Құрылтай

Сейсенбі, 14 шiлде, 11:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52 (2264)
14.07.2026
PDF мұрағаты

Экономикалық өсім сезіле ме?

14.07.2026

62 0

Фото: ашық дереккөзден

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш жыл бойы азаматтардың сатып алу қабілеті айтарлықтай өсім көрсете алмай келеді. Бұл үрдіс елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететіндіктен, тығырықтан шығудың жаңа жолдары қарастырылуда. Үкімет 2026-2029 жылдары халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспарды бекітті. Жоспар экономика өсімі мен халықтың нақты табысы арасындағы айырмашылықты азайту үшін қабылданған. Экономика өссе де, инфляцияның күшеюі, несие жүктемесінің артуы және табыстың біркелкі бөлінбеуі салдарынан көптеген адамның сатып алу мүмкіндігі төмендегені байқалған.

Үкіметтің кешенді жоспары халықтың табысын арттыруға, жалақы деңгейіндегі айырмашылықты азайтуға және жұмыспен қамтуды жақсартуға бағытталған. Жоспар алты негізгі бағытты қамтиды. Олар жалақыны көтеру, сапалы жұмыс орындарын құру, адами капиталды дамыту, инфляцияны төмендету, салық және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, сондай-ақ халықтың қарыз жүктемесін азайту.

Құжат аясында 2029 жылға дейін сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн адамға жеткізу, ірі инвестициялық жобалар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу жоспарланған. Дегенмен кез келген кәсіпорынған жоғарыдан бұйрық беру әдісімен жалақыны өсіруге міндеттеу – сырттай тиімді көрінгенімен, іс жүзінде кері әсерін тигізеді. Мұндай әкімшілік қысым көбіне шағын және орта бизнестің тұралап қалуына немесе «көлеңкелі экономикаға» кетіп қалуына әкеп соғады. Сондықтан жалақы мәселесін әкімшілік бұйрықпен емес, кәсіпорын ішіндегі қаржылық ағындарды қайта бөлу арқылы жүйелі түрде реттеу қажет. Осы тұста экономист Айбар Олжай мемлекет бизнеске салықтық немесе құқықтық жеңілдіктер ұсына отырып, жұмысшылардың табысын өздігінен өсіруге ынталандыруы қажет екендігін айтады.

– Халықтың табысын арттыру мәселесі инфляция деңгейінен төмен түсіп кетті. Өсім соңғы үш жыл бойы үздіксіз төмендеп келеді. Тіпті, экономиканың өсу қарқынымен салыстырғанда халықтың нақты табысының өсімі артта қалып қойды. Сондықтан бізге бәрібір жалақыны көтеру қажет. Бірақ жалақыны әкімшілік әдіспен «осыны көтер» деп бұйрық беру арқылы емес, ішкі қаржыны, оның ішінде дивидендтік және басқа да қаражаттарды қайта қарап, ішкі бөліністі дұрыс жолға қою арқылы реттеу керек, – дейді Айбар Олжай.

Сондай-ақ кешенді жоспар аясында инфляцияны төмендету үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, жәрмеңкелер өткізу, «жасыл дәліз» ұйымдастыру және тасымал тарифтерін төмендету шаралары да бар. Жоспар нәтижесінде жалақыны орта есеппен 10%-ға арттыру, халық табысының жыл сайын инфляциядан 2-3%-ға жоғары өсуін қамтамасыз ету, жыл сайын 240 мыңға дейін сапалы жұмыс орнын құру, 2029 жылға қарай инфляцияны 5-7%-ға дейін төмендету және халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығынын 40%-ға дейін азайту межеленіп отыр.

Экономикадағы тағы бір маңызды фактор – халықтың табысын өсірумен қатар, ішкі нарықты өз тауарларымызбен қамтамасыз ету. Егер біз бұл теңдікті сақтай алмасақ, елде үлкен «инфляциялық спираль» пайда болады. Жалақы өскен кезде халықтың сұранысы да автоматты түрде артатыны белгілі. Ал егер бұл сұранысты ішкі өндіріс емес, тек сырттан келетін импорт жабатын болса, халықтың қолына тиген ақша ел ішінде қалмай, шетелге кетеді.

Бұл қауіптің алдын алудың жалғыз жолы – отандық өндірісті, әсіресе азық-түлік секторын бірінші кезекте дамыту. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан нақты секторды қолдауға, елде жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашуға айтарлықтай қаражат бағытталып отыр. Мәселен, «Бәйтерек» ұлттық холдингінен бөлінетін 8 триллион теңге көлеміндеді ауқымды несиелік қолдау өндіріс орындарын көбейтуді көздейді. Сарапшының пайымдауынша, бұл қаражат жаңа жұмыс орындарын құруға, жаңа зауыттар мен белгілі бір кәсіпорындар ашуға септігін тигізеді.

– Мысалы, әр кәсіпорынның шығындар құрылымында еңбекақы төлеу қоры бар. Соның белгілі бір үлесін арттыру, соған ынталандыру арқылы жұмысты алға бастыруға болады. Бұған параллельді түрде Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу қажет. Қысқасы, жұмыс көп болуы, жұмыс орындары көптеп ашылуы тиіс. Адамдарда белгілі бір дәрежеде кез келген жұмысты таңдай алатын мүмкіндік болуы керек. Нарықта бос жұмыс орындары неғұрлым көп болса, азаматтардың да таңдау мүмкіндігі соғұрлым кеңеймек. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан бұл бағытта нақты жоспарлар қолға алына бастады, – дейді Айбар Олжай.

Нарықта жұмыс орындары көп және әртүрлі болған сайын, азаматтардың кез келген жұмысты өз қалауымен таңдау мүмкіндігі артады. Кәсіпорындар көбейген кезде жұмыс берушілер арасында білікті мамандарға деген сұраныс артып, өзара бәсеке туындайды. Ал білікті маманды өз компаниясына тарту үшін жұмыс берушілер амалсыз жалақыны өсіруге және еңбек жағдайын барынша жақсартуға мәжбүр болады.

– Кешенді жоспар осындай бағытта қатар жүреді. Біріншіден, адамдардың жалақысы артады. Екіншіден, сол табыстың бәрі импортқа кетіп қалмас үшін отандық тауарлар, әсіресе бірінші кезекте азық-түлік өндірісі көбейеді. Үшіншіден, кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындары көп болғанда адамдардың таңдау мүмкіндігі артады. Жұмысшылар өздеріне тиімді орынды таңдай алады. Нәтижесінде жұмыс берушілер арасында білікті мамандарды өзіне тарту бойынша бәсеке пайда болады. Негізгі бағдарламаның басты үш жүйесі мен идеясы міне осындай, – дейді экономист.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: