Бейсенбі, 25 сәуiр, 16:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бағдарлама игілігі елге жетті ме?

01.12.2020

2406 0

Әкімге алты сауал» айдарының кезекті қонағы – Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Сәкен Нысанұлы. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен кеңінен танымал елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жұмыс жоспары жайлы сұхбат барысында кеңінен айтылды.

– Сынды қалай қабылдайсыз?

– Егер сын әділ болса оны дұрыс қабылдау керек. Себебі ол өзіңнің жұмысыңа тиісті дәрежеде көңіл аударуға қажет нәрсенің бірі деп білемін. Сондықтан да сын арқылы шыңдала түсеміз. Ал әділетсіз сын болып жатса, оны дәлелдеуге тырысамын.

– Биылғы біткен іс?

– Биыл ауылдық округке қарасты үш елді мекеннің ішінде ауыз су мәселесі өзекті болып келген Қараөзек бекетінде жаңадан ауыз су жинау қоймасы мен 7,2 шақырым ауыз су желісі құрылысы жүргізіліп, бұл мәселе толық шешімін тапты.

Өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік аясында құрылысы басталған дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 көше орташа жөндеуден өтіп, 25 ауыл тұрғыны осы жұмысқа тартылды. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен тағы 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалуда.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2 кө­шеге түнгі жарық бағаналары орнатылды.

– Биыл үлгере алмаған ісіңіз?

– Облыс және қала басшылығының қолдауымен ауылымызда биылға жоспарланған жұмыстарымыз толық орындалды. Алдағы жылы да мемлекеттік бағдарламалар аясында қарқынды жұмыс жүр­гізілетін болады.

– Жыл басында өткен есепті кездесуде Айна­көл ауылының тұрғындары «көшелер асфальт­та­лып, түн­гі жарық шамдары орнатылса» деген өті­нішін жет­кізген еді. Мәселе шешімін тапты ма?

– Есепті кездесуде көтерілген мәселе бойынша «Айнакөл-1» көшесіне малта тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, «Айнакөл-2» көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Көшелерге орташа жөндеу жұмысының жобалау құжаттары әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінімдері ұсынылып, алдағы уақытта осы мақсатта қаражат бөлінуіне жұмыс жасалады.

– Шаруаға қолайлы округте ауыл шаруашы­лығына байланысты мемлекеттік бағдарлама қалай жүзеге асуда?

– Ауылдық округте мал шаруашылығын дамыту бағытында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жұмыс жүргізілуде. Атап айтар болсақ 31 млн 900 мың теңгені құрайтын 9 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 14 млн теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылды. Барлығы 45 млн 900 мың теңге несие алынып, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 3 азамат 1 млн 667 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Мал басын асылдандыру бойынша «Сыбаға» бағдарламасы аясында 1 шаруа қожалығы 3 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. 

– Елді мекен тұрғындары өткен жылы «ауылға газ құбыры тартылса, мал азығын дайындайтын цех ашылса» деген ұсыныс айтқан болатын. Осы мақсатта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті есептемелері жасалып жатыр. Жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптама қоры­тындысын алуға облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныс берілді. Қызылөзек ауылдық округін ілеспе газбен қамту алдағы уақыт еншісінде. 

Мал азығын дайындайтын цех, немесе басқа да өндіріс орнын ашатын инвестор тарту және жер учаскесін ұсыну мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілуде. «Қызылөзек ауылдық округінің 2020-2021 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспары құ­рылып, картасы бекітілді. Биыл 3469 гектар жер телімі конкурс арқылы табысталып, жер пайдаланушы кәсіпкерлердің жобалары бойынша ауылға инвестиция салу жоспарланып отыр.

Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: