бірнеше секциясы болған. Таңдауға тіпті бас қатырып, болашағы бар спортқа берейік деп жүргенбіз. Қазір таңдау да жоқ. Үстел теннисі үйірмесі ғана бар. Негізі одан бөлек, мектептің дәл осы спортта жұмыс істеп келе жатқан үйірмесі болатын. Жарыстардан балалар орын алып, мектептің атын шығарып жүр. Енді сол ересектердің қатарына қосылу үшін алдымен осы «Даму бала» бағдарламасы арқылы әлгі спорттың әліппесін меңгеруде. Барлығына топырақ шашуға тағы болмайды. Ішінде жауапкершілікті түсініп жұмыс істеп келе жатқандары да бар. Үлкен қызым тоқыма үйірмесінен көп нәрсе үйренді. Ұстаздары тоқыма өнерінің қыр-сырын үйретіп, ынтасын аша білді. Қалай болғанда да, нақты жұмыс істейтін үйірме қалғаны жақсы болды, – дейді ол.
Айта кету керек, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес мониторингтік топтың құрамы жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлерімен қайта жасақталды. Жаңа құрам қала және аудандардағы шығармашылық және спорттық үйірмелердің жұмысын қатаң зерделеуде. Айтпақшы, дәл осы бағдарлама аясында бір емес, екі бірдей қоғам белсендісінің басы дауға қалды деген дерек те бар. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр екен. «Әп-әдемі ән еді, шымшық айтып қор қылды» дегенді естуші едік. Тым жақсы басталған байыпты бастаманың басында осындай олқылықтар болғаны өкінішті-ақ… Әйтпегенде, талай таланттың бағын ашу үшін ар мен ожданға берік, жеке бастың емес, елдің қамын күйттегендер еңбек еткені жөн. Бұл – біздің пікір. Ал сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?!
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!