Жұма, 29 наурыз, 14:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Газдандыру жұмысы қарқынды

01.01.2022

647 0

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев қалаға іргелес жатқан Ақсуат ауылдық округі мен Наурыз шағын ауданын газдандыру жобасындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының барысын көрді.

Қазіргі таңда мердігер мекеме «Әлия-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құбырларды дәнекерлеп, арнайы техникамен жер қазу шараларын атқаруда. Серіктестік мамандарының айтуынша, газ желісін тартуда ешқандай кедергі жоқ, құбырларды жалғау жұмыстарын наурыз айына дейін аяқтауда жоспарлауда. Жоспар бойынша жоғары қысымды «көгілдір отын» шыны зауыты жанындағы газ тарату стансасынан алынады. Екі аралықтағы темір жол, авто жолға және Шіркейлі каналына залал келтірмей құбырларды өткізу үшін озық үлгідегі техниканың көмегімен бұрғылау әдісі қолданылады. Бұл өз кезегінде Ақсуатқа жақын өзге де елді мекендердің халқы еш кедергісіз газ игілігін көруіне ықпал етпек.

Бұған дейін қос ауылды газдандыру жобасының алғашқы кезеңіне республикалық бюджеттен қаралған 500 млн теңгеге құбырлар жеткізу, жер қазу, газ тарату шкафтарының құрылысы жүргізілетіні айтылған еді. Ол үшін газ құбыры жолындағы инженерлік желілер бойынша «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазавтожол» АҚ, «ҚазСуШар» РМК-мен келісім алынған.

Осы тұста айта кету керек, «көгілдір отын» Жақыпбек Махамбетов және Наурыз шағын ауданына Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистралінен тікелей алынады.

Игілікті іске қолдау білдіруге келген ақсуаттық ағайын шаһар басшысымен жүздесті. Кездесуде Ғанибек Қонысбекұлы тұрғындарға газдандыру жобасының жай-жапсарын баяндады. Алдағы уақытта ауыл көшелері қазылып, құбырлар орналастырыла бастайды. Сол кездері қауіпсіздік шараларына ерекше ден қойып, талаптарды сақтау қажет. Ал мердігер мекеме қазылған жерге құбыр қойған соң, қайта көму жұмысын жедел жүргізуді жауапкершілігіне алады.

Көше бойымен жүргізілген газ құбырынан тұрғындар өз есептерінен үйлеріне газ кіргізетіндіктері белгілі. Бұл тұста лицензиясы бар мекемелермен келісім-шартқа отыру керектігі ескертілді. Қала әкімі осындай мәселелер бойынша ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевқа бірқатар міндеттер жүктеп, құрылыс жұмыстарын жүргізгенде барлық қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауды және мердігер мекемеге жұмыстың сапалы әрі жүйелі жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, газдандыру келер жылы толық аяқталады. Оған дейін кезең бойынша ауыл тұрғындары «көгілдір отын» игілігін көреді.

Б.ҚЫЗЫЛБАЙ,

Қорқыт ата университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: