Құрылтай

Сейсенбі, 14 шiлде, 11:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52 (2264)
14.07.2026
PDF мұрағаты

Мөлдір Айтбай, ақын, «Мөлдір өлең» жобасының авторы: Әр қазақтың жүрегінде бір шумақ өлең өмір сүретіні ақиқат

14.07.2026

59 0

Басталған сәттен ел назарын аударған «Мөлдір өлең» жобасы қыза түсті. Көпшіліктің қызығушылығын оятқан бұл жоба халықтың мәнді дүниені сағынғанын, өлең десе селт етпейтін қазақ жоқ екенін байқатады. Ақындардың басын қосып, оқырманды өлең оқуға, тыңдауға қызықтыра түскен жоба авторы, Сыр перзенті, ақын Мөлдір Айтбаймен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ел назарын аударған «Мөлдір өлең» жобасы туралы айтыңызшы…
– «Мөлдір өлең» жобасы Қазақстанда тұңғыш рет өтуде. Бұрын-соңды бізде көкпардан, тоғызқұмалақтан, футболдан, спорттың кез келген түрінен, білім саласында түрлі байқаулар, олимпиадалар өтіп жатады. Айтыстан бөлек, жыршы-термешілер үшін «Мен қазақпын» сияқты жобалар бар. Сондай-ақ «SuperStar KZ», «Қазақстан Дауысы» атты ән байқаулары да бар. Мұндай жобалар үнемі ақындардан айналып өтеді. Мен сол олқылықтың орнын толтырғым келді. Екіншіден, ақындардың танылғанын қаладым. Осы ой менің миыма тыныштық бермей, тәуекел етіп басталған жоба.

Шыны керек, бір байқалғаны, халық поэзияны сағынып қалғандай. Ақындарға тілектес болып, тақымын қысып отырған оқырман көп. Жоба ойыңыздағыдай өтіп жатыр ма?

– Қазақстанда 17 облыс, 3 мегаполис бар. Сол 20 аймақтан жалпы саны әр командада 3 ақыннан 20 команда, 60 ақын сайысқа түсуде. Қазір біз тоғызыншы аптаға келдік. 10 аптадан кейін іріктеу аяқталады. 20 командадан 10 команда қалады. Одан кейін 10-нан 5-уі қалады, Бесеуден  екеу, мұнан соң жеңімпаз анықталады. Сол жеңімпаз 3 миллион ақша және «Мөлдір өлең» ауыспалы статуэткасына ие болады. Статуэтка 100 грамм алтын, 3 карат бриллианттан құйылады деп жоспарланған.

Шынымды айтсам, бұл жоба бірден көп назарын аудартады деп ойламадым. Көптің қызығушылығын оятқаны соншалық, бір оқырман: «Мен мүлдем поэзия деген нәрсені түсінбейтін едім, төрт күннен бері мына жобаны  неге көріп отырмын?» деп өз пікірін қалдырыпты. Жоба басталғалы мыңдаған адамнан хат келуде, пікір білдіріп, риясыз ризашылығын айтып жатқандар аз емес.  «Мөлдір өлең» жобасының елдің ықыласына бөленіп жатқанына қатты қуанып жүрмін. Негізі, әр қазақтың жүрегінде бір шумақ өлең өмір сүретіні ақиқат қой. Тек оны шығаруға мүмкіндік бермейміз. Әр қазақ ақын, оның дәлелі – бір үйдің Гүлнұр мен Нұргүл атты қыздарының, Ербол мен Нұрбол деген ұлдарының аттарының ұйқасуының өзі әр қазақтың ақын екендігін дәлелдейді. Әрине, жоба өз деңгейінде өтіп жатыр. Бір айта кетерлігі, тәуекел етіп бастаған жобаның жүгін де өзім көтеріп келемін.

Көптеген облыстан ат арытып келген ақындардың келу-кету шығындарына дейін өзім көтердім. Сайысқа қатысып, жеңілген ақындарды да құр қол қайтармай 100 мың теңгеден беріп жатырмын. Енді есептей беріңіз, 60 ақынға 100 мың теңгеден бергеннің өзінде 6 миллион ақша екен. Ал ол мен сияқты үйсіз-күйсіз Алматыда тұратын адам үшін үлкен қаржы. Бұл бір ақылсыздық па, білмеймін. Негізі «батыр аңғал келеді» дейді ғой, қандай аңғалдықпен бастағанымды білмеймін, әйтеуір, осы жобаны бастап кеттім. Алайда еш өкінішім жоқ, тәуекел. Бастысы, осы жобадан өзім рухани ләззат алып жүрмін. Тек «әттеген-ай» дейтіні, ақындар сайысы қыза түскен кезде өлеңді, ақынды қолдайтын демеушілер табылып, «мына ақынға ат мінгізіп, шапан жабайын деп едім» дейтін жомарт жандар табылатын шығар деп едім. Қазақтың талантты балаларын қолдап, қазақ поэзиясын демеуге келгенде қаржысы бар қазақ азаматтарының үнсіз жатқанына сәл қынжыламын.

– Жобаның екінші айналымы қай қалада өтеді деп жоспарлануда?

– Жобаның әр кезеңін әр аймақта өткізу туралы ұсыныс та болған. Алайда әр облыста өткізу үшін командаммен бару керек, қанша дайындық, қаражат керек дегендей. Сол себепті сайыстың барлық кезеңі Алматыда өте береді деп ойлап отырмын.

– Жоба авторы да, демеушісі де өзіңіз екенсіз. Кез келгеннің қолынан келе бермейтін үлкен істі қолға алдыңыз. «Мөлдір өлең» жобасы халыққа рухани қазына сыйлады десек артық айтқандық емес. Ал сізге не береді?

– Ақындар арасында мұндай жоба болмағаны рас. Жобаның авторы да, демеушісі де өзім. Әлгінде айтып өткендей, аңғалдығым ба, білмеймін, бастап кеп жіберіп, кейін қатты қобалжыдым, қорықтым да. Қазір жобаның әр сәтінен рухани ләззат алып жүрмін. Маған қанат бітірген, шабыттандыра түскен жұмыс болды. Әрине, айта берсең, қиындығы да, көтерер жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Ойға алған істі Құдай қолдады, мен бастап кеттім.

– Ақындардың іс-әрекетіне сын айтылса, қызғыштай қорғайтыныңызды байқап қалдым. Демек, ақындарға бәрі жарасады ғой…

– Ақындарға бәрі жарасады демеймін. Ақын  деген әулие емес қой. Дұрыс сын айтылса, қабылдаймын, орынсыз сыннан, ғайбаттан қызғыштай қорғаймын. Ақын жоғалып бара жатқан заманда шын ақынды көрген кезде оны жасанды заманның әрекеттерінен қорғағым келеді.

– Жаңа жобада жаңа есімдер танылды ма? «Мөлдір өлең» арқылы танылған қандай ақындарды атап айтар едіңіз?

– Осы жобада Атырау қаласының бір ақыны келмей қалып, орнына қатысқан Асылбек Мақсұтов деген жігіт есімде қалды. Өлеңдері тамаша. Асылбек мен үшін жаңа есім болды. Одан кейін Батыс Қазақстан облысынан келген Абылайхан – мен үшін жаңа есім. Бұған дейін өлеңін де, өзін де көрмеппін. Одан кейін Нұржан Қадірәлі. Атын естіп жүрсем де, өлеңдерін оқымаппын. Шығармашылығымен тамсан­дырды.

– Бүгінгі күнге дейін сайыста есіңізде жатталып қалған өлең жолдары…

– Сайыс талабы бойынша әр аптаға бөлек тақырып беріп қоямыз, сол тақырып бойынша ақындар өлеңдерін оқып шығады. Одан кейін сол жерде көрермендерден бес сөз сұрап аламыз, сол сөзге ақындар 20 минут ішінде өлең шығарып, су жаңа өлеңдерін оқиды. Үшінші кезеңде өздері қалаған ақынмен жекпе-жек шығады.

 Есімде қалған өлең жолдарын айтар болсам, Абылайдың:

 «Қайран шешем, ақкөңіл жан, аңғал жан,

 Талай көрдің перзентіңді алданған.

Жұмыс тауып бермейді ғой,

 Облыс жұмыс тауып береді ме ауданнан?

 Тоғышар көп талантына малданған», – деген осы бір шумағы есімде қалып қойыпты. Содан кейін тараздық Нұржан Қадірәлінің жаз тақырыбында: «Жұмақта да жаз еді ғой, айтпақшы, алғаш рет алма ұрлауға барғанда» деген шумағы есімде қалды. Жобаның екінші аптасында Астана мен Жетісудың сайысында Астана қаласынан келген Айзада Рахымжанова деген ақын құрбымның аяқ астынан шығарған өлеңі бар.

«Ару неге жылайды,

 Жаратқаннан ыстық сезім сұрайды.

Ғимараттың балконынан сол сезім,

Темекінің шоғы болып құлайды» деген шумағы есімде жатталып қалды. Асылбектің «Алтыннан ұшақ жасап алсам-дағы, баяғы балғын шаққа апармайды» деген өлең жолдары есімде қалды.

– Сұхбатыңызға рахмет! «Мөлдір өлең» жасай берсін!

Әңгілемелескен Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: