Жұма, 21 ақпан, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№13, 2126
18.02.2025
PDF мұрағаты

Склярдың бағасы немесе Сырда серпінді тірлік бар

18.02.2025

130 0

Қарқынды даму үшін алдымен стратегиялық жоспар керек. Қашан, не істейміз және қалай істейміз?

Өңір басшылары да сәт сайын әрбір жобаның елге берері болуы керек, экономикалық тиімділігі және бюджетке түсімі болғанда ғана келешегі болады дегенді айтып жүр. Әсте, бұл әрбір бастаманың халық үшін екенін айғақтайды. Кейінгі уақытта Сырдың даму даңғылына қадамы қарқынды. Оны көзбен көріп жүрген көпшіліктің де таңдай қаққан сәттері аз емес.

Алаштың алғашқы астанасы атанған Ақмешітке ат басын бұрған талайдың тәнті боп жүргенін көріп жүрміз. Кешегі аптада өңірге келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да оң бағасын беріп, өңір дамуына қызығушылық білдірді.

Айтып-айтпай, не керек, мемлекеттік тілді жоғары қойып, құрметпен қараған басшыларды көргенде риза боласың. Сырға келіп, қазақ тілінде сұхбат берген орынбасар да Ақмешіттің жай ел емес екенін ұққандай.

– Қызылорда қаласында шағын өнеркәсіп аймақтарын құруда белсенді қадамдар бар. Бұл – халықты жұмыспен қамту мен шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін жоғары деңгейдегі инфрақұрылымдық қолдау. Облыстың қолда бар әлеуеті өте маңызды. Сондықтан осы өсу динамикасын сақтау керек, – деді Роман Скляр.

Бұл – орынбасардың шағын өнеркәсіп аймақ­тарындағы жаңа жобалар мен өндіріс алаңдарына барғандағы түйген ойы. Сол жағалауды дамыту мақсатында сол жақтан шағын өнеркәсіп паркін салу туралы 2 кәсіпкердің өтінімі мақұлданған. «Тұмар» және «Техоснастка-Ремсервис» шағын өнеркәсіп аймақтары жобасының техникалық серіктесі – «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Байқоңыр» ӘКК АҚ. Бұл аумақтан ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін шығару жоспарлануда. Сүт өнімдерін, жартылай фабрикаттарды, нан-тоқаш өнімдерін өндіретін аймақта 10-80 жұмысшы еңбек етеді. Қазіргі уақытта іргетасы құйылып, бағаналары орнатылған.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында соңғы екі жылда 601 жоба жүзеге асып, 917 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл 815 жоба шеңберінде мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар шаруашылық құры­лымдарының әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсібін бастаушыларды ғимаратпен, кепілдікпен қамтамасыз ету тәжірибесі енгізілді.

Ұшақтан түскенде…

Ұшақтан төмен түскенде ең әуелі әуежайға келесіз. Сондықтан алыстан ат арытып келген қонақтардың ең бірінші көретіні де осы. Қазақ «Адамның ақылы – көзінде» дейді. Аймақтың орталығына келгендегі алғашқы көрген көрініс оның жалпы көзқарасына әсер етері анық. Роман Скляр келген сапарын әуелі осы әуежайдың жаңа терминалымен танысудан бастады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Абайұлының қатысуымен 2024 жылы 12 қара­шада «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа тер­миналы ашылды. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16,6 млрд теңге инвестиция салды, жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Әуежай арқылы «AirAstana», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компаниялары арқылы аптасына 26 рейс орындалуда. Әуе айлағы­ның өткізу мүмкіндігі 7 есе, яғни жылына 300 мың­нан 2 млн жолаушыға дейін артты. Жаңа терми­нал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы­ның (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.

Склярдың бағасы немесе Сырда серпінді тірлік бар

Өзіміз құрастырамыз, өзіміз жөндейміз!

Өндіріс аймақтарын көбейту – ел экономика­сын нығайтудың басты бағыттарының бірі. Осы ретте жолаушылар вагондарын жөндеу, техникалық қызмет көрсету кешені және вагон құрастыру зауыты ойға оралады.

Бұл жобаның құрылтайшысы – «Марал-Нұр» ЖШС. Мекеме директоры Мұрат Нұрсайытов ауқымды жобаның егжей-тегжейлі ақпаратын айтты.

