Патриоттық өнеге үлгісінің бірі – Отанын, елін, жерін сүйетін, бабалар өсиетін орындайтын жан-жақты азамат тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қасіреттер мен қиыншылықтарды еске ала отырып, жалынды жастарды Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың ерлік ісімен таныстыру мақсатында «Информатика» мамандығы, ИИ-24 оқу тобында «Бейбіт күн – батырлар аманаты» тақырыбында тәрбие сағаты болып өтті.
Тәрбие сағаты топ оқушыларының ел тыныштығын бұзған екінші дүниежүзілік соғыс күнін сахналық қойылыммен бастау алды. Соғыста халқымыздың бақыты үшін опат болған жауынгерлер рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жарияланды. Сонымен қатар соғыста ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлері туралы деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Бейбіт заман үшін күрескен ұрпақтың ерлік жолын дәріптеу, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттау, Отанды қорғау ұғымының құрғақ сөз емес екенін түсіндіру – әрбір көкірегі ояу, көзі ашық, саналы азаматтың, оның ішінде ұстаздың басты парызы.
Жауынгерлер майданда жүріп туған жеріне, туған еліне, бауырларына деген ыстық сезімдерін, сағыныштарын хат арқылы жеткізіп отырған. Сабақ барысында бір топ оқушылар «Майданнан хат» атты жинақтан туған жерімізден майдан даласына аттанған жауынгерлердің туған еліне, отбасына, анасына, асыл жарына жазған хаттарынан үзінділер оқыды. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жерлестеріміз де өшпес даңққа ие болды. Қызылорда облысы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағын алған жауынгерлер мен тылда еңбек еткен ардагерлер туралы ақпарат ұсынылды. Жеңіс жолында аянбай тер төгіп, Отан үшін қызмет еткен өз аталары жайлы мәліметтерді жинақтап әкелген топ оқушылары олардың көрсеткен ерліктерін мақтанышпен баяндап берді.
Соғыс жылдарында жауынгерлерге үлкен күш берген, жігерлендірген ақын өлеңдерінен де үзінділер оқылып, тыңдармандарды бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ Мәншүк Мәметова туралы деректі фильм көрсетіліп, батыр апамызға арналған жыр шумақтары оқылды. Мәншүк атына адал колледж жастарының жеткен жетістіктері мен ұжымның кол жеткізген толағай табыстары туралы ақпарат беріліп, топ оқушылары Мәншүк атына адал боламыз деп ескерткішке тағзым етті.
Қорыта айтқанда, бұл тәрбие сағаты – жас ұрпаққа отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, тарихқа құрмет көрсетуге бағытталған маңызды іс-шара болды. Мұндай патриоттық сабақтар арқылы жастар ерлік пен адалдықтың, батылдық пен табандылықтың мәнін ұғына түседі.
Бағдагүл Мешітбай
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!