Бүгінде халық дайын жиһаз сатып алғаннан гөрі, өз талғамы мен үйінің өлшеміне лайықтап, тапсырыспен жасатады. Бұрын сапалы жиһаз жасайтын шеберлер аз еді. Қазіргі таңда соңғы үлгідегі жиһаз шығаратын цехтардың қатары еселеп артты. Жиһаз нарығында оқ бойы озып шығып, халықтың ықыласына бөленіп отырған кәсіпорындар баршылық. Солардың бірі де, бірегейі – «Сыр жиһазы».
Бүгінде өңірдегі жиһаз өндірісінің көшбасшысына айналған, сапасымен де, сәнімен өзгелерден дараланған кәсіпорын. Екі жыл қатарынан «Халық тұтынатын тауарлар» номинациясымен аймақта «Үздік тауар» атанып, биік белестерді бағындырып келеді. Іргелі кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен жақынырақ танысу мақсатында «Сыр жиһазына» арнайы бас сұққан едік.
Жібектің жетістікке толы жолы
Цехта қайнаған қызу тірлік. Кәсіпорын басшысы Жібек Қожахметова телефон арқылы тапсырыс қабылдап, тұтынушылармен тығыз байланыс орнатып жатқанына куә болдық. Бұл – өнімге деген сұраныс жоғары екенінің нақты дәлелі.
Бұл жетістік бір күннің жемісі емес. Үлкен ізденіс пен табанды еңбектің нәтижесі. Қызығы сол, Жібек Қожахметованың мамандығы – мұғалім. Кәсіппен айналысқанды жөн көрген ол өз тағдырын жиһаз өндірісімен байланыстырады.
– 2004 жылы осы мекемеге дизайнер болып жұмысқа орналастым. Қиялыммен түрлі дизайн сызып, адамдармен араласу маған бірден ұнады. 7 жылдай дизайнер болып, істің қыр-сырын меңгердім. Осы жерде жүріп отбасын құрдым. Содан кейін жолдасым екеуміз тәуекелге бел буып, өз жиһаз цехымызды аштық. Кезінде жас маман болып келген кәсіпорында үлкен кәсіпті жолға қойып, басқарып отырған жайым бар, – дейді кәсіпкер өткен күнге көз жүгіртіп.

Бастапқыда оңай болмады. Кәсіпті жаңа бастағанда ең бірінші ғимарат мәселесі қиындық келтіреді. Алайда оған мойымай, базар ішіндегі кішкентай орынға заттарын қойып сатады. Кейін үй салған соң, жиһазды өз үйінде құрыстыруға тура келген кездері де болған. Алғашқы ауқымды тапсырыс негізінен балабақшалардан түседі. Алғашқы табыс нәтижесінде Қытайға барып, өндіріске қажетті заманауи аппараттарды алып келген. Осылайша, 23 жылға жуық уақытын осы салаға арнаған кейіпкеріміз «Сыр жиһазын» жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Цех ішіне кіргенімізде шеберлердің де бір сәтке аялдамай, іске кіріскенін көрдік. Бірі өлшеп, бірі кесіп, әр жиһаздың мінсіз шығуына барын салуда. Олардың қолынан шыққан заманауи үлгідегі жиһаз шетелдік өнімнен кем түспейді.

Жиһаз өндірісі – үнемі дамып, жаңарып отыруды талап ететін сала. Осы орайда, мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. «Даму» бағдарламасы арқылы алған қаражаттың арқасында цехтың тынысы кеңейіп, өндіріске ең қажетті, қалада баламасы жоқ бірегей жабдықтар сатып алған. Бұл жұмыс өнімділігін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын жиһаз сапасына ерекше мән береді. Жиһаз жасауға негізінен Ресейден әкелінетін сапалы ағаштар пайдаланылады. Жиһазға қажетті әйнектер мен шынылар жергілікті «Шыны зауытынан» алынады. Өндірістік құрал-жабдықтар мен заманауи аппараттар Қытайдан әкелінген.
Бүгінде «Сыр жиһазында» 18 адам тұрақты жұмыс істейді. Біліктілікті арттыру мақсатында Алматыдан арнайы мамандар шақыртылып, жергілікті жұмысшылар оқытудан өткен. Сонымен қатар жұмысшы мамандығы бойынша білім беретін колледж студенттері осы цехта өндірістік тәжірибеден өтіп, қолынан іс келетіндер тұрақты жұмысқа қалады.
Қазіргі таңда «Сыр жиһазы» тек үй жиһаздарын ғана емес, кеңселерге, мектептер мен балабақшаларға арналған жабдықтарды да көптеп шығарады. Тіпті, аудандардан да тапсырыстар түсуде. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс орындап келеді.
Кәсіп жүргізу оңай шаруа емес. Нарықта заңдылықтар мен салық талаптары бар, бәсеке де өте жоғары. Бір аймақтың, тіпті бір ғана Қызылорда қаласының өзінде 300-ден астам жеке жиһаз цехы бар. Мұның барлығы бәсеке. Жібек Нұрмағанбетқызының айтуынша, бәсекелестік бар жерде ғана даму болады және кәсіпкерлер табысқа қол жеткізе алады.

– Кәсіп бастаудың ар жағында үлкен қажыр-қайрат пен тәуекел жатыр. Жаңадан іс бастайтын адам ең бірінші кезекте дағдарысқа дайын болуы керек. Дүние-мүлік қуып кетпей, қаржы жинап, тапқан табысты кәсіпті дамытуға бағыттау маңызды. Сондай-ақ заңдық тұрғыда тек келісімшартпен ғына жұмыс істеу керек. Өйткені қазір алаяқтардың да заманы, жиһазға тапсырыс алып, халықты алдап кететіндер де кездеседі. Сондықтан кәсіпті заңдастырып, өнімді сапа сынағынан өткізіп, адам өміріне қауіпсіз етіп шығару – басты міндетіміз, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі жастардың көбі ауыр жұмыс істегісі келмейді, дайынға үйір. Дегенмен, кәсіпті дұрыс басқару, менеджмент кітаптарын оқу және ең бастысы, өзің білетін, қолыңнан келетін іспен айналысу ғана жетістікке жетелейді. «Көш жүре түзеледі» демекші, қиындықта, дағдарыс та адамды шыңдай түседі.
«Алтын сапаға» қадам
Бүгінде Қазақстанда жиһаз өндірісі өте жоғары деңгейде және қарқынды дамуда. Жергілікті кәсіпкерлер заман талабына сай әлемдік стандарттар үлгісінде өнім дайындауды толық меңгерген. Тұтынушылардың да талғамы мен талабы жоғары. «Сыр жиһазы» да сол талаптан шығу үшін үнемі ізденіс үстінде. Тұтынушы цехқа келіп, жиһаз дизайнына өзгеріс енгізгісі келсе, олардың кез келген тілегі ескеріледі.
Маркетинг пен жарнаманы да қатар дамытып, әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдауды жолға қойған кәсіпорын енді республикалық деңгейге шығуды көздеп отыр.
– Біз облыс көлемінде «Үздік тауар» номинациясын жеңіп алдық. Ендігі мақсатымыз – еліміз бойынша үздіктер қатарынан көріну. Биыл республикалық деңгейдегі ең мәртебелі «Алтын сапа» сыйлығына дайындалуды жоспарлап отырмыз. Цехымыздың көлемі үлкен, техникалық мүмкіндігіміз де жетеді. Тіпті қазір ел бойынша сапалы жиһазбен қамтуға мүмкіндігіміз бар, – дейді кәсіпкер Жібек Қожаметова.
Қорыта айтқанда, «Сыр жиһазы» ЖШС-нің бүгінгі жетістігі – тек бір отбасының ғана емес, отандық өндірісті өрге сүйреп жүрген еңбек адамдарының ортақ жеңісі. Ізденіс бар жерде ілгерілеу, еңбек бар жерде береке бары хақ.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!