Қымбатшылық қос бүйірден қысты десек те, даңғазалықты тыя алмадық. Шектен шыққан мал шашу, мақтану бізді кедейшілікке әкелді.
Қазір қазалы үй қыршынын жоқтауды, марқұмды жайлы орнына жайғастырып, құран шығаруды екінші орынға ығыстырып, көңіл айтып келген адамға, қайнатылатын қазанның қамына алаңдайтын дәрежеге жетті. Бұл қамсыздықтан емес, парықсыздықтан болған кесел. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» деп атқа қонған бабаларымыз мұндай ысырапқа жол беріп пе еді?! Тіпті өмірден өткен кісінің «мойнында қарызы бар ма еді?» деп қалың қарашаға сұрау салатын. Бұл нені білдіреді? Ар-иманның саулығынан, обал-сауаптан хабар береді. Ал біз ғасырдан-ғасырға ата дәстүр аманаттаған сол рәсімнен аттап, кісіні жөнелту үшін банктен несие алып, қарызға бататын халге жеттік.
Дана Абай өз заманында қазақтың бойындағы жаман қасиеттерді қалай сынаған десеңізші.
Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол,
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге жоқтау салады ол?
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Абай философиясының тереңдігі сол, бойымыздағы осы бір бойкүйездікке салынып, барымызды рәсуә қып шашып, болашағымызды ойламайтынымызға күйінеді.
Көзінің жасы тыйылмай, қайғыдан қан жұтып, адамын жоғалтып, аза бойы қаза болып отырған отбасына демеу білдіріп, жұбатуды ойлаудың орнына ол жерді хан базарға айналдырдық. Көрісіп жатқан адамды да сырттағы қазан асу, құданың қалта-құлтасын қайтару қамымен шақырып, мазасын алу да әдет болып барады. Бұрын мұндай аста-төк дастарханды да, көрпе, сүлгі таратуды да көрмедік. Қарапайым, қоңырқай дастархан жайылып, оқта-текте 80-90-нан асқан қариялар өмірден өткенде «тәбәрік» деп білегімізге қылдай шүберек байлайтын. Сүйекке кіргендерге сол кісінің киімін беретін. Қазір жаңа киім тарату сәнге айналды. Ал қыршын кеткендерге ештеңе таратпайтын еді. Қаралы үйдің айналасына бала-шаға, жастар жоламайтын-ды. Тек үлкендер жағы кіріп шығатын.
Дін өкілі Б. Мансұров қазір қаралы үйде жайбарақат ас ішіп, күліп-ойнап отыратын көріністі сынға алды. Бір кемшілігіміз – кісі қайтқан үйдегі жағдай. Марқұмды бір бөлмеге жатқызып қойып, келесі бөлмеде күзетке жиылған көпшілік әжің-күжің әңгіме айтып, бірқатары қарқылдап күліп, дастархан жасап, тамақ жеп жатады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «қазалы үй үш күн қайғырсын» дегені бар. Өйткені адам жоғалту оңай емес. Сондықтан қаралы үйге үш күн бойы аза тұтуға мұрсат берілген. Әйтсе де, қазіргі жағдайда көбінесе үй иесі қайғырудың орнына тойхана жалдаумен, сойыс малын іздеумен, базардан азық-түлік саудалап, кейде банктен несие рәсімдеумен күні өтеді. Егер алыстан ұятты қонақтары, құда-жекжаттары келсе, оларды күтіп алу, тамақтандыру көрші-көлемнің міндетіне айналу керек. Сол себептен үш күнге дейін қаралы үйде қазан қайнамасын деген шариғат тәртібін ұстанғанымыз дұрыс. Аяқ астынан орын алатын қаралы күнде дүрмекке ілесіп, ұят деп, шала бүлінбеген абзал, сондықтан ысыраптан аулақ болып, садақаны барынша қарапайым өткізейік, – дейді ол.
Бұл мәселені аймақтың ардагерлер кеңесі көтеріп, жиын өткізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев маңызды мәселені баяндамасына арқау етті.
– Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амал жасауды қаласа, жетім-жесірге, кедей-кепшікке қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі іс атқарып, өз ниетін іске асыруға болады.
Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ниет түзу болуы тиіс.
Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлдеқайда сауапты.
«Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Демек, қазалы үйде қазан көтерілмеуі керек. Қайғыдан қан жұтып отырған шаңырақтан тамақ ішіп, бос әңгіме айтып, арсыз күлкіге еру дұрыс емес. Қайта туыс-жақыны, көрші-қолаңы, жора-жолдасы демеу болып, қаралы отбасын қамқорлыққа алып, қайғысын жеңілдетіп, барлық шаруадан босатуға күш салуы қажет. Мал іздеп, базар аралап, қарыз сұрап сабылып кетпеуі тиіс. Бұл көптің көкейіндегі, халықты толғандырып, әлі күнге дейін бас қатырған мәселеге айналды. Бұған атүсті, бей-жай қарауға болмайды.
«Судың да сұрауы бар» деген бабаларымыз. Ас берудегі ысырапшылдықты түбегейлі тоқтату үшін қоғамдық ұйымдар, халық, әулет, ру басы, данагөй ақсақалдар, зиялы қауым, дін өкілдері бірге айналысып, оң нәтиже шығаруға атсалысуымыз тиіс, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев ҚМБД ас беру мәдениеті туралы арнайы құжат қабылдағанын айтты.
– Саналы тіршілік иесі – адам баласының бұл өмірге қонақ екендігі Бұқар жыраудың
«Арғымақ жалсыз, ер малсыз,
Құдайдың аманат қойған жаны
Қай күні алары болжамсыз», – деген өлең жолдарында «Аманат қойған жан» сынды бейнелі тіркеспен өрілген. Өлім – бір Құдайдан. Сондықтан да өлім қашан келетінін, кімнің кімнен бұрын, не кейін өлетінін кесіп-пішіп айтуға, жобалауға болмайтынын жырау осындай терең мағыналы жолдармен жеткізеді.
Сондай-ақ халқымызда «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген мақал бар. Бұл сөз өлімнің тек қана рухани жағынан емес, материалдық тұрғыдан да ауыр салдары бар екенін көрсетеді. Сондықтан жаназа және жерлеу рәсімдерін шариғат шеңберінен шықпай, жергілікті әдет-ғұрыпты да бұзбай, ең бастысы, ысырапқа жол бермей өткізу керек. Сол кезде дініміздің қағидалары мен халқымыздың салт-дәстүрлерін үйлестіре отырып, қоғамдағы рухани, материалдық тепе-теңдікті сақтауға болады.
Жаназа және жерлеу рәсімін бірізділікке келтіру мақсатында ҚМДБ «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарып, «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат әдебі» құжатын қабылдады.
Құжатта көтерілген мәселенің бірі – марқұмның қонақасы. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында «Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Оның үстіне мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылманның мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн.
Алыстан келген ағайынға берілетін тамақты айтпағанда, жалпы жұртқа қонақасын беру дұрыс емес. Көңіл айтып келгендер үй иелерін әбігерге салмау үшін көңіл қосын білдіргеннен кейін ол жерде көп кідірмегені жөн.
Зират – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені.
Қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және толық аты-жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылса жеткілікті. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді.
Қайтыс болған адамды қабірге қоярда денесіне артық киім кигізбей, тіршіліктегі сәндік бұйымдардың ешқайсысын өзімен бірге жерлемей, жағасы мен жеңі жоқ, тек ақ матамен ғана қою, яғни күллі мұсылманды бірдей етіп жер қойнына тапсыру тәртібі осы теңдік ұстанымын білдіреді.
Халықты құлпытас қою мәдениетінен де хабардар етсем деймін. Қабірге биіктігі 1 метр, ені 50 сантиметрден аспайтын құлпытас қою керек. Оны қымбат, бағалы тастан жасамай, Құран аяттары мен сүрелерді жазбай, барынша қарапайым болғаны дұрыс. Ол жерде жарық орнату, түрлі-түсті гүл егіп, абаттандыру сынды сәндеу жұмысын жасау орынсыз. Зират – тамашалайтын жер емес, ақыретті еске алатын мекен.
Қорыта айтқанда, жаназа және жерлеу рәсімдері – мұсылман қауымының ең маңызды діни ғибадаттарының бірі. Бұл рәсімдердің дұрыс өтуі шариғат заңына ғана емес, қоғамдағы тұрақтылыққа, әлеуметтік теңдікке де әсер етеді. Жаназа рәсімінде ысырапшылдықтан бас тартып, қарапайымдылықты сақтау – дініміздің негізгі талаптарының бірі, – дейді бас имам Дастан Жанасұлы.
Жақында облыстық ардагерлер кеңесі ысырап мәселесіне орай арнайы үндеу жариялады. Онда «Қаралы үйден тамақ ішуді тоқтату. Қайғы үстіндегі отбасыға салмақ түсірмей, көңіл айтуға келгендер тек шын жүректен дұға бағыштап, қаралы отбасыға моральдық қолдау көрсетуі керек. Қаралы үйде дастархан жаю міндет емес. Ас беруді қарапайым түрде өткізу.
Табақ-табақ ет ұсынып, мол дастархан жасаудың қажеті жоқ. Жыртыс пен сыйлық таратуды доғару. Себебі жыртыс тарату бұрын хабар жеткізу құралы ретінде қолданылғанымен, қазір бұл рәсім маңызын жоғалтты. Қазіргі заманғы жыртыс – тек жарыс пен ысырап. Қаралы үйге бұл артық шығын әкеліп, марқұмға ешқандай сауап қоспайды. Құран оқып, дұға бағыштау ғана сауапты іс. Марқұмды жерлегеннен кейінгі қаражатты сауапты іске бағыттау.
Қыршын кеткен азаматтар үшін үй тігіп, мол дастархан жаюдың орнына, тек дұға оқып, сабырлық таныту қажет. Қаралы отбасының қайғысын терең түсініп, оларды материалдық шығынға батырмай, рухани қолдау көрсету – маңызды» делінген.
Осы үндеу әлеуметтік желіге жарияланған соң пікір білдірушілер саны артты. Тұрғындар да ысырапқа жол бермеу керегін қоштайды.
Ханзада Дошан, қала тұрғыны:
«Өте дұрыс бастама. Қос қолдап қолдаймыз. Осындай өзгеріс керек, әйтпесе ел-жұрттан ұят деп кедей байғұс қарызға батып, барын қойып әлек. Өлім мен тойды шатастырып алдық».
Жалғас Ахметов, қала тұрғыны:
«Дәл осы заманда қайтыс болған кісіні жөнелтудің өзіне де 2-3млн теңге ақша керек. Өлік шыққан үйдің дастарханы тойдан кем емес. Міндетті түрде жылқы немесе ірі қара мал сою керек. Келген адамдарды кілем, көрпе, шапанмен қайтару керек. Басын қарайту үшін де қыруар қаржы керек. Сондықтан толықтай келісемін».
Болат Нұрхожаев, қоғам белсендісі:
«Ардагерлер кеңесі төрағасы, аудандық кеңес төрағалары мен аудан имамдары қолдап, қол қойып жариялау керек деп ойлаймын. Молдалар намаз шығарғанға мол ақша алуды, мал атауды да, намазда ақша таратуды, ақша әкелгендерге кілем, көрпе таратуды да доғаратын шешім қабылдасын. Ақыр аяғы марқұмды жуғанға алтын тағатын дарақылыққа, садақада дастарханды тонап алатын, соны мақтаныш көретін жағдайға жеттік. Бұл шешімге әйелдер қауымы да атсалысуы керек».
Бектемір Әбекенов, қала тұрғыны:
«Дұрыс бастама. Мысалы, өзбек ағайындар қаралы үйге әрқайсысы тандыр нанын, бауырсағын, самсасын, кәмпитін, қантын, өзге де керекті азық- түлікті апарады екен. Ал енді бізбен салыстырыңдар. Несие алып, жылқы, сиыр сойып шала бүлінеді. Бұл негізі қайғы жұтып отырған үйге қиын. Жағдайы барға білінбейді, жағдайы жоқ қазаққа өте ауыр».
Орынбасар Байтұрбай, қала тұрғыны:
«Бастама дұрыс болғанына дауым жоқ. Бірақ жергілікті әкімшілік қандай да бір тыйым салу арқылы тоқтатпаса, дастархан жаю тоқталмайды. Себебі қазақтардың алыстан келетін ағайыны мен сынайтын ағайын-тумасы жетіп артылады. Сол үшін ақсақалдар барып әкімнен тыйым салу туралы қаулы шығартсын, сонда дұрыс болады» .
P.S. Көпшіліктің пікірі сан алуан. Бірақ барлығының уәжі дәстүрге айналып бара жатқан ысырапшылдық пен дарақылықты тоқтатуды құптайды. Қазақта «әсіре қызыл тез тозар» деген мақал бар. Бәсекеге ілесіп, көрінгенге қызығып, аттандай берсек, ұрпағымызға айтар ұлағат, өсиет қалмай, дүйім елге қадіріміз қашып, орта жолда шабандап қаларымыз анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді», – деген болатын.
Олай болса, құр мақтан, даңғаза үшін мал шашуды тиятын кез келді.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!