Жұма, 26 сәуiр, 12:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кіші Аралға су келді

18.09.2021

1222 0

Биыл Арал ауданындағы құрғақшылықтың салдары тұрғындарға оңайға соқпады. Оның үстіне көктемдегі жауын-шашынның аздығы, күн райының күрт ысуы Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі де ықпал етіп, жағдайды күрделене түсірді. Алайда бұл кеше-бүгін туындаған мәселе емес еді. Соңғы 4 жылда Сырдария өзенінен Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйесіне су келу тоқтаған. Салдарынан көл жүйесіндегі судың жетіспеушілігі жақын маңдағы жайылымдық және шабындық жерлердің жағдайына әсер етті. Осылайша ала жаздай елдің назарын аударған аудан көлеміндегі қуаңшылық пайда болған-тұғын.

Алайда бүгінде бұл олқылықтың орнын толтыру сәтті жүзеге асып келеді. Қазір Аспай су ағытқысын іске қосу арқылы Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесіне су баруда. Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, су ағытқысын қалпына келтіруге «Болат Өтемұратов» қоры қаражат бөлген.

«Шұғыл түрде құрылған жұмыс тобы Қамыстыбас және Ақшатау көлдеріне судың келуін қамтамасыз ету үшін Аспай су ағытқысын қайта құру қажеттігін анықтады. Тексеру жүргізілгеннен кейін ақаулар туралы акт жасалып, «Болат Өтемұратов» қорының уақытылы қаржылық қолдауының арқасында су ағытқысын жөндеу туралы шұғыл шаралар қабылданды. Бүгін жұмыстың нәтижесін көруге болады. Қөлдердегі су деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Су ағытқысына тірелген артық су дария арнасы арқылы Кіші Арал теңізіне құяды», – деп хабарлады Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде көлдерге жалпы ауданы 27 мың га жуық су келіп түсті. Бұл өңірдегі балық шаруашылығын қалпына келтіруге, 7150 га шабындық жерлерді суаруға және жем-шөп дайындауға, 12900 га жайылымдық жерлерге мал жаюға және 115 га егістікке мүмкіндік берді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың шілде айында Қызылорда облысының Арал ауданындағы қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Құрғақшылықтың салдарынан 600-ге жуық мал қырылды.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: