Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңбырдан кейінгі қала

30.03.2024

883 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Бірнеше күн қатарынан толассыз жауған нөсер талайды табиғатқа терезеден сығалатып қойды. Төбеден тамған тамшы қарапайым халықты былай қойғанда, қала тіршілігіне де едәуір залалын тигізді. Шаһарда қолданысқа берілгеніне көп бола қоймаған нысандардың өзі сыр берді. Жаяу жүргіншілер жо­лындағы кеспетастар орнынан тайқыды. Тұрғын үйлердің аулаларында су жиналып көл болар сайлар пайда болды. Ол ол ма, қалалық әкімдіктің алдында да мұндай олқылықтар көзге шыққан сүйелдей көрініп қалды. Былайғы жұрт мердігердің шала-шарпы жұмы­сына наразы, ал жауаптылар бар кінәні табиғатқа аударды.

Бүгінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес таби­ғаттың тосын мінезінен зардап шеккен нысандарды қалыпқа келтіру үшін алдымен аралау жұмыстары жүргізілуде. Қала 5 секторға бөлініп, жауапты мамандар жіті бақылауға алған. Жаңбырдан соңғы жағдайдың қаншалықты екені көзге де көрініп тұр. Әйтсе де тасада қалмау керек, олқылық дер кезінде қолға алынса ғана жөнді болары хақ.

– Жауын-шашыннан кейін қала бойынша бірқатар ақаулар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мамандардың айтуынша, екі күн ішінде бір айда жауатын жауын-шашын түскен. Біз бұл аралау барысында Бейбарыс сұлтан көшесіндегі былтыр абаттандыру жүргізілген аумақтарда бірқатар олқылықтарды байқадық. Мердігер мекеменің кепіл мерзіміне сәйкес жұмыс істеледі. Кеспетастардың астындағы құмы сумен шайылып, өздері орнын жоғалтқан. Мұның кепілдік мерзімі бар. Жақын күндері қалыпқа келтіріледі, – дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров.

Мұндай жағдайлар қалалық әкімдіктің алдындағы «Арбат» атанған аумақ, яғни, Ыбырай Жақаев көшесінде де кездесті. Тас төсеніштердің орны опы­рылып, шашылып қалған. Кезінде құмды нығыздау процесі толық атқарылмағаны айқын аңғарылатындай.

– Ыбырай Жақаев көшесінде 2023 жылы қалалық құрылыс бөлімі арқылы ауызсу құбыры жүргізілген. Мұнда да жауын-шашын салдарынан кеспетастар ойнап, орындарынан ауытқыды. Мекеменің келісім­шарты бойынша ойылған жердің барлығы қалыпқа келтіріледі. Бұл келісімшартта көрсетілген, – дейді Д.Бақтияров.

Сонымен қатар жауынды күндері төбеден су там­шылаған көпқабатты тұрғын үйлер де бар. Шатыры көнеріп, су ұстамайтын халге жеткен. Қайта жаңғырту бағдарламасы қарқын алса да жөндеу көрмеген үйлер бар. Бірақ басшы орынбасары мұның барлығы тұрғындардың өз келісіміне сәйкес болуы керегін айтты.

– Мысалы, мұндай үйлер қатарында «Шұғыла» шағын ауданындағы №52 үй бар. Кешегі жауында үйдің төбесінен су ақты. Бұл үй бірнеше жыл қатарынан қайта жаңғыртуға ұсынылған. Бірақ тұрғындар келіспеді.  Тұрғын үй қатынастары туралы заңда айтылғандай, мұны тұрғындар өздері жөндеу керек, – дейді сала өкілі.

Дәл осы күні жаңбырдан соң өзгеріске ұшырап, қалпын жоғалтқан нысандар маңында тас төсеніштері жиналып, қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Ал кейбірі сол үңірейіп, сайға айналған күйі әлі тұр. Сыр берген нысандар қалыпқа келе ме, әлде сол күйі қалып қоя ма, оны уақыт көрсетеді. Дегенмен жауынды екі күн Сыр құрылысының сапасын қолмен қойғандай көрсетіп берді. Оны мойындауымыз керек.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: