Сәрсенбі, 13 қараша, 05:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

Үздіктерді баптаған ұстаз

12.11.2024

195 0

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Балаға білім алу мен өзін-өзі дамыту қажеттілігін сезіндіру, оқу мен ізденуге қызығу­шылығын арттыру үшін қызықты тапсырмалар мен жобаларды енгізу – С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Салтанат Омарбекованың білім берудегі басты ұстанымы. 30 жылдан астам уақыт білім саласында еңбек етіп жүрген педагог-зерттеуші өз ісінің үздігі, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, талай додада шәкірттері оза шапқан.

Жастайынан мұғалім болуды армандаған Салтанат Күнтуғанқызы мектеп бітірген соң сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне түсіп, физика-информатика мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын өзі туып-өскен Жаңақорған ауданының Машбек ауылындағы №196 мектебінен бастайды. Ал аталған білім ошағында 1999 жылдан бастап білім беруде.

Үнемі ізденісте жүретін ұстаз оқушыларды информатика пәніне қызықтыруда білім берудегі түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Баланың қызы­ғушылығын оятуда түрлі жоба дайындап, шәкіртінің қарым-қабілетін бағамдайды.

Бүгінде ІТ саланы игеру заман сұранысы. Ғылым мен технологияның күн санап дамыған сәтінде оны игере алатын жас ұрпақты тәр­биелеуде информатика пәні мұғалімдеріне зор жауапкершілік артылған. Кейіпкеріміз бұл рет­те өзіне артылған сенім үдесінен шығып, балаларды білім мен ғылымға баулып келеді. Ол тәрбиелеген оқушылар талай білім додаларында өз мықтылықтарын дәлелдеп, жүлделі орындардан көрініп келеді. Пәндік олимпиадаларда Нұрсұлтан Рахменшиев, Перизат Шымырқұл, Жандос Айтуғанов, Лаура Мадиархан, Ділдар Күзенбай, Гүлсезім Әлімхан, Таңшолпан Серікбай, Арай Нұрқасынқызы, Абдуларон Қазыбай, Балауса Үсенова, Лэйла Мұхтар сынды шәкірттері үздік деп танылса, ғылыми жобалар байқауында Томирис Ахметова, Данияр Анафин, Мұхаммедәлі Еспембетов, Дінмұхаммед Айтбай, Бекзат Аралбай, Аягөз Оразалиева, Қазбек Жапбасбай, Ләйла Мұхтар ұстаз абыройын асқақтатып жүр.

Білімді де саналы шәкірттер тәрбиелеуде үздік атанған ұстаздың өз жетістігі де жетерлік. Қашанда қоғамдық жұмыстарға, оқу-тәрбие істерінде белсенді Салтанат Күнтуғанқызы қала әкімінің, облыс әкімі  грантының жеңімпазы. Сонымен қатар білім саласындағы 30 жылдық тәжірибесіне сүйеніп, зерттеу жұмыстары мен әдістемелерді жарыққа шығарған. Еңбек жолындағы осындай еселі еңбектері елеусіз қалған емес. Ал оның еңбек жолындағы басты жеңісі – оқушыларының білім бәсекелеріндегі жетістігі.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: