Балықшыны балықшы ететін төзім, сабыр екен. Білетіндердің айтуынша, балық түсте «саялап» судың түбінде жатып, жоғары көтерілмейді. Ал азанда өріске шыққан малдай өріп, ойнап, шолпылдап асыр салады. Қармаққа ілінетіні де нағыз сол кез. Құдды бір қысқы қансонар секілді – балықсонар.
Шілде айының екінші жексенбісі – елімізде балық шаруашылығы қызметкерлері мен балықшылар күні ретінде кеңінен аталып өтеді. Таңсәріден қармағын сайлап, табиғатпен тіл табысқан, кәсібін нәсіпке айналдырған еңбек адамдарының төл мерекесі. Осы айтулы күнге орай, еліміздің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып отырған Арал-Сырдария бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы мекемесінің тыныс-тіршілігі мен биылғы жетістіктеріне тоқталудың сәті түсіп тұр. Қазіргі таңда аталған мекеме су маржандарын өсіру мен аулау ісінде заманауи технологияларды қолдана отырып, өндіріс көлемін жыл санап арттырып келеді. Мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында өңірдегі балық шаруашылығы жаңа серпін алып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуда. Сыр өңірінде бұл саланың тамырына қан жүгіріп, өңірде балық шаруашылығын өңірлік дамытудың 2030 жылға дейінгі арнайы бағдарламасы қабылданды. Стратегиялық құжат аясында аймақтағы балық өндірісін еселеу, экспорттық әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі реформалар жүзеге асуда. Бағдарлама шеңберінде облыс көлемінде 16 мың тонна тауарлы балық өсіру көлеміне жеткізу межеленген. Бүгінгі күннің өзінде Қызылорда облысында бағдарлама индикаторларын орындауда оң нәтиже жоқ емес. Облыс бойынша бүгінгі күні 98 шаруашылық тауарлы балық өсірумен айналысады. Оның 10-ы тоған шаруашылығы, 84-і көлде-тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 1-уі шабақтық шаруашылық, 3-і тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы жұмыс істейді.
Облыста тауарлы балық өсіру ісі қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақта 1 447 тонна балық өсіріліп, белгіленген жоспар артығымен орындалды. Ал биылғы меже бұдан да жоғары. Бағдарламаға сәйкес, балық өндірісін 2 765 тоннаға жеткізу көзделген. Өңірдің балық шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Қазалы ауданында орналасқан «Аралрыбторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кеңестік кезеңнен қалған тарихи тоған орындарын қайта жаңғырту жобасын қолға алды. Жалпы аумағы 464 гектарды құрайтын бұл шаруашылықтың қазіргі таңда 80 гектары іске қосылып, балық көбейту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ «Тогыс-АралОтын» Арал ауданында өз жұмысын бастады. Кәсіпорын «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды кредиттеу қағидалары шеңберінде несиелендірілді. Нәтижесінде бүгінде 10 гектар тоған іске қосылды. Ал жауапты инспекция қолданыстағы заң талаптары аясында және өз құзыреті шегінде осы инвестициялық жобаларға тұрақты түрде құқықтық әрі әдістемелік сүйемелдеу жұмыстарын атқарып келеді. – Айта кету керек, 2021 жылдан бастап біздің инспекцияның құзыретіне маңызды функция енгізілді. Содан бері атқарылған жұмыстар аз емес. Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы жергілікті су айдындарын аукциондық негізде бекітіп беру конкурстарын өткізіп келеміз. Жергілікті маңызы бар 34 балық шаруашылығы су айдынына конкурс өткізіліп, соның 25-і бойынша жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда облыс бойынша 41 су айдыны резервте тұр. Алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Биылғы жылы 27 көлге конкурс өткізуді жоспарлап отырмыз. Қалған 14 көлдің балық шаруашылығына жарамдылығын жергілікті атқарушы органмен және ғылыми ұйымдармен бірлесе отырып, жан-жақты зерттеудеміз. Бүгінде облыс бойынша балық шаруашылығын жүргізуге толық жарамды 27 резервтік су айдыны бар екенін айта кеткен жөн. Олардың 18-і кәсіпшілік бағытта болса, қалған 9-ы көл-тауарлы шаруашылығын жүргізу мақсатына арналған. Әлеуетті инвесторлар мен кәсіпкерлер конкурс өткізу туралы хабарландыруларды «E-QAZYNA.KZ» мемлекеттік мүлік тізілімінің цифрлық платформасынан, сондай-ақ инспекцияның ресми әлеуметтік желілерінен хабардар болады, – дейді Жанқожа Сапаров Өңірде балық өндірісін еселеумен қатар, су айдындарының экологиялық тазалығын сақтау мәселесі де басты назарда. Ел аймақтарында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізу жоспарланған. – Акция аясында инспекция тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды. Тазалық шараларына жалпы саны 397 адам қатысып, 68 арнайы техника мен 5 шағын көлемді жүзу құралы жұмылдырылды. Нәтижесінде су айдындарынан 10 тонна 25 келіге жуық әртүрлі қоқыс пен суда иесіз қалған 78 дана ау қалдығы шығарылды. Ал жалпы облыс бойынша бұл игі іске 291 тұрғын атсалысып, 50 арнайы техниканың көмегімен 7 тонна 625 келі қоқыс пен 19 дана тастанды ау тазартылды, – деді Жанқожа Рамбердіұлы. Саланың дамуы мен экологиялық тазалықты сақтаумен қатар, су айдындарында заңдылықты қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Биылғы жыл басынан бергі кезеңде инспекция қызметкерлері жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану туралы заңнаманы бұзудың 140 дерегін тіркеді. Оның ішінде қылмыстық құрамы бар 7 іс әшкереленіп, заң шеңберінде шара қолдану үшін тиісті органдарға жолданды. Заң бойынша арнайы лицензия немесе жолдама алмай балық ұстау, суға тоқ жіберу, балықтардың көбею кезіндегі көктемгі тыйымдарды бұзу, сондай-ақ қызыл кітапқа енген Сырдария бекіресі немесе Арал қаязы сияқты қорғаудағы балықтарды заңсыз аулауға тыйым салынған. – Заңсыз балық аулағандарға қатысты 133 әкімшілік хаттама толтырылып, оның ішінде 9 іс сот органдарының қарауына жіберілді. Жыл басынан бері балық аулау ережесін бұзған 124 жеке тұлғаға жалпы көлемі 2 миллион 800 мың теңге айыппұл салынды. Қатаң бақылау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек, – деді Арал-Сырдария бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров. Сыр өңірінде балық қорын сақтау және олардың табиғи көбеюіне жағдай жасау мақсатында жыл сайын арнайы шектеулер мен тыйымдар енгізіледі. Бұл шаралар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 3 наурыздағы №78 бұйрығына сай қатаң қадағалануда. Бекітілген кестеге сәйкес, облысы аумағындағы Сырдария өзенінің сағасынан Түркістан облысының шекарасына дейін – 1 сәуірден 30 мамырға дейін, Кіші Арал теңізі акваториясында – 1 мамырдан 10 маусымға дейін балық аулауға тыйым салынды. Ал облыс шегіндегі басқа да су айдындарында бұл мерзім 20 сәуір мен 10 маусым аралығын қамтыса, Сарышығанақ пен Бутаков шығанақтарында мұз ыдырағаннан бастап 10 маусымға дейін балық аулауға мүлдем рұқсат берілмейді. Бұған қоса, артемияның көбеюі кезеңінде Үлкен Арал теңізінде 1 сәуір мен 31 шілде аралығында артемия жұмыртқаларын жинауға және дайындауға тыйым салынған. Сонымен қатар «тыныштық аймақтарын» құру мақсатында Ақлақ гидроқұрылысжайының төменгі бьефінен бастап Кіші Арал теңізінің сағалық акваториясын қамти отырып, Көкарал бөгетіне дейінгі аумақта жыл бойы балық аулауға тыйым енгізілгенін әрбір кәсіпкер мен балықшы қатаң ескеруі қажет.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!