Туризм – аймақтардың дамуына серпін беретін сала. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы ұлттық құрылтайда айтқан сөзі. Ел әлеуетін көтеретін саланы дамыту әрдайым басты назарда болуы тиіс. Туризмді дамытуға мүмкіндік көп. Ел ішінде туристерді таңғалдыратын орындар, саяхаттайтын жерлер аз емес. Дегенмен туризмнің жандануына кедергілер бар екені белгілі. Инфрақұрылым, байланыс қызметі әлі де жақсартуды қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда, туризмді дамытуға жаңаша көзқарастың қажет екені. Яғни кенжелеп қалған сала уақыт талабына сай дамуы қажет.
Осы аптада өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттер шеңберінде туристік саланы дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, салада шешімін таппаған мәселелер бар. Атап айтқанда, цифрлық деректердің бірыңғай базасының болмауы, тиімсіз қолдау және заңсыз туристік қызмет көрсету жайын жолға қою керек.
– Мәселелерді шешу үшін туризм және спорт министрлігі цифрлық платформаны әзірлеуде. Ол процестерді автоматтандырады және шешім қабылдауда адам факторының әсерін азайтады. Сондай-ақ туроператорлардың бірыңғай цифрлық тізілімі құрылады. Бұл азаматтарға саяхатты сатып алудан бұрын қызметтердің заңдылығын тексеруге мүмкіндік береді, – деді министр Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, Президенттің тапсырмасын орындау аясында еліміздің үш негізгі туристік өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Ол тұрақты ұялы байланыс пен интернетті қамтамасыз етуді, жаңа Wi-Fi нүктелерін орнатуды, антенна-діңгек құрылыстарын салуды және талшықты-оптикалық желілерге қосылуды қамтиды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, туризмді дамыту әлеуеті еліміздің барлық өңірінде мүмкіндік бар. Дегенмен түйіні шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Осыған байланысты саланы әрі қарай дамыту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатқанын және тиісті заң жобасы қазір Мәжілісте қаралып жатқанын айтты.
Негізгі бастамалардың бірі – әкімдіктерге ұлттық парктер аумағын қоса алғанда, елді мекендерден тыс жерлерде туристік инфрақұрылым салу бойынша заңнамалық өкілеттіктер беру.
– Туристік дестинацияларда инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленетін болады. Бұл ретте, өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет, – дейді министр.
Алдағы уақытта фермерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысу құқығы берілмек. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
– Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктерде жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұлғайту бойынша заңнамалық жұмыс жүргізілуде. Бұл экотуризмді дамыту үшін инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді, – деді министр Ербол Мырзабосынов.
Туристердің сапарын жеңілдетіп жайлы ету мақсатында шекаралық өткізу пункттерінде ұйымдастырылған туристік топтарға басымдық беру – жасыл дәліз тетігін енгізу көзделуде. Қазіргі уақытта бұл механизм Ресей мен Қырғызстан шекарасында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар экотуризмді ілгерілету мақсатында ұлттық парктерді дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары туристік соқпақтарды негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, 8 сапар-орталығы ашылды. Нәтижесінде ұлттық парктерде экотуристердің тұрақты өсуі байқалуда, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14 ұлттық паркке 2,8 млн адам барып, келушілердің саны 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға өскен.
Сондай-ақ іс-шаралық туризмді дамыту үшін Kazakhstan.travel ұлттық туристік портал базасында бірыңғай іс-шаралар күнтізбесін әзірленуде. Оған туристерді қызықтыратын іс-шаралар кіреді.
Осы және басқа да Үкімет деңгейінде қабылданған шаралар нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша туристік сала тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты. Жалпы, елімізге әртүрлі туристік мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген.
Туристерді тіркеудің тағы бір тәсілі – «eQonaq» ақпараттық жүйесі. Жүйе көші-қон бақылауы және туристер ағымын талдау үшін құрылды. Тағы бір маңызды шара – өткен жылдың соңында Neo Nomad Visa енгізілді. Ол шетелдік азаматтарға Қазақстанда жыл бойы тұруға мүмкіндік береді.
Келесі бір маңызды бағыт – шоппинг туризмі. Tax Free жүйесі туристердің сатып алу белсенділігін ынталандырудың тиімді құралы болып саналады. Бұл жүйе көптеген дамыған елдерде жұмыс істейді. Елімізде 2019 жылы пилоттық режимде Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында енгізілген. Бұл жүйенің көмегімен шетелдік туристерге 4,9 млрд теңгеге тауар сатылған. Орташа сауда 837 мың теңгені құрады. Бұл әлемдегі үздік 10 елдің қатарындағы көрсеткіш.
Саладағы тағы бір мәселе – цифрландыру арқылы гидтердің қызметін реттеу. Қолданыстағы реестр туристерге өзіне қажетті гид табу, оған хабарласу және оның кәсіби біліктілігін тексеру мүмкіндігін шектейді. Сондықтан министрлік тапсырысы бойынша гидтерге арналған бірыңғай цифрлық платформа жасалған.
«E-Гайдс» цифрлық жүйесі аталған мәселелерді шешіп қана қоймай, мамандардың білімін тексеруге, біліктілігін арттыруға және қосымша білім беруге мүмкіндік береді. Тексеруден өткен гидтер бірыңғай стандарттағы бейдж үлгісін алады. Осы бейдж арқылы ресми әрі білікті маманды бейресми қызметкерден ажыратуға болады.
Бір сөзбен айтқанда, туризмді уақыт талабына сай дамыту – өзекті мәселенің бірі. Бұл уақыт көшінен қалмауды талап етеді.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!