– Жалпы, 15,4 млрд теңге инвестиция салы­натын жоба 2 кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезеңде жылына 560 жолаушылар вагонын ағымдағы жөндеу, 180 вагон депо жөндеу кеше­ні жоспарланған. Құрылыс толық аяқталды, қазір ішкі әрлеу жұмыстары қарқын алды. Ресейден 60 жабдық жеткізіліп, монтаждалуда. Серіктестік бұған шамамен 3,2 млрд теңге жеке инвестиция салды. Одан бөлек, жобаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 2,2 млрд теңгеге қаржыландырды. 2025 жыл­дың ІІ тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Ал екінші кезеңде жаңа технологияларды пайдаланып вагон құрастыратын өндіріс құрылмақ. Ол – жылына 30-40 вагон шығаратын «Қызылорда вагон құрастыру зауыты». Дайындық жұмыстары осы жылдың екінші жартыжылдығында басталады. Ресейден және ҚХР-дан жабдықтар сатып алуға қажетті 8 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қарастырылуда, – деді ол.

Жеті гектар жердегі зауыт

«Өндіріс» индустриялық аймағында қарқын­ды салынып жатқан заманауи кірпіш зауыты Премьер-министр орынбасарының назарын аударды. Яғни, автоматтандырылған кірпіш зауыты. «Қызылорда Саз М» ЖШС салып жатқан зауыт іске қосылғанда жылына 90 млн кірпіш шығарады. Құрылысы қарқын алған Қызылорда үшін тиімді жоба.

Зауыттың іргетасы толық құйылып, металл конструкцияларының 60 пайызы орнатылған. Құрылыс алаңында 50 жұмысшы, 11 техника еңбек етуде.

Ауқымды жоба – қарқынды даму

Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауы­ның арқасында бүгінде өңірдің энергетика саласының даму қарқыны жоғары. Біз бұған дейін де айтып жүрген 215 млрд теңгенің 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы – осы қолдаудың көрінісі.

Инвестор «Акса Энерджи» түрік компания­сы құрылысқа 127 млрд теңгеден астам инвести­ция салды. Бұл – еліміз егемендік алғалы инвес­тор салып жатқан ең ауқымды жоба. Іске қосыл­ған соң, өзімізден артылып, өзгені де жарылқай­мыз. Өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік туады. Өңір үшін айрықша маңызға ие нысан биыл ел игілігіне табысталады.

Ал елге белгілі «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытында жылына 197,1 мың тонна шыны өндіріліп, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады. Бүгінде онда 366 маман жұмыс істейді, оның 269-ы – қазақстандық, 97-сі – шетелдік. Мұнда да алға қойған айқын жоспар бар. Қытайлық инвестор алдағы уақытта 2 кезеңге жоспарланған жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ.

Инвестиция тақырыбына келген соң, айта кету керек, өткен жылы облыста негізгі капиталға 640 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайыз болды. Оның 70,5 пайызы – жеке инвестиция. Шетел инвесторларымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылдың 9 айында 171 млн доллар тікелей инвестиция тартылды. Бұл бағытта ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та арнайы тоқталып, атап өтті. Тіпті, Қызылорданың тәжірибесін басқаларға үлгі еткені де есімізде.

Жол жағдайы жақсарды

Жол тақырыбында мейманға көрсетер жұмыс көп. Бір жылдың ішінде бірнеше көшені кеңейтіп, жаңартып, айналасын абаттанды­рып үлгердік. Бұл бағытта әлі де талай жоба жүзе­ге асуда.

Өткен жылы аймақтың жол инфрақұрылы­мын дамытуға 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыз­­дан асты. Республикалық маңызы бар «Қызыл­орда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жалғасуда. Облыс аумағындағы 216 шақырымның 151 шақырымы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қосымша 30 шақырымына екі қабатты асфальт жабындысы төселді. Жұмыс қарқынды жүруде, жоба биыл толық аяқталады.

Склярдың бағасы немесе Сырда серпінді тірлік бар

Сырдың ауыз толтырып мақтана алатындай жобалары жетерлік. Айтпақшы, «Жайлы мектептің» өзі неге тұрады?! Жыл сайын қоныс тойын тойлап жатқан жүздеген отбасының қуанышы да – бөркімізді аспанға атуға лайық жетістік. Құрылыста қарқын жоғары, нәтиже де көңілге медет. Сол жағалаудағы жаңа нысандар көздің жауын алады. Мұның барлығы елді дамыту бағытындағы айқын қадамдар. Скляр Сырдың серпініне таңданды. Басқа өңірлерге барса айта жүретінін берген бағасынан да айқын аңғаруға болады.

Әлбетте, қайсыбір нысан болсын, жай ғана келушіге көрсету емес. Оның мәні мен маңызына терең бойлап, елдің кәдесіне асуы ерекше қуаныш. Қазір қоғамдағы барлық салада да даму бар.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Бағдат ЕСЖАНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: