Сыр медицинасының тарихында айтулы күн ретінде белгіленген алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалып, сәтті өтті. Жаңалыққа жаны құмар журналистер жақсы жаңалықты таратуға асыққанымыз рас. Алайда көкейде сұрақ болғаны рас.
Бауырын беріп, өз өмірін тәуекелге тіккен кім болды екен? Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік…
Бауыр циррозы диагнозы науқасқа осындан он жыл бұрын қойылған. Дәрігерлер оған осы уақытқа дейін ауырсынуды басу, қабынуды азайту үшін дәрі-дәрмектер қолданып көмектескен. Алайда консервативті емнен еш нәтиже шықпайды. Осылайша өмірін сақтап қалу үшін бауыр алмастыру қажеттігін сезінеді. Дәрігерлер бұл отаның сәтті өтуі үшін алдын-ала түрлі зерттеулер жасап, білікті мамандардан кеңес алады. Трансплантацияның Қызылордада жасалуына А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Баймаханов жетекшілік ететін трансплантологтар қолдау білдірiп, арнайы келген. Айта кетейік, көпбейінді облыстық аурухана дәрігерлері де отаға қатысып, тәжірибе алмасты.
Он сағатқа созылған ота сәтті аяқталған. Қазіргі уақытта ем алушы бұрынғы өмірiне оралды десек болады. Ем-домға тәуелділiк, уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босады. Енді жұмыс істеп, белсенді өмір салтына көше алады. Бауыр ауыстыру отасы өңірімізде алдағы уақытта жалғасын таппақ.
– Бауыр өте тез қалпына келетін мүше. Бұл қадамға бір жыл бойы өте жауапты, өте мұқият дайындық жүргізілді. Әсіресе, бізге қаржылық қолдау көрсеткен мемлекетімізге алғыс білдіреміз. Бұл әрбір адамның өмірі мемлекет үшін маңызды екенін білдіреді. Бауыр трансплантациясы – әлемдегі ең күрделі операция. Иненің жасуындай тамырларды жалғауға тура келеді. Бауыр алмастыру – жалпы хирургиядағы ең бір күрделі операция саналатындықтан жоғары маманданған санатқа жатқызылады. Біздер донор жігіттің 60 пайыз бауырын алмастырып салдық. Екеуі екі операциялық блокта жатып, алдымен донорға ота жасалды. Айта кетейік, донорға отаны облыстық аурухананың жергілікті дәрігерлері жасады, – деді қолы алтын дәрігер Болат Бимендіұлы.
Сонымен, 40 жастағы жеңгесіне бауырын бөліп берген 32 жастағы туған қайнысы екен. Жеңгесінің өмірін сақтап қалуға жанталасқан қайнысының бұл тәуекелдігін үлкен ерлік деп бағаладық.
– Пациенттің күйеуі де, бауыры да донор болуға тілек білдірген болатын. Бірақ талапқа сәйкес болмай шықты. Сондықтан үшінші адам қайнысының донорлығы сәйкес болып шықты. Осылайша донор ретінде қайнысының бауырының 60 пайызы реципиентке салынды, – деді А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Баймаханов.
76 науқас кезек күтіп тұр
Мұндай күрделі оталар бұрын тек Алматы, Астана қалаларында жасалса, қазір оған жергілікті мамандардың тәжірибесі жеткілікті. Көпбейінді ауруханада өткен жылы 6,5 мыңға жуық ота жасалды. Оның ішінде 89 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді. Ашық жүрекке 150 ота, 6 рет бүйрек трансплантациясы жасалды. Бүгінде Қызылорда облысының 16 тұрғыны еліміздің емдеу орындарында бауыр трансплантациясын жасатқан. Олардың денсаулығы жақсы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың айтуынша, өңірде 764 адам бүйрек, 76 науқас бауыр ауыстыру кезегін күтіп тұр.
– 2023 жылы облыста алғаш рет бүйрек трансплантациясы, ал кеше тұңғыш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды. Бізге қолдау білдірген ұлттық ғылыми хирургия орталығындағы әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов.
Ал А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хиругия орталығының мәліметі бойынша елімізде бауыр ауыстыруды қажет ететін екі мыңдай науқас бар.
Бауыр алмастыру – өмір сүруге мүмкіндік
Мамандардың айтуынша, адамның бауыры – ең қайырымды ағза. Өйткені кесілген бауыр уақыт өте өсіп, өзі қалпына келмек. Бұл – бауырдың ерекше қасиеті. Егер бүйрек істен шыққан жағдайда, оның қызметін диализбен емдеп алмастырып, адам өмірін ұзартуға болады. Ал бауырда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан бауыр церрозы жағдайында дүние жүзіндегі ем – бауыр алмастыру арқылы ғана адам өмірін сақтайды
Иә, елімізде соңғы жылдары бауыр ауруының түрлері көбейгені мамандарды алаңдатып отыр. Дегенмен елімізде он шақты жылда медицинадағы озық технологияның нәтижесінде ағзаны трансплантациялау қарқынды түрде дамып, керемет жетістіктерге қол жеткізуде. Отандық дәрігерлердің біліктілігінің арқасында қанша адамның өмірі ұзарды.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!