Жұма, 27 желтоқсан, 02:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда
цифрлы аймаққа айнала ма?

19.10.2024

665 0

Қызылордада алғаш рет «Digital Kyzylorda: AI in our lives» форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты − жастарға жаңа технология мүмкіндіктерін, IT және жасанды интеллект бағытындағы жаңалықтар мен тың идеяларды ерекше форматта таныстыру. Форум алаңында цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні қолдану туралы айтылды.

Форумның ашылуында сөз алған «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев өңіріміздегі жасанды интеллект пен цифрлық технология саласындағы мүмкіндіктері туралы баяндама жасады. Шара барысында «Terminator: Genesis» − роботтың жаңа дәуірі басталады» атты тақырыпта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Оралбек Абдуллаев инновация мен инженерияның шегінде робототехника саласының дамуы туралы тоқталды.
− Әрбір компонент жасанды интеллекттің керемет үйлесімі. Қазірде роботтардың барлығы дерлік жасанды интеллектпен жабдықталған және бір кездері фильмдердегі ғылыми фантастика болып көрінетін роботтар қазір шындыққа айналды. Сіздерге көрсеткен роботтардың ішінде «Optimus» моделін байқаған боларсыз. Бұл роботтардың әрқайсысының артында олардың біркелкі және дәл жұмысын қамтамасыз ететін қуатты компьютерлік жүйелерді қоса алғанда, үлкен жұмыс бар. ЖИ-мен жабдықталған роботтар адам секілді қозғалыстарды оңай қайталай алады, оларды түрлі қызметте пайдалану тиімді. Сондықтан робототехника мен жасанды интеллект саласын зерттеу және дамыту өркениетіміздің болашағы үшін үлкен маңызға ие, − дейді Оралбек Абдуллаев.
Өз кезегінде Бағдат Қадыров «GameDev: Креативті индустрия» атты тақырыпта еліміздегі ойын индустриясының қазіргі жағдайы туралы айтты.
− Креативті индустрия, әсіресе «GameDev» саласы, қазіргі заманғы экономиканың ең жылдам өсіп келе жатқан секторларының бірі. Бұл сала шығармашылық пен инновацияға негізделген және оның дамуы үшін жаңа креативті көзқарастың маңызы зор. Қазақстандағы ойын индустриясы соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Мысалы, Қазақстанда ойын түрлерін әзірлеумен айналысатын бірнеше компаниялар мен студиялар бар, олардың ішінде мобильді және компьютерлік ойындарға маманданған бірнеше студия бар. Қазақстандағы ойын индустриясының дамуына қосымша серпін беретін тағы бір фактор – халықаралық ынтымақтастық. Қазақстандық ойын студиялары әлемдік нарықтағы баспагерлермен және ойын әзірлеушілермен ынтымақтасып, жаңа ойындарды жасауға мүмкіндік алуда. Бұл әріптестіктер қазақстандық ойындардың сапасын жақсартып, халықаралық деңгейде танымал болуына ықпал етеді, − дейді Бағдат Қадыров.
Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сабит Ибадулла Қызылорда облысының цифрлық трансформациясы қарқынды даму үстінде және бұл өзгерістер өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор ықпал ететінін айтты.
− Қызылорда инновациялық шешімдер мен жаңа технологияларды қабылдауға дайын. Бұл жерде жүзеге асып жатқан цифрлық жобалар, өңірдің әлеуетін кеңейтіп, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Мысалы, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында аймақтағы цифрлық дамуға бағытталған жол картасы жасалған және бұл жоба арқылы тұрғындарға интернет қызметтерінің сапасын жақсарту мақсатында жұмыс жүруде. Сонымен қатар Қызылорда облысында «Ақылды қала» бағдарламасының негізгі бөлігінің басым көпшілігі орындалған, бұл бағдарлама арқылы қала инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсаты қойылған. Өңірімізде IT-технологиялар секторы белсенді дамып келеді. Креативтілік пен кәсіпкерлікті ынталандыратын, аймағымыздың маңызды бөлігіне айналған стартап-фестивальдар мен хакатондар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл іс-шаралар жастар стартаптары үшін бірегей мүмкіндіктер беріп, өз идеяларын кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді, − дейді Сабит Ибадулла.
Спикерлер қатарынан орын алған IT маман Айбек Оразбақов «AI және Ғылым: Жаңа идеялар генераторы» атта баяндамасында жасанды интеллектінің білім беру саласындағы рөліне тоқталып, оқушының қабілетіне қарай тәсілдерді қолдану арқылы оқу процесін жеңілдетуге болатынын айтты.
− Бұл технология мұғалімдерге күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру және оқушылардың жетістіктері туралы нақты мәліметтер беру арқылы олардың жүктемесін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар жасанды интеллект оқу материалдарын оқушылардың қабілетіне сай бейімдеуге қабілетті, бұл білім беруді тиімді етеді. Менің платформам оффлайн режимінде де жұмыс істей алады және мұғалімдерге оқу процесінде қолдау көрсетеді, − дейді ол.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Жасанды интеллект» институтының директоры орынбасары Асхат Талғатұлы да спикерлер қатарынан табылып, институт жаңалықтары мен жасанды интеллект саласындағы қызықты да пайдалы ақпараттармен бөлісті.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: