Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы (ҚКГҚ) – адам өміріне аса қауіпті, жоғары өлім-жітім көрсеткішіне ие вирустық инфекция. Бұл дерт, әсіресе, көктем мен жаз мезгілдерінде кенелердің белсенділігі артуына байланысты эпидемиологиялық қауіп төндіреді.
Дерттің басты тасымалдаушысы – иксод кенелері. Инфекция адамға келесі жолдармен жұғуы мүмкін:
Трансмиссивті жол: Вирус тасымалдаушы кене шаққан кезде;
Жанасу (контактілі) жолы: Ауру малдың қанымен немесе биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс кезінде;
Тұрмыстық жол: Науқас адаммен тығыз қарым-қатынаста болғанда (қан немесе басқа да бөлінділер арқылы).
Аурудың алғашқы белгілері:
ҚКГҚ кенеттен басталады және өте жылдам өршиді. Мына белгілер байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет:
1. Дене қызуының 39-40°С-қа дейін күрт көтерілуі;
2. Бастың қатты ауруы, буындар мен бұлшықеттердің сырқырауы;
3. Жүрек айну, құсу және іштің ауруы;
4. Геморрагиялық белгілер: Мұрыннан, қызыл иектен қан кету, тері астына қан құйылу (көгерулер мен ұсақ бөртпелер).
Сақтық шаралары: Өзіңізді қалай қорғайсыз?
Мамандар келесі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді:
• Табиғат аясында: Далаға шыққанда денені толық жабатын ашық түсті киім киіңіз (ашық түсте кене тез көрінеді). Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып, жеңі тығыз киімдерді таңдаңыз.
• Репелленттерді қолдану: Кенелерді үркітетін арнайы аэрозольдер мен кремдерді пайдаланыңыз.
• Мал шаруашылығында: Мал қырқу, сою немесе күту кезінде міндетті түрде қорғаныш қолғаптары мен арнайы киім кию қажет. Қора-жайларды жүйелі түрде дезинсекциядан (кенеге қарсы өңдеуден) өткізіңіз.
Кене шаққан жағдайда не істеу керек?
Егер денеңізден жабысқан кенені байқасаңыз, оны жалаң қолмен жұлып алуға мүлдем болмайды! Кенені езу вирус жұқтыру қаупін бірнеше есе арттырады.
• Мүмкіндігінше жақын маңдағы медициналық пунктке барыңыз.
• Кене алынғаннан кейін 14 күн бойы дәрігерлік бақылауда болыңыз. Егер осы мерзім ішінде дене қызуы көтерілсе, бұл туралы маманға міндетті түрде хабарлаңыз.
Есіңізде болсын: КҚГҚ – емделуден гөрі, алдын алу оңайырақ болатын дерт. Сақтық шараларына жауапкершілікпен қарау – сіз бен жақындарыңыздың амандығының кепілі!
Г.АХМЕТОВА,
Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының дәрігері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!