Бейсенбі, 25 сәуiр, 22:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ауылдарда атқарылған да, атқарылатын да іс көп

24.11.2022

533 0

Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменовтың Қазақстан  Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, 2022 жылдың IV тоқсанындағы халықпен кезекті кездесуі Белкөл, Тасбөгет кенттері мен Қызылжарма ауылдық округінен бастау алды. 

​Шаһар басшысы Асылбек Өмірбекұлы алдымен Белкөл кентінің тұрғындарымен кездесті. Жалпы бүгінде Белкөл кентінің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсу қарқыны жоғары деңгейде. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, қоғамдық-саяси ахуал тұрақталып келеді. Елді мекенді бөліп тұрған темір жолдың үстінен жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауыз су мен электр энергиясын жеткізуде де мәселе жоқ. Дегенмен, тұрғындар осы кездесуде әкімнен жаяу жүргіншілер жолын салып беруді сұраған болатын. Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы тұрғындар өтінішінің орындалатындығын айтып, жыл басталысымен әлеуметтік нысандарға баратын көшелердің қос қапталына ұзындығы 1,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолының салынатындығын жеткізді.

​Қала әкімінің халықпен кездесуі Тасбөгет кентінде жалғасты.  Шаһарға іргелес жатқан және қатар дамыған кентте де бірқатар мәселелер жоқ емес. Солардың бірі – емханадағы орын жетіспеушілігі.  Тұрғындар бұл бойынша  тағы бір емхананың қажеттілігін айтып, әкімнен осы мәселенің шешу жолдарын қарастыруды сұраған еді. Шаһар басшысы аталған жағдайға байланысты тиісті орындарға ұсыныс беретіндігін жеткізіп, мәселені жедел шешу үшін барлық жұмыстар жасалатынын айтты.

​Кездесуде сондай-ақ «Сабалақ» саяжайының тұрғыны қаңғыбас иттердің күрт көбейіп кеткендігін айтып, олардың көзін жою бойынша қандай жұмыстардың жасалатындығы сұрады. Бұл мәселеге орай, қала әкімдігі мен облыстық ветеринариялық басқарма бірлесе отырып кешенді жоба әзірлеген еді. Шаһар басшысы алдағы уақытта тиісті шаралардың атқарылатынын айтты. Өз сауалдарына жауап алған тасбөгеттіктер Асылбек Өмірбекұлына ризашылықтарын да білдірді.

​Шаһар басшысы 23 қарашадағы қала халқымен кездесуін Қызылжарма ауылдық округінде  түйіндеді. Соңғы бес жылда бұл елді мекеннің аумағы бірнеше есеге ұлғайып, тұрғындар саны 15 мыңға жеткен. Халық санының артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу секілді мәселелердің маңыздылығы артты. Солардың бірі − мектеп құрылысы. Қажеттілікке орай, Қызылжармадан арнайы орын белгіленіп, келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында игілікті іс бастау алады. Яғни, ауылдың 900 баласына арналған білім ұясының құрылысы жүргізіледі. Тағы бір ауқымды жоба – ауылдағы 35 көше жөнделетін болады. Оған бюджеттен 1 млрд. 600 млн. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, келер жылдың жаз айында ауыл орталығынан  заманауи үлгідегі жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Осылайша елді мекен жаңаша кейіпке енеді. Жағымды жаңалықтарымен бөлісе келген қала әкімі Асылбек Шаменовке тұрғындар алғаусыз алғыстарын жеткізіп, ауылдың ақсақалдары өз батасын берді.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: