Құрылтай

Сейсенбі, 14 шiлде, 11:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52 (2264)
14.07.2026
PDF мұрағаты

Қылмыс азайған

14.07.2026

64 0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қылмыстың алдын алу – прокуратура қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта қылмыс жасауға бейім және бұрын сотталған азаматтармен профилактикалық жұмыстар күшейтілуде. Прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және қылмыстың алдын алу бағытында жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлы алты айдағы қызмет нәтижелерін таныстырды. Жиын барысында өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік, қылмыстық ахуал, азаматтардың құқықтарын қорғау және бірқатар маңызды бағыттар бойынша атқарылған жұмыс барысын баяндады.

Өңірдегі қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеп, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өзара үйлесімді жұмысының нәтижесінде өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақталған. Прокуратураның мәліметінше, қылмыстың төмендеуіне профилактикалық жұмыстардың күшеюі, бұрын сотталған азаматтарды бақылаудың тиімділігі, құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы және цифрлық жобалардың енгізілуі оң әсер еткен.

Арнайы құрылған мобильді топтар есепте тұрған 1500-ден астам азаматтың тұрғылықты жері мен жұмыс орындарын тексеріп, олардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу бағытында нақты шаралар бар. Нәтижесінде аса ауыр қылмыстар 5 пайызға, қорқытып алу 80 пайызға, ұрлық 34 пайызға, мал ұрлығы  36  пайызға және бұзақылық  48  пайызға төмендеген.

Алаяқтық қылмыстарын анықтау мен оның бетін ашуда облысымыз республика бойынша үздік нәтиже көрсетіп, алғашқы бестіктің қатарынан көрінді. Прокуратура қызметінің тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау.

– Азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында прокурорлар тергеу органдарының заң талаптарына сәйкес келмейтін 38 шешімін мақұлдамады. Заңсыз ұсталған 14 азамат прокурорлардың араласуымен босатылды. Мысалы, адамды қамауға алу, тінту жүргізу сияқты маңызды процессуалдық әрекеттер заң талаптарына сай болмаса, прокурор оны мақұлдамайды. Кейбір адамдарды құқық қорғау органдары заң талаптарын бұза отырып ұстағаны анықталып, прокурордың шешімімен олар уақытша ұстау изоляторынан шығарылған. Азаматтардың заңмен қорғалатынына деген сенімін арттырып, қылмыстық қудалау органдарына жеткізілген әрбір азаматтың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін кезекші прокурорлардың қатысу тәжірибесі тұрақты жүзеге асуда, – Ризабек Ожаров.

Биыл Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, алаяқтарға өз банктік шотын немесе картасын пайдалануға беретін, яғни заңсыз ақша аударымдарына делдал болатын «дроперлерге» қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Облыста осы бап бойынша 16 азаматқа қатысты айыптау үкімдері шығарылды.

Дроперлер – интернет-алаяқтық схемаларында делдал ретінде әрекет ететін тұлғалар. Олар заңсыз жолмен алынған қаражатты өз банктік шотына қабылдап, оны басқа шоттарға аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдырып, қылмысты ұйымдастырушыларға береді. Заңға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осыған байланысты прокуратура азаматтарды банк карталары мен шоттарын бөгде адамдардың пайдалануына бермеуге, сондай-ақ жеке банктік деректерін үшінші тұлғаларға жария етпеуге шақырады.

– Азаматтардың құқығын қорғау үшін кезекші прокурордың тәулік бойы сенім телефоны іске қосылды. Байланыс нөмірлері ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланды. Тергеу сапасын арттыру мақсатында прокурорлар          1 044 нұсқау беріп, заң бұзушылықтарды жою жөнінде 50 ұсыныс енгізді. Соның нәтижесінде 310 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бүгінде прокуратура қызметіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері белсенді енгізілуде. Жобалар қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарды ерте анықтау және тергеу сапасын арттыруға көмектеседі. Облыста «IT TERGEU», «Смарт браслет», «Киберволонтер» және «Қылмыссыз өңір» жобалары табысты жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар біздің бастамамызбен қылмыстық процесті одан әрі цифрландыруға арналған «TERGEU PRO» бағдарламасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба тергеудің ашықтығы мен тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді Ризабек Кәрімұлы.

Сыр өңірі сотталғандарды жұмыспен қамтудан ел бойынша алда тұр. Бүгінде еңбекке жарамды 1 183 азаматтың 75,5%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Прокуратураның үйлестіруімен №37 және №60 мекемелерінде сегіз жеке кәсіпкер жаңа өндіріс орындарын ашып, қосымша жұмыс орындарын құрды. Қазіргі таңда бұл тергеу изоляторында еңбекке қабілетті жандар жүз пайыз жұмыспен қамтылған. «Смарт-білезік» жобасы аясында электронды бақылау құралдары көбейіп жатыр. Қазіргі таңда 255 құрылғы сатып алынса, оның    181-і биыл жергілікті бюджет есебінен іске қосылды. Алдағы уақытта тағы 50 білезік алынбақ. Мұндай кешенді шаралардың нәтижесінде аймақта қайта қылмыс жасау деңгейі 30%-ға төмендеді.

– Прокуратура органдары жүргізген тексерістердің нәтижесінде 266 мыңнан астам тұрғынның құқығы қорғалды. Сонымен қатар 11 мың азаматтың конституциялық құқығы қалпына келтірілді. Заңды белшесінен басқан 2 237 тұлға жауапкершілікке тартылса, оның 214-і – лауазымды тұлғалар. Ведомство кәсіпкерлерді қорғауды да назардан тыс қалдырмайды. 5 700-ден астам бизнес өкілінің мәселесі шешілді. Ал кәсіпкерлікке заңсыз араласып, тексеру тәртібін бұзған 18 шенеунік әкімшілік жауапқа тартылды, – деді ол.

Прокуратура кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына да ерекше назар аударып келеді. Жыл басынан бері 56 мыңнан астам баланың құқығы қорғалып, мектеп оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Adal Bala» цифрлық білім беру порталы іске қосылды. Бүгінде платформаны облыстағы 300 мектептің 180 мыңнан астам оқушысы пайдаланып отыр. Жоба оң нәтижесін беріп, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 8 пайызға, ал суицид деректері 5 жағдайдан 3 жағдайға дейін төмендеді.

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына прокурорлар да белсене араласуда. Бірлескен рейдтер барысында қоғамдық орындарды ластаған 1300-ге жуық азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ 157 заңсыз қоқыс орны анықталып, толық тазартылды.  Облыс тұрғындарымен 250-ден астам кездесу ұйымдастырылған. «Прокуратура құзыретіне кіретін мәселелер бойынша әр сейсенбі күні сағат 10-нан бастап жеке қабылдауға әзірмін», – дейді облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы.

Қызылорда облысының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: