Сенбі, 20 сәуiр, 18:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Көшеттеп еккен күріштің жайы қалай?

27.07.2021

1361 0

– Дәстүрлі әдіспен күріш алқабы 90 күн бойы суда тұрады. Ал жапондық әдіспен көшеттеп күріш егу алғашқы 30 күн арнайы жылыжайларда өсіріледі. Мұнда күніне бір мәрте бүркіп суару әдісі қолданылады. Содан кейін арнайы кассеталарға салынып, топыраққа отырғызылады. Жерді алдымен тегістеп су жіберіледі. Барлығы техника көмегімен жүзеге асады. Мұның қарапайым дәстүрлі күріш егуден артықшылығы қолда­нылатын су мөлшері 25 процентке дейін үнемделеді. Тұқымдардың шығыны 5 есеге азаяды. Керісінше өнімділігі 2 еседен артық мөлшерде. Мәселен, қалыпты жағдайда гектарына өнімнен 50-60 центнер алынса, көшеттеп еккенде 100-120 центнерге дейін өнім алуға мол мүмкіндік бар. Жалпы бұл жоба республикада алғаш рет Қызылордада қолға алынуда. Жапония, Қытай және Корей елдерінің тәжірибелері зерттеліп, өсіруді қолға алдық. ТМД елдерінің ішінде Өзбекстан мемлекеті соңғы 3 жылдан бері осы әдісті қолданып келеді. Қазір су жағдайы белгілі. Жыл сайын су азайып бара жатыр. Келешекте бұл мәселе күрделене беруі ықтимал. Күріш өндірісін бұрынғы қалпында қалдыратын болсақ, бұл саланың жұмысы мүлдем жойылып кетуі мүмкін, – дейді «GoIden Bridge Turan» ЖШС директоры Ғизат Майданұлы.

Су тіршілік көзі екені анық. Алайда суды көп қажет ететін күріштікке су жеткізілмесе бұл жылына 300-400 тонна күріштен айрылуға әкеп соқтырады. 90 мың гектар жер бос қалуы мүмкін. Диқандар да қол қусырып қалуы ықтимал деген болжам бар. Бұл ел экономикасының әлсіреуіне әкеп соқтырады. Сондықтан Сырдариядағы су мөлшері азайғандықтан көшеттеп күріш егу қолға алынып отыр. Бұл қажетті шешім екені даусыз. Екінші жағынан ресурстарды үнемдеуде маңызы зор. Мұны арнайы мамандар да қолдап отыр.

– Бұл елімізде алғаш рет іске асып жатқан жаңа бастама. Биыл қала аумағында ауылшаруашылық құрылымдары бойынша 8835 гектардай жерге дәнді дақылдар егілді. Соның ішінде 4139 гектар жерге күріш дақылы себілді. 175 гектар жерге көшеттеп егу қолға алынды. Су тапшылығына байланысты биыл күріш егуді шаруалар амалсыздан азайтып отыр. Соған қарекет жасап осындай жаңа әдісті қолға алып жатырмыз. Бұл үрдіс біздің өңірде жемісті нәтижесін береді деген сенімдемін, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Абдрасулов.

– Ыбырай Жақаев атындағы «Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ғалымда­рының зерттеу жұмысының нәтижесі негі­зінде көшеттеп күріш егуді бастадық. Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде бұл үрдіс қалыптасқан.  Ғалымдарымыз көшеттеп егу жұмысы нәтижелі болатынын бұған дейін зерттеп анықтаған еді. Дегенмен қаржы тапшылығына байланысты кеш қолға алдық. «GoIden Bridge Turan» ЖШС ұсыныс беріп, Қарауылтөбе ауылы маңынан 300 гектар жер бөлдік. Жапониядан арнайы техникалар алдыртып жұмыс бастадық. Қала ішінде бос тұрған жылыжайға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, күріш көшеттерін отырғыздық. Бір ай сол жерде күтіп, техника күшімен іске асырылды. Дәстүрлі егуде еккен дақылдың 30 проценті өсіп шығатын болса, көшеттеп еккенде оның 100 проценті өсіп шығады. Яғни сепкен дақылдың барлығы өсіп, өнім береді деген сөз. Ең бастысы үлкен үнем, – дейді Ыбырай Жақаев атындағы «Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» директоры, профессор Нұрбол Аппазов.

Р.S. Осылайша күріштің өзбекстандық «Лазурный», «Аланга» және жергілікті «Сыр сұлуы» сорты Сыр топырағына көшеттеп отырғызылды. Қазіргі таңда жайқалып өсіп, дән салуға дайын тұр. Бұйырса күзге қарай мол өнім алу жоспарда бар. Айтпақшы, жоғарыда атап өткен жапон техникасын қазақтың жігіттері меңгеріп алыпты. «Қай істі болсын бастарда соған сеніп, сезіну керек. Сонда одан өнім аласың», – дейді шаруашылық басшысы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